Қазнет қолданушылары бір-бірін Қытайда Синьхуа ауруханасында 23 адамның өліміне себеп болған N7N90 жаңа вирусы туралы ескертіп жатыр. Хабарламаға сәйкес, қорқынышты аурудың қоздырғышы бананда болады. Stopfake.kz мәліметінше, бұл – Ресей мен Украинада жыл басында тараған ескі фейк.

«Кеше түнде Синьхуа ауруханасында n7n9 вирусын жұқтырған 23 адам қайтыс болды. Ең егдесі 35-те, ең кішісі бір жаста болған, олармен байланыста болған дәрігерлер карантинге жатқызылды. Басты арнаның жаңалықтарында бананды, әсіресе оңтүстіктен әкелінген бананды уақытша алмауды өтінді. Бұл хабарламаны өзіңіз алаңдайтын адамдарға, әсіресе топтық чаттарға жіберіңіз. Өз денсаулығыңыз үшін, таратыңыздар, өтініш. Банан жеуді азайтыңыз! Бірден жіберіңіз, жауап берудің қажеті жоқ, басқа адамдарға да өздеріне қамқор болуға көмектесіңіздер» делінген хабарламада.

Жыл басында Ресей мен Украина қолданушылары осы мәтінді бір-біріне жіберген . Алайда, бұл хабарлама расталмады. Сонымен қатар, N7N90 деген вирус жоқ. Бұл жерде құс тұмауы вирусының штаммы жайлы айтылған болар – H7N9 . Ол ауа тамшы жолдарымен беріледі.

Аурудың қоздырғышы жемістердің ішінде өмір сүре алатындығы және олар арқылы берілетіні туралы мәліметтер жоқ. Құс тұмауының ошақтары 2013 жылы Нидерланд, Италия, Канада, Америка Құрама Штаттары, Мексика және Ұлыбританияда тіркелді. Көп жағдайда инфекция үй құстарынан табылған. Нидерландта бір адам қайтыс болды, басқа жағдайларда ауру конъюнктивит және жоғарғы тыныс жолдарының жеңіл белгілері түрінде өткен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!