Фото: ашық дереккөзден

«Бақыт» сөзінің астарында не жатқанын түсіндіру қиын. Бұл дүние – тұрақсыз, уақытша және мәңгілік емес нәрсе. Барлық адам бақытты болуға тырысады, бірақ бұл сезімнің тереңдігін сөзбен сипаттау мүмкін емес. Әр адам үшін бақыт ұғымын түсіну әр түрлі. Бақыт, бұл – сіздің барлық армандарыңыз, ұмтылыстарыңыз бен үміттеріңіз, кенеттен орын алатын тамаша сәттер. Бақыт бізді кез келген уақытта және кез келген жерде өзімен қауыштыруы мүмкін. Ол материалдық құндылықтарда, туған үйдің жайлылығында, жақын адамның өзара қарым-қатынасында көрінуі ғажап емес. Мәселен, аш адам үшін бір тілім нан – бақыт болса, қатты шөл қысқан адамға мұздатылған су – бақыт сыйлайды. Сағынған адамға – туған үй ошағының жылуы, шаршаған жан үшін үйінің жұмсақ төсегі – бақыт. Дегенмен барлық адамның бақыт деп дөп айтатын бір дүниесі бар, ол – деніңнің саулығы, жан-жағыңның амандығы.

Бақытты адамның ішкі дүниетанымы мен қоршаған шындық арасындағы үйлесімділік ретінде де сипаттауға болады. Бақыт көбінесе ұсақ-түйек дүниелерде көрінеді. Мысалы, біреу үшін сықырлаған аязда емін-еркін жүріп, армандау – бір сәттік бақытекенін сезіндірсе, ал теңізді көрмегендер үшін ол жерге бірінші рет бару – бақыт, ал біреу үшін тау шыңын бағындыру бақытқа айналады. Ойшыл Аристотель бақыттың құпиясы адамның өзін өзі тануында жатыр деп сендіреді және оған өзі де сенеді. Шынымен де өзін, мақсатын біліп, әлеуетін ашқан адам ғана өзін сенімді, еркін сезінеді. Шынында да, сүйікті іспен айналысу бізді бақытты етеді.

Бақыт – бұл адамның өмірдегі мақсатына жетуі. Адам алдына мақсат қойғанда, ол бақытты болатын жағдайларды анықтайды. Егер ол осы мақсатқа жетсе, онда ол – бақытты адам. Әркімнің өмірдегі мақсаттары әр түрлі болғандықтан, кейбіреулері бай болғысы келеді, басқалары ғарышқа ұшуды армандайды, ал біреулер өз ісінде кәсіпқой болуды ойлайды. Содан да болар, әркімнің бақыт туралы идеясы әр түрлі.

Бақыт, бұл – адамды өзіне асық ететін дүние. Сол үшін де адам өмір сүреді, соның арқасында ол өзін өзі алға жетелейді, оны жүзеге асыруға сенеді, үміттенеді. Адам кез келген жаста, қандай материалдық жағдайда болсын, бақытты бола алады. Сондықтан да әр сәттің бағалы екенін түсініп, бақытты шақты өзіміз ғана жасай алатынымызды білуіміз шарт.

«Үміт үзбей іздейді олар,
Тыңдап сол бір жаһұтты.
Оны алыстан іздемегін,
Жүректен тап бақытты!», – деген ақиық ақын сөзі – осының дәлелі.

Данияр НАҒЫЗХАН,
С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицей оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!