АЭС салу – халық пен мемлекет үшін маңызды процесс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен белгіленген республикалық референдумның өтуіне санаулы күндер қалды. Ал кез келген саяси науқанның ажырамас бөлігі – тәуелсіз бақылаушылар. Қазір референдумға байланысты ел бойынша бақылаушылық жасайтын ұйымдар мен бастамашыл топтардың саны артуда. Соның бірі – Қызылорда қаласындағы «Бақылау қырандары» мобильді тобы. Саяси науқандағы бақылаушылардың міндеттері, атқаратын жұмыстары турасында Қызылорда қаласы бойынша «Бақылау қырандары» мобильді тобының кураторы Нұрболат Олегұлымен әңгіме өрбіттік.

– Нұрболат Олегұлы, апта соңында ел үшін маңызды күн өткелі отыр. Бақылаушы ретінде аймақтағы ахуалдың басы-қасында болатындарыңыз белгілі. Жалпы, бақылаушылардың негізгі міндеті қандай болмақ?

– Иә, көпшіліктің талқысына түскен саяси науқан жақындап келеді. Қоғам пікірі әртүрлі. Ал біз тәуелсіз бақылаушы ретінде кезекті референдумда өз жұмысымызды істейміз.

Ал бақылаушының негізгі міндетіне келсек, сайлау процесінде кейбір заң бұзушылықтардың алдын алатын боламыз. Мәселен, бір адам бірнеше рет кіріп дауыс береді немесе бірнеше бланк салады. Осындай сәттерде барлығын назарда ұстап, сайлаудың әділ өтуін қадағалаймыз. Сырт көзге бәрі оңай көрінуі мүмкін. Бірақ, таңнан кешке дейін сол жерде жүрген адам барлығын жіті түсінеді.

– Қазіргі дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Әрбір сайлаудың уақытынан ертерек дайындық жұмыстарын бастап кетеміз. Арнайы іріктелген бақылаушылар күнделікті республика көлеміндегі арнайы тренерлерден онлайн дәріс алады. Одан бөлек, өзіміз де сабақтарымызды үзбей өткізіп отырамыз.

– Қазір қала бойынша қозғалыс құрамында қанша мүше бар?

– Өңір бойынша 200 ден аса адамды оқытып, 107 бақылаушыны іріктедік. Одан бөлек, 3 мобильді куратор, облыс бойынша 1 куратор жұмыс істейді.

– Қоғамдық қозғалысқа бақылаушылар қалай іріктеледі? Кез келген тұрғын өтініш білдіріп, бақылаушы бола ала ма?

– Әрине, кез келген 18 жастан асқан, ҚР азаматы бақылаушы бола алады. Бірақ біз көбіне жастармен жұмыс жасайтын болғандықтан, жастар болашақта саяси науқанда атсалысса, азаматтық қоғамды қалыптастыруда көмектеседі. Ал алдағы референдумға бақылаушылар құрамын осы уақытқа дейін ниет білдірген белсенді жастар арасынан тандадық. Сосын жоғарыда айтып өткендей арнайы оқудан өтеді. Республикалық деңгейдегі тренерлерден дәріс алады. Бір апталық оқу аяқталған соң, іріктеліп алынады.

– Дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары ту- ралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға рұқсат бар ма?

– Рұқсат бар, міндетті түрде. Орталық сайлау комиссиясынан аккредитацияланған ұйым болғандықтан барлық процесске қатысады. Жұмыс барысында хаттамалармен танысады және куәландырылған көшірмелерін алуға рұқсаты бар. Бақылаушылар санау процесіне де қатысады, бірақ тек бақылай алады.

– Бақылаушыларға фото, аудио және бейнежазбалар жасауға бола ма?

– Бақылаушыларға фото, аудио, бейнежазба жасауға болмайды. Әр бақылаушыға біз бақылаушы күнделігін береміз, сол күнделікке өзінің сайлау учаскесіндегі болып жатқан, болған процесті жазып отырады.

– Дауыс берушілер нені ескеруі керек?

– Әрбір дауыс беруші жұрттың сөзіне емес, тек өз еркімен шешім қабылдағаны дұрыс.

– Бақылаушылар референдумды насихаттап, халықты дауыс беруге шақыра ала ма?

– Бақылаушылар бейтарап көзқарасты ұстанады. Яғни ешқандай насихат жүргізбейді. Референдум – мемлекет үшін маңызды мәселені шешердегі халық үніне құлақ аса отырып, шешім қабылдайтын демократиялық тәсіл десек, оның әділ әрі таза өтуіне әрбіріміз мүдделі болуымыз керек. Бұл сайлау Қазақстан қоғамы үшін маңызды мәселе болғандықтан, мұндай сәтте бүк түсіп, үйде жатуға болмайтын шығар деп есептеймін.

– Өзіңіздің АЭС-ке көзқарасыңыз қалай?

– Әрбір адамның жеке позициясы болады ғой. Мен өз позициямды 6 қазан күні бюллетеньде белгілеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!