Фото: ЖИ
Соңғы уақытта балалар мен жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсау оқиғалары туралы ақпарат көбейіп кетті. Әсіресе, «Schoolboy Runaway» мобильді ойынының суицид жасауға ықпалы бар деген әңгіме жиі айтылуда. Осы орайда Ulysmedia.kz. кәсіби маман, дағдарыс психологы Алтыншаш Матаевамен балаға көңіл бөлудің маңызы, баланың интернетте отыруын бақылау, баламен дұрыс қатынас құру туралы аз-кем әңгіме өрбітті.
– Бүгінде баланы гаджеттерден шектеу мүмкін емес десе болады. Онда оның зияны тимес үшін қайтпек керек?
– Бұл жерде біз бала телефонды қанша уақыт пайдаланатынына ден қоюымыз керек. Мен барлық ата-ананың назарын мынандай маңызды мәселеге аударғым келеді: ол – баланың жеке тұлға болып қалыптасуы. Жеке тұлға болып қалыптасу үшін белгілі бір құндылықтар қажет. Отбасында қандай құндылықтар болуы тиіс? Ең алдымен, әрине, отбасы мүшелері бір-бірін сыйлауы керек, бір-біріне деген сүйіспеншілік таныту, қандай жағдайда да қолдау көрсету, бір-біріне көңіл бөлу сияқты біз кейде түбіне үңіліп, мән бермейтін қарапайым дүниелер болуы тиіс. Егер бұл құндылықтар отбасында болса, соның арқасында бала өзін жеке тұлға ретінде, осы отбасының мүшесі ретінде және сәйкесінше өз елінің азаматы ретінде сезіне алады.
Өкінішке қарай, бүгінде осы құндылықтар бұзылуда. Бұл тек біздің елде ғана емес, әлемде бар өзекті мәселе. Ата-аналар балаға тәрбие беруге емес, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге жанталасуда. Таңда кетіп, кешке келіп, үйдің шаруасы, тағы басқа толып жатқан шаруамен жүрген ата-аналар балаға толыққанды көңіл бөле алмайды. Сондықтан бала гаджеттермен қалады. Міне, мәселе осы жерден туындайды. Бала гаджеттерден не көреді, нені оқиды, қандай ойын ойнайды, оны қадағалап отырған біреу бар ма? Оның дүниетанымы, көзқарасы, тұлға ретінде қалыптасуы гаджеттер негізінде жүзеге асып жатыр.
– Өзіңіз айтқан құндылықтар отбасында жоқ болып, бала негізінен гаджетпен отырады делік, онда оның салдары қандай болады?
– Мәселен, бала әке-шешесінің бір-біріне деген сыйластығын көріп өспесе, керісінше, гаджеттер арқылы қорқытып-үркіту, қоқан-лоққы жасау арқылы үстемдік ету туралы көріп жүрсе, онда ол бала буллинг жасауға, әлі жеткенге күш көрсетуге бейім тұрады. Махаббат дегеннің қаншалықты шынайы болатынын білмесе, оны балаға ешкім көрсете алмаса, ол бір сәттік дүниені махаббат деп, құмарлықты ғашықтық деп қабылдайды. Өйткені оған оны айтып, көрсетіп беретін жанашыр болған жоқ. Мұндай жағдайда танымайтын біреумен некесіз жыныстық қатынасқа түсу ол үшін қалыпты дүние болуы әбден мүмкін.
– Баланы гаджет ішіндегі қызылды-жасылды әлемнен қалай алып шыға аламыз?
– Әуелі баланың гаджеттен не көретінін, қандай контентті жиі қарайтынын қадағалау керек. Бірақ сонымен бірге оған қандай дүниелерді қарауға болатыны туралы да айтып отырған жөн. Баламен әңгімелесу керек. «Мен бәрін қадағалаймын, біліп отырмын» деген мәнде емес. Оның интернетте ұзақ отыруын азайту оңай болмайды. Егер ата-ана осыған дейін оған басын ауыртпай, кенеттен телефоннан не қарап жүрсің деп қадағалай бастаса, балада агрессия, ашу тууы мүмкін. Себебі сен оның кеңістігіне кіріп отырсың. Бала әке-шешесіне қарсы шығады, бұған дейін керемет қарым-қатынас болмаған ата-ана мен бала арасы осыдан кейін шытынай бастайды. Егер балада ата-анаға деген сыйластық, сенім болса, ол талапты дұрыс қабылдайды. Ал егер ол болмаса, онда баланың ішкі қарсылығы пайда болады. Ішкі қарсылық бүгін болмаса, ертең бір жерден шығады. Ол оны іштей жегідей жейді. Бұл депрессияның алғашқы кезеңдері. Мүмкін, суицидтің де алғашқы кезеңі болуы мүмкін.
– Жағдай осыған дейін ушыққанын, баланың депрессияда, суицид алдында жүргенін ана-ана қалай біле алады?
– Жалғыздық, үнемі жалғыз қалуға тырысу, бала өз бөлмесінен шықпай, оңаша қалғанды қалайды. Ешкіммен сөйлеспейді, ата-анасымен де сөйлеспей кетеді, сыныптастарымен де, достарымен де сөйлеспейді, тұйықталып қалады. Екінші жағдай – бала өз-өзіне қарамайды, ол үшін айналасында не болып жатқаны бәрібір, ешкіммен сөйлеспейді, жақ ашпайды. Мұның барлығы жалғыздықтан келіп шығады. Егер жасөспірім балаңыз, 11-12 жасында ешкіммен достаспаса, аулаға шығып ойнамаса, бөлек жүруді қаласа, ол тұйықталып қалады. Бұл жерде баланың досы не құрбы-құрдасы болуы маңызды. Ол ешкімге айта алмаған сырын, ішкі жан-дүниесін соған ақтарып, жеңілдейді. Ата-анасына айта алмайтыны – олар түсінбейді. Ол «мені ешкім түсінбейді» деп ойлауы да мүмкін. Ашылып сөйлесер бір адам болмаса, қиын. Өйткені бұл – жаңа сіз айтып отырған алғашқы белгі, бірінші сигнал.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!