Мемлекеттің экономикалық әл-ауқатының көріні­­сі – қазақстандық азаматтардың әлеуметтік жағдайы. Соған орай биыл 3 наурыздан бастап қарызын өтей алмай жүрген жеке тұлғалар «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға сәйкес өтініш бере алады. 3 рәсім арқылы орындалатын заң жеке тұлғаларға қаншалықты тиімді? Банкроттыққа кімдер өтініш бере алады? Нәтиже қалай болмақ?

Қарыз 5 миллионнан
аспау керек
Заңның жай-жапсары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшин баяндады.
– Өздеріңізге белгілі, өткен жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойды. Ол наурыз айында күшіне енетін болады. Аталған заңда 3 түрлі рәсім бекітілген. Атап айтқанда, соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Бірінші, соттан тыс банкроттық – жеке тұлғалардың барлық екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында және коллекторлық агенттіктерінде қарыздары болса ғана жүзеге асырылады. Тиісінше, азаматтар мынадай талаптарды орындауы міндетті. Ең басты шарт – азаматтардың қарызы 1600 АЕК, яғни 5,52 млн теңгеден аспауы тиіс. Екінші, жеке тұлға өз қарызын 12 ай бойы өтемеген болу керек. Сонымен қатар азаматтардың банк және қаржы ұйымдары алдындағы берешектері 5 жыл қатарынан төленбей келсе, негізгі шарттар қолданылмайды. Соттан тыс банкроттық рәсімі «электрондық үкімет» порталында жүргізіледі. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің критерийлерге сәйкестігі мемлекеттік органдардың де­­рек­терімен авто­матты түрде салыстырылатын болады. Жалпы 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен Қазақстан азаматтары аталған декларацияны тапсыруға міндеттелуде, – деді департамент басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшин.

Шетелге шығуға
тыйым салынады
Заң бойынша банкроттығын жариялап, өтініш бергендерге бірқатар тыйымдар салынып, жеке меншігіндегі тұрғын үйі де есепке алынады. Облыстық «Оңалту және банкроттық» бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Жанкелдин: «Сот банкроттығы рәсімі сот тәртібімен шешіледі. Яғни, жеке тұлға осы рәсімді қолдану жөнінде сотқа өтініш беру арқылы жүзеге асыра алады. Бұл рәсімнің шарттары жеке тұлғаның барлық банк, микроқаржы ұйымдары, жеке және заңды тұлғалар алдындағы келісімшарт негізіндегі қарыздары ескеріледі. Өтініш беру барысында жеке тұлғаның атында мүлік анықталған жағдайда, берешектерді өтеу мақсатында мүліктері аукцион арқылы сатуға шығарылады. Егерде жеке тұлғаның жалғыз тұрғын үйі банк кепілінде болса, онда банк аталған мүлікті алып қоюға толық құқылы.
Ал егер жалғыз тұрғын үйі банк кепілінде болмаса, ол өндірілуге жатпайды. Аталған рәсім барысында мүліктерді анықтау және сату, жалпы талдау жұмыстарын жүргізу қаржылық басқарушыға жүктеледі. Сот банкроттық рәсімінің мерзімі – 6 ай. Оны қосымша тағы 6 айға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Осы рәсім бойынша банкроттыққа өтініш бергендер өз меншігіндегі мүлікті иеліктен шығаруға, яғни сатып жіберуге немесе сатып алуға құқығы жоқ. Сонымен қатар шетелге шығуға да тыйым салынады», – дейді.

Қайта қарыз алуға
мүмкіндік бар ма?
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру – тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін (5 жылға дейін) көздейтін рәсім. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленіп, сотта бекітіледі.
Бұл ретте барлық міндеттемелерінің мөлшері өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен ғана сотқа жүгінуге құқылы. Мұның басқа рәсімдерден басты артықшылығы – одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды. Сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдар қолданылмайды. Ал басқа рәсім бойынша берешегін өтеуге қатысып, «банкрот» атанудың салдары қандай? Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкер мыналарды білгені дұрыс:
– 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады (ломбардтардың микрокредиттерін алуды қоспағанда);
– 7 жыл өткен соң ғана банкроттыққа өтінім бере алады;
– рәсімдерге қатысқан тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі.


Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!