«Енді не істеймін?!» деді де қолындағы жұлынған шаштарға қарап, көзінен ыстық жас бұрқ етті. Әр маңызды күнде Арунаның жолына осылай кесе көлденең тұратын нәрселер көбейіп кетеді. Сол үшін де өзін «жолы болмайтын бақытсыз» сезінетін. Бүгін осы бір бақытсыз жанның туған күні еді. Тіпті осындай күні өзінің туғанына өкініп, кінәлай бастаған. Оған себеп таң атпай бүкіл жоспарының астан-кестеңінің шығуы.

Таңнан ерте оянған Аруна таңғы шайын көңілді отырып ішті. Бүгінгі күннің қалай өтетінін көз алдына елестетіп, өз-өзіне дән риза. Жылына бір келетін жеке мерекесін достарымен өткізу үшін үйіне қонақ етуді ниет еткен. Әдейі ата-анасы болмайтын күнді таңдап та алған. Алайда оның дамылсыз жымиып күле беруіне себеп ол емес. Шақырған достарының арасында оған ең жақыны, сезімі бөлек бір жанның болуында еді. Оның келетінін ойласа болды жүрегі елжіреп, істегелі тұрған ісін ұмытып кетеді. Осы бір жарқын көңіл-күймен отырды да, туған күніне дайындалуға кірісті. Алдымен, «қыз көркі – шашы» деді де, жуынуға қамданғаны сол еді, судың тоқтап қалғанын байқады. Аруна еш қаймықпастан, дүкеннен су алып, қайната бастады. Кейде өзін «ақылдым» деп еркелетіп те қояды. Шашымен ісі біткен соң үстелге асқа қажетті ыдыстар мен тағамдарды орналастырды. Есіне анасының жаңадан алған тәрелкелері түсіп, алу үшін биік сөреге қолын созды. Қалай екені белгісіз тәрелкелер қолына ілікпей қалды ма, жерге бірінен соң бірі тарс етті де, бөліктер жан-жағына ұша бастады.
Арунаның көзі жасаурады. Алайда көзі кешке ісіп кетпеуі үшін өз-өзін сабырға шақырып, тәрелке сынықтарын жинай бастады. Кешегі өзі дайындаған түрлі тәттілермен үстел үстін жайнатты. Ендігі кезек сырт бейнесінде. Айна алдына анасының бет бояйтын бір сөмке құралдарын әкеліп қойды да, бірінен соң бірін пайдалана бастады. «Болдым» деген соң нәтижесін көруге айнаға қараған. Орнынан атып тұрып, қол жуатын бөлмеге барды да, бетін ысқылап жуа бастады. Ұнамағаны сонша қайтадан боянуға зауқы соқпады. Уақыт та тым аз қалып еді. Іштей ашуға булыға бастады. Кейін киімдерінің арасындағы ең көзтартарлық әсем көйлегін қолына алды. Бұл – анасымен бірге ұзақ іздеп жүріп, әрең таңдап алған киімі болатын. Енді оны үтіктеуге кірісті. Бірақ оның бұраушысы әдеттегіден бөлек күйде тұрғанын байқамап еді. Көйлегіне басқаны сол-ақ екен, білек жеңін толықтай күйдіріп алды. Қолына үтігін ұстағалы күйде сол орнында қатты да қалды. Әрине, бұл Арунаның көңілінің түсуіне үлкен себеп болған. Бірақ сол сәтте анасынан қоңырау түсті. Арғы жақтан: «Қызым, бәрі жақсы ма?» деген дауысты естігенде күшін қайта жиғандай болды. Әлі де бәрінің ойдағыдай екеніне өзін көндірді. Анасымен сөйлесіп болған соң бөлмесінен басқа киімін алып киді. Бұл жолы үтіктемеді. Достарының келуіне уақыт сәл қалыпты. Енді кепкен шашын әдемілеп тарап, бұйралай бастаған. Сол арада телефонына бірінен соң бірі түскен хабарландыруларға көзі түсті. Келген хаттарға жауап бермек болып, телефонын қолына алған. Қалай ұзақ отырып қалғанын байқамады-ау шамасы. Тек күйген иісті сезгеннен кейін ғана шашындағы бұйралағышты тартып қалды. «Енді не істеймін?!» деді де қолындағы жұлынған шаштарға қарап, көзінен ыстық жас бұрқ етті. Бұл жолы өз-өзін ұстай алмады.
Бүгіндікке болған сәтсіздіктері кезек-кезек есіне түсіп, жасын тоқтата алмады. Ішіндегісін шығарып алғаннан кейін, орнынан тұрып, сағатқа қарады. 15 минут. «Үлгеремін» деді де, беті-қолын жуып, түрі мен шашын ретке келтіре бастады. Үй қоңырауы. Достарының келгенін сезді. Қызарған көздерімен есікті ашып еді, орнында қатты да қалды. Бір қолында гүлі, екіншісінде торт ұстаған «достарының ішіндегі ерекшесі» тұр екен. Аруна оны шақырса да, келеді деп ойламаған. Алайда есікті ашқанда, алғаш көргені сол болды. Қалғандары ысқырып, құттықтап, бірінен кейін бірі үйге кіре бастады. Көш соңында қалған жігіт Арунаға қарап тұрып: «Сен боянбасаң да, әдемісің» – деді. Бір ғана сөз Арунаның бүгінгі сәтсіздіктерін ұмыттырды. Ішкі әлемін төңкеріп, жанына жайлылық орнатты. Таңғы күлкісі жүзіне бірден оралды. Бұл оның өміріндегі естен кетпес әрі қайталанбас күні болды. Енді Аруна өзін «жолы болмайтын бақытсыз» сезінбеді.

                                                             Аружан САДЫҚБЕКОВА,

№136 мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!