5094 жасөспірім жасынан бұрын ана атанды. Бұл – 2023 жылы тіркелген дерек. 15 жастағы қаршадай қыздың партада емес, перзентханада жүргені бұрын құлаққа түрпідей тиетін. Ал қазір мұндай жайтқа таңданатындар азайған. Өйткені кейінгі бес жылда 15-18 жас аралығындағы туу көрсеткіш 1,5 есе өскен. Өкініштісі, күнтізбе өзгерсе де, көрсеткіш өзгермей тұр. Қолындағы қуыршағын бөбекке алмастырғандар неге көбейді? Мәселе анық. Ал себебі мен салдарына үңілу қажет. Қарастырайық.
Қазақ үшін қыз бала – бір әулеттің емес, бүтін елдің аманаты. «Қыз өссе – елдің көркі» деген тәмсіл де бекер айтылмаған. Ертеден бастап қыз бала ерекше тәрбиеленіп, нәзіктіктен бөлек, парасат пен пайым да қатар жүктелген. Себебі ол – болашақ ана, ұрпақ тәрбиелеуші, шаңырақтың шырақшысы. Ал абыройы отбасының, тіпті әулеттің абыройымен тең саналған. Бүгінде көбі жақтырмайтын «Қызға қырық үйден тыйым» деп басталатын ұғым шектеу емес, керісінше қорғау еді. Томирис пен Домалақ ана, Бегім мен Бопай ханым барлығы қазақ әйелінің ұлт алдындағы ж а у а п к е р ш і л і г і н айқындайтын тұлғалар. Ал бүгін ше? Бүгінгі қыз – кешегі қазақ қызынан бөтен болмау тиіс. Заманы басқа, талабы бөлек болғанымен, бұрымдының қадірі сол қалпы қалу керек.
Дерекке сүйенсек, балалардың балалы болуы пандемия кезінде күрт өскен. Ендеше жағдайды санмен сипаттайық. 2020 жылы жеті мыңға жуық жасөспірім жүктілік бойынша тіркеуге алынып, мыңнан астамы жасанды түсік жасатқан. Оның ішінде 5639-ы ана атанды. Мұның өзі адам шошырлық. Дегенмен сол уақытта Денсаулық сақтау министрлігі кәмелет жасқа толмағандардың ерте жаста жүкті болуы 2019 жылмен салыстырғанда едәуір азайғанын хабарлады. Ал азаймағаны қанша?
6-8 жыл бұрын Бахтияр Мәкен, Сәуле Айтпаева сынды депутаттар жаңа туылған сәбиді әжетханада тастап кету, 30 мыңнан астам бұрымдының жүкті болуы туралы айтып, дабыл қаққан еді. Сол кездің өзінде біздегі көрсеткіш Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда үш есе жоғары болған. Сонымен қатар Қазақстанда жасөспірім кездегі жүктілік, түсік тастау, кәмелетке жетпей ана атанудың алдын алуға бағытталған тиімді бағдарламаның жоқ екені айтылған еді. Ал қазіргі ресми дерекке сүйенсек, 5 жылда ерте жүктілік 43%-ға азайған. Былтыр 15-17 жастағы жасөспірімнің жүктілік және босану жағдайы 2023 жылмен салыстырғанда 10,2%-ға төмендеген. Сондайақ жыныстық қатынасқа ерте түскен қыздардың арасында аборт саны 13,4%-ға азайған. Пандемия уақытындағы сандарға қарағанда азайды, рас. Десе де арқаны кеңге салуға тым ерте.
Мысалы, сенатор Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында бұрымдылардың мәселесін көтерді.
– Әрбір жүктілік бала тууға әкелмейтінін назарға алсақ, жүктілік жағдайы біз келтірген деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін аңғарамыз. Былтыр жасөспірімдер арасында жүктілік жағдайының 10,2%-ға төмендегені байқалады. Дегенмен уәкілетті орган жүктіліктің әрбір жағдайын тіркемейтінін есте ұстаған жөн. Сондықтан деректің дұрыс есептелмеуінен де осындай динамика қалыптасуы мүмкін. Ауылдық жердегі жасөспірімдер арасында аталған көрсеткіш қаладағы көрсеткіштен екі есе көп. Біз қайда бара жатырмыз? Ұят деген ұғымның өлгені ме? Адамдықты надандық жеңгені ме? Бұл бірліекілі жағдай болса бір жөн. Елдегі жеті өңірде, әсіресе, оңтүстік және батыс аймақтарда жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары. Оның ішінде, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарындағы дерек ерекше алаңдатады, – деді депутат.
Былтыр жыныстық сауаттылық мәселесіне қатысты өткен форумда акушер-гинеколог Айжан Төреханова да жүкті қыздар көбіне Түркістан, Маңғыстау мен Алматы облыстарында тіркелгенін айтқан еді.
Ал Қызылордада жағдай қандай? 1-тоқсандағы ақпаратқа сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда ерте жүктілік 24%-ға төмендеген. Көбіне мұндай жағдай 16 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерде кездеседі. Ал кейінгі екі жылда ерте жүктілік 16%-ға артқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауабында медициналық көрсеткіш бойынша жүктілікті тоқтату мен баладан бас тарту дерегі тіркелмегені айтылған. Ал жас ананың барлығы отбасылы.
Ал ерте жүктілік пен түсік жас ағза үшін қаншалықты қауіпті? Бұл сауалға жауап алу үшін Жастар денсаулығы орталығының гинеколог маманы Айгерім Идирисовамен байланыстық.
– Жасөспірімнің шалыс қадамының артында үлкен қатер бар. Жас ана жүктілікті физикалық тұрғыда көтере алмайды. Оның ағзасына екі есе жүк түседі. Оның ішінде анемия, эндокриндік жүйенің бұзылуы, бүйрек аурулары секілді проблемалар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда дені сау баланың дүниеге келуі екіталай. Көп жағдайда босану қиындап, нәресте ауру болып тууы мүмкін. Ал ең қорқыныштысы – жас ананың өлімі. Бұрын ерте жүктілік көбіне тұрмыс деңгейі төмен отбасыларда кездесетін болса, қазір ол әлеуметтік жағдайға қарамай кең таралуда. Себебі кей ата-ана қыз балаға шектен тыс еркіндік береді. Күн ұзақ жұмыста жүріп, баласынан хабарсыз болады. Көп ата-ана баласының жыныстық өміріне араласқысы келмейді. «Интернетте барлық ақпарат бар» деп ойлайды. Бірақ бұл үлкен қателік. Баламен жеке гигиена, репродуктивті денсаулық, ерте жыныстық қатынастың зияны туралы сөйлесу әр ата-ананың міндеті, – деді ол.
Ерте жүктіліктің себебі де әртүрлі. Оның бірі – зорлықзомбылық.
– Жап-жас қыздарды қорлау, тіпті зорлау көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбіне мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалады. Ішінен тынып қыз қалады, ал жүректерде сыз қалады. «Ауруын жасырған өледі» дейді біздің қазақ. Көрсек те көрмеген, білсек те білмеген болып отыра береміз бе? Біз бұл проблемаға айрықша назар аударуымыз қажет. Өйткені оның салдары әлеуметтік тәуекелдерге әкеліп соқтырады. Бұл – өте нәзік әлеуметтік мәселе. Бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық, – дейді Нұртөре Байтілесұлы.
Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, былтыр кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық әрекетінің 225 фактісі тіркелген. Ал оның 215-і сексуалдық сипаттағы жағдай.
Келесі себеп – жастардың білімсіздігінде. Яғни жыныстық сауаттылық төмен. Дегенмен арнайы статистика, «сөйлейтін» сан жоқ. Мамандар жастардың ересектерге еліктеп, жыныстық өмірін ерте бастайтынын айтады. Тіпті қорғану әдістері туралы да білімі аз. Ал жастардың 70%-ы алғашқы жыныстық қатынасқа 15 жасқа дейін түседі. Жыныстық тәрбие бойынша тренер Аслан Темірханның айтуынша, жастардың 91%-ы жыныстық жолмен тарайтын инфекцияларды білмейді, тіпті олардың қалай таралатыны жөнінде бейхабар. Сонымен қатар атаананың жасөспірім баласымен бұл тақырыпта сөйлеспейтінін айтты. Ал бұл ретте, әрине, әлеуметтік желідегі ақпарат жасөспірімге азық болады. Бірақ интернет-ресурс әрқашан дұрыс ақпарат бермейді. Мысалы, жыл басынан бері құқыққа қайшы келетін 5000-нан астам интернет-ресурс анықталса, оның 600-ден астамы порнография таратқан. «Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» халықаралық әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша, сауалнамаға қатысқан 1201 баланың 7,1%ы кейінгі жылдары сексуалдық сипаттағы хабарлама алғанын, 3%-ы сексуалдық сипаттағы фотосуреттері мен бейнежазбалары үшін өздеріне ақша немесе сыйлық ұсынылғанын, 1,8%-ы сексуалдық қатынасқа түсу мақсатында өзгелердің қорқытқанын немесе бопсалағанын, қыздардың 10,1%-ы онлайн таныстарымен жеке кездескенін көрсеткен.
Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ сарапшыларын тарту арқылы 2025 – 2026 жылға арналған жастар денсаулығы орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жол картасын әзірлеп, іске асыруда. Сонымен қатар ЖДО-ға қойылатын талаптарды қайта қарау, қызмет көрсетуінің қолжетімділігін жақсарту бойынша нақты шаралар көзделген. Ал репродуктивті денсаулық бойынша «Өмірге сауалатты қадам» жобасы жүргізілуде. Елде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әлеуметтік қызмет көрсететін 48 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 20 дағдарыс орталығы мемлекеттік секторда. Мұнан бөлек, 103 жастар денсаулығы орталығы бар. Ондағы 700 маман жастар үшін қызмет етеді. Былтыр ЖДО қызметкерлеріне 700 мыңнан астам адам жүгініп, 150 мыңға жуық ақпараттықағарту шара ұйымдастырылған. Дегенмен кездесу өткізу жеткіліксіз.
– Ерте жүктіліктің алдын алу үшін мектепте, колледжде, жалпы оқу орындарында тәрбие сағаттары, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен отбасында да жыныстық тәрбие болу керек. Анасы мен қызы тығыз байланыста болғаны жөн. Қыз баланың жыныстық жетілу кезеңі басталғанда жүктілікке бейімділік те басталатынын, бұл кезеңнің маңызын, ағзаның өзгеруін және жауапкершілік жүгін анасы дұрыс түсіндіруі қажет. Ерте жүктіліктің денсаулыққа зияны мен болашақ өміріне әсерін ашық айту қажет. Сондықтан бұл мәселеде қоғам, мектеп, медицина мамандары мен ата-ана жұмыла әрекет етуі тиіс. Жасөспірімнің болашағы – біздің бүгінгі қамқорлығымызға тікелей байланысты, – деп пікір білдірді гинеколог маман Айгерім Идирисова.
Сонымен қатар депутат Айнұр Арғынбекова арнайы пән енгізу қажет дейді.
– Жалпы білім беретін мектептер мен колледждерде жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы бойынша пән енгізу қажет. Қазіргі оқу бағдарламасында бұл қарастырылмаған. Біз балаларға жас ерекшеліктері мен психологиялық факторларды ескере отырып, нақты әрі дұрыс ақпарат беруіміз керек. Бұл тақырыпта тек қыздар емес, ұлдар туралы да айту маңызды, – деді депутат.
Десе де бұл мәселенің ашық талқыланғанына қарсы ата-ана да бар. Естеріңізде болса, 2 жыл бұрын Жетісу облысына қарасты Текелі қаласындағы №8 мектепте ерте жүктілікке қатысты оқушылар арасында жүргізілген іс-шараға ата-аналар наразылық білдірген еді.
– Мектепте кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның хатшысы мен аурухана психологы 7-9 сынып оқушыларымен кездесті. Қонақтар негізінен буллинг пен кибербуллинг тақырыбын көтеріп, оқушылармен әңгімелескен. Аурухана психологы басқосуды ерте жүктілік тақырыбымен жалғастырған. Содан соң балаларға парақша таратқан. Бірақ онда не жазылғанын мектеп басшылығына таныстырмаған, – деген еді облыстық білім басқармасының басшысы.
Ал ата-аналардың шағымынан кейін Текелі қаласының білім бөлімі арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келеңсіздікке жол берген аурухана психологына көпшіліктен кешірім сұрату жөнінде шешімге келді.
Мақсат – мәселені жазу емес, нәтижеге жету. Ал біз көтеруге, ашып жазуға тырысқан проблема бойынша алдымен нақты статистика жүргізілгені жөн. Тек құрғақ саннан құралған құжат емес, халықаралық ұйымдар, ҚР Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің қатысуымен жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің өсу себептеріне талдау жүргізу қажет. Жыныстық сауаттылық деңгейін арттырып, жастардың санасына репродуктивті денсаулық тақырыбын «құю» керек.
Біз ұятты ұмытқан ұрпақ емес, ұрпағына жауапты ұлт болғымыз келсе күн тәртібіндегі маңызды мәселенің себебі һәм салдарымен күресуіміз керек. Әйтпесе баланың да баласы көбейе бермек.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!