Фото: istockphoto.com/nitrub
Бүгінде істің орайын тапқан адамға айналысатын шаруа көп. Әркім өзінің ыңғайына келетін істен несібесін жейді. Соңғы жылдары жақсы қолға алына бастаған тың кәсіптің бірі – бал арасын бағу. Өңірдің омарташылары жыл сайын тәжірибе жинап, әрі бұл іске айтарлықтай қызығушылық танытып келеді. Нәтижесі де жаман емес. Облыстағы омарташылар жыл сайын тонналап ара балын жинайды.
Қызылорда қаласының тұрғыны Айбек Қалаубаев омарташылық кәсіппен 2019 жылдан бері айналысып келеді. Алғашқыда жақындарынан көріп, қыр-сырын жақсы меңгергесін ол өзі жеке кәсіп ашуға бел буады. Алайда бал арасын қалада өсіру біраз қиындық тудырған іспетті. Сондықтан жаз мезгілінің ортасында омартасын ауылға көшірмекші. Ең қызығы, ол ауылда өз ісімен қатар жаңадан үйренгісі келетіндерге көмектесуге дайын екенін айтты. Себебі оның мақсаты – осынау кәсіпке қазақ жастарын көбірек тарту, оларды тың кәсіпке баулу.
– Шынын айту керек. Қазір бізде омарташылық кәсіп дұрыс дамымай тұр. Әсіресе ауыл-аймақта. Мүмкіндік жетеді. Қазіргі таңда араның ұясын көршілес Ресей мен Өзбекстаннан әкелеміз. Барлық омарташылар бірігіп, сол жақтарға тапсырыс береміз. Әркім қажетінше алады. Себебі ауылшаруашылық кооперативі арқылы субсидия алу ыңғайлы. Бабын білсең, кез келген жерден пайда табуға болады. Былтыр 350 келідей бал алдым. Ал енді жаңадан бал өсірушілерге келсек, олар алдымен жан-жақты танысуы қажет. Жалпы біздің әлеуметтік желіде арнайы тобымыз бар. Сол арқылы бір-бірімізбен хабарласып, балдың және араның бағамдарын бақылап отырамыз. Осыдан бірнеше апта бұрын бал арасына қатысты жан-жақты қамтылған кітап алдырдым. Сондай дүниені жаңадан айналысушылар тауып оқыса… Бұл – отбасылық бизнес. Егер өзің ғана қызығушылық танытып, жолдасың немесе бала қарсы болса, қоя тұрған жөн. Ол кезде шаруаңыз алға басуы қиын. Ара ерекше күтімді қажет ететін болғандықтан отбасылық қолдау болу керек, – дейді кейіпкеріміз.
Кәсіп иесінің айтуынша, ара балының емдік қасиеті мол. Ә дегеннен шешіле сөйлеген кейіпкеріміз ара жайлы сіз бен біз біле бермейтін біраз мағлұмат айтып, тәнті етті. Айбек мырзаның сөзіне сүйенсек, балдың адам денсаулығына пайдасы жетіп артылады. Әсіресе балаларға көмегі көп. Сондықтан кішкентай балаларға араның балын көбірек беру қажет. Бұлай деп айтуымызға да салмақты себеп бар.
Фарида Ертуғанқызы
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!