Нұр-Сұлтан тұрғыны депозитіндегі ақшасы жоғалып кеткенін айтып, полицияға арызданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қарт адам 2018 жылы депозитке ақша салып, оны ұзақ уақыт пайдаланбаған. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін ақшасын алу үшін банкке келгенде шотына жинаған қаржысының жоқ екенін білген.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Есіл» ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ақшаның жоғалуына банк қызметкерінің қатысы бар екенін анықтады.
“Анықталғанындай, банкир есепшотқа қол жеткізе отырып, жәбірленушінің 6 миллион теңгесін досының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған. Күдікті ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген. Полицейлер бір тәуліктің ішінде қаскүнемді анықтап, ұстады. 23 жастағы күдіктіге қатысты «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда”, – делінген полиция таратқан хабарламада.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуды ескертеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!