Өңірде соңғы жылдары суицид оқиғалары жиілеп кетті. Ажырасу бойынша еліміз алғашқылардың бірі екенін де жасыра алмаймыз. Жастарымыз психологиялық жағынан әлсіз дейміз. Алайда бала болашағының іргетасы – отбасыда қаланады.
Осы орайда психолог, блогер Гүлжайна Ғабитқызымен қызылордалық жастарды жиі мазалайтын мәселелер жөнінде әңгімелескен едік.
– Қызылордалықтар жастар психолог маманның көмегіне қаншалықты жиі жүгінеді?
– Жалпы қоғамда қалыптасқан стереотип бойынша, қызылордалықтар әлі күнге дейін психолог десе шошынып қарайды. Психолог пен психотерапевті шатастыруға болмайды. Психологиялық ауытқуы бар адамдар ғана психотерапевтке барып, арнайы әдіс-тәсілдері бойынша емделеді. Ал психолог маманға сау адамдардың өзі 6 ай сайын келіп тұруы тиіс. Жылына бір рет денсаулығын толық тексерістен, тегін диагноздан өткізуге бармайтын, немқұрайлы қарайтын халықпыз ғой. Не үшін 6 ай сайын келіп тұруы керек? Өйткені адамдар эмоциясын шығара алмайды, қанша уақыт, қандай жағдай өтсе де, ішіне жинап жүре береді. Тіпті, кішкентай балаларға дейін бірдеңе айтқысы келеді, бірақ іштей тынып жүре береді. Сыр ашпаудың басты себебі – біреуге айтып қояды деп қорқуында. Өз тәжірибемнен де білемін. Алдыма көмек сұрап келген адамның қай-қайсысы да алдымен «Ешкімге айтып қоймайсыз ба?» деген сұрақ қояды. Белгілі бір қиын жағдайды өткерген адам ай сайын психологтың көмегіне жүгініп, сол ситуациядан шыға алады.
Өткен жылды айтпағанда жыл басынан бері түрлі жастағы ер адамдар әлеуметтік желіде жұмыстың, тіптен, өзімнің жеке парақшама жазып, қабылдауға жазылуда. Жалпы қызылордалық жастардың 40 пайызы ғана өзінің психологиялық жай-күйіне мән беріп, оянып, енді ғана осы жағын қолға ала бастағандай.
– Алдыңызға көмек сұрап келетіндердің көбі қыз балалар ма әлде ұлдар ма?
– Негізінен саны жағынан қыздар көп. Өйткені эмоцияға бейімбіз. Жігіттер іштегі шерін спортпен, жұмыспен шығаратын болса, қыздар айту арқылы шығаруы керек. Бірақ айтатын ешкімі жоқ. Осылайша психологпен сырласады.
Алайда таңғаларлығы – көптен бері маған жігіттер қауымы да көмек сұрап, кеңес алуға, іштегісін шығаруға келеді. Нақты бір жас мөлшерін кесіп айта алмаймын. Жастардан бөлек қызметтегі, орта жастағы ер азаматтар да қабылдауға жазылып жүр. Психолог ретінде «Жастар ресурстық орталығында» қызмет етсем, жеке де қабылдауларым бар. Сонымен қатар жеке «Шеге» терапиясын да жүргіземін. Осы терапия түрін таңдап, шегеге тұру арқылы эмоцияларын шығарып, төзімділігін шыңдап, өзін сынап көрген ер азаматтар қатары артуда.
– Әлеуметтік желіде де белсендісіз. Блог жүргізуді қашан бастадыңыз?
– Арнайы қабылдауға жазылып, алдыңызға келетін жастардың негізгі мәселелері қандай?
– Бірге жұмыс істеу барысында жаныңызға ауыр тиген оқиға болды ма?
– Өзінің нағашы ағасынан жыныстық зорлық көрген ер баланың оқиғасы мен үшін әлі күнге дейін ауыр. Көпке дейін ойымнан кетпеген, қалай көмектессем болады деп кәсіби түрде тереңінен ізденген мәселе болды. Шамамен 20 жастағы ер азамат еді. Түрлі техникаларды қолданып, ішіндегісін шығаруға тырыстым.
Балаларының көзінше күйеуінен таяқ жеп, ажырасу процесінде барлық баласы күйеуінде қалған әйелдің оқиғасы да әлі есімде. Егіл тегіл жылап отырып баяндап, ішіне жиналған эмоцияларын шығарған еді. Ол кісімен де әлі күнге дейін хабарласып, қал-жағдайын біліп тұрамын. Басымнан өткен соң әйелдердің жағдайын түсінемін дедім ғой. Сол үшін де болар жеке қабылдауыма ажырасқан әйелдер жиі жазылады. Жезқазған, Шымкент, Өскемен, Орал сияқты басқа қалалардан қабылдауыма жазылғысы келетіндерге онлайн кездесулер де өткіземін. Яғни, әлеуметтік желіде бейнеқоңырау арқылы тілдесіп, мәселенің шешімін табуға тырысамын. Сонымен қатар Қызылордада әйел адамдармен шағын ретриттер өткізіп жүрмін. Шамамен осы күнге дейін 300 шақты адамды қабылдаппын.
– Өңірде соңғы жылдары суицид оқиғалары көбейіп кетті. Олардың қатарында жасөспірім де бар, отбасылы азаматтар да бар. Себеп неде?
– Суицид жасайтындардың мұндай іске баруына сан түрлі себеп бар. Бірі ойын ойнап, қарызға кіргендіктен, енді бірі жігіті тастап кеткені үшін өзін өлімге қияды. Алайда сыртқы факторлар қандай болса да, кез келген мәселенің ортақ бір негізі бар. Ол – махаббаттың, мейірімнің жетіспеушілігі. Иә, бала кезінде ата-анасының махаббаты жетіспегендер есейгенде соның орнын толтыра алмай, досынан, жігітінен, жарынан сұрап өтеді. Өзіне сенімсіз болады. Өзгелерден үнемі күтумен жүреді. Өйткені ішінде алдымен Жаратушыға, одан соң өзіне деген махаббат жоқ.
Суицид жасаған қыздың анасымен тілдесіп, мәселенің мәніне үңіліп көрдік. Психолог ретінде байқағаным, ол қыздың анасына да махаббат жетпеген. Яғни, өзіне сенімсіз, ата-анасы дұрыс көңіл бөлмеген, олардың мейіріміне қанбаған қыз дәл сондай анадан туады. Алайда менің анам махаббатқа шөлдесе, мен де сондай боп тусам, болашақ қызыма да махаббат бере алмаймын деп отыра бермеймін ғой. Өзімді жақсы көріп үйренемін, қызыма да соны үйретемін. Барлығы тәрбиеден деп қарайтын болсақ, махаббатсыз берілген тәрбие, білім білім емес. Кей ата-аналар ұстаздарды кіналайды. Алайда сіз өзіңіз ата-ана ретінде балаңызға уақыт бөліп, махаббатыңызды көрсетіп, өзін, өмірді қалай жақсы көруді үйрете алмасаңыз, үйінде өз бала-шағасы бар ұстаз мектептегі 20-30 балаға қалай үйретеді? Оның үстіне нарықтық көзқараспен ұғына білсек, мектептегі тәрбие, білім – ұстаздың «жұмысы» ғана. Әрине, олардың еңбегін, балаға беретін білімін жоққа шығарғаным емес, алайда барлығымыз ақша табу үшін жұмыс істейміз.
Сонымен қатар әр буынның өзіндік ерекшелігі бар. 2000 жылдан бері қарай дүниеге келген балалар физикалық ауыр жұмыстарға шыдай бермейді. Оларға эмоция, сезім, бірге уақыт өткізіп, көбірек әңгімелесу керек.
– «Балалық травмалар» қазіргі кезде ата-аналар үшін де, балалар үшін де басты тақырыпқа айналғандай. Жалпы аталған балалық жан жарақаттары шынымен де бар ма?
– Иә, қазіргі балалар да, ата-аналар да ақпарат легінен қалыс қалмай, психологияны да, басқаны да оқып, біліп жүруге тырысады. Псевдопсихологтар мен психологпын деп ат қойып, атақ шығарып алғандар «детская травманы» анаған да, мынаған да таңып, көзге көрінген мәселенің бәрін сол тақырыппен тарқатады. Алайда аталған психологиялық балалық жарақаттар жоқ. Немесе бәрі көзқарасқа байланысты. Сізде таңдау бар. Мәселен, ата-анаңыз ажырасқан болса, сіз қайда барсаңыз да, «менің әке-шешем ажырасқан, менде осындай психологиялық жара бар» деп жылап отырсаңыз болады. Болмаса, мұны құдайдың сізге дайындаған бір ғана сынағы, өмірлік тәжірибе, жетістікке жету жолындағы бір амал деп танысаңыз да өз еркіңіз. Яғни, қай жолды, кім болуды таңдау еркі әрбір адамда бар.
– Махаббат жетіспейтінін атап өттіңіз. Өзімізде жоқ махаббатты қалай қалыптастырамыз? Қайдан табамыз?
– Бұл сұрағыңызға дінді қатыстыра отырып жауап берейін. Әрине, оның психологияға не қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Алайда құдайды тану адамның өзін тануымен қатар жүреді. Өзіне деген махаббат жаратушыға деген махаббатпен бірдей. Ойланып көріңізші, сізді он сегіз мың ғаламда 7 миллиардтан аса адамы бар жер бетінде өзге ешкімге ұқсамайтын мінезбен, түрмен, арман-мақсаттармен жаратты ғой. Екі аяғыңыз әдемі жерлерді бассын, екі көзіңіз жақсыны көрсін, нәзік саусақтарыңыз балаларды құшақтап мейірімге бөленсін, миыңыз адамзатқа пайдалы жаңа дүниелерді ойлап тапсын, ең бастысы, құдайдың көркем жаратылыстарын, табиғаттың таңғажайыбын сезінсін деп осы өмірге жіберді. Осының бәрін біле тұра қалай ғана өмірді, өзіңді жақсы көрмеуге болады?!
Ең алдымен өз өміріңіз, болашағыңыз – өзіңізге аманат. Ал балаларыңыз болса, тым болмағанда олардың өміріне алған жауапкершілігіңізді сезініп, ата-аналық бар мейіріміңізді төгіп, ең қымбат дүние – уақытыңызды, көңіліңізді бөлу керек. Махаббатты жаным, күнім деп бір бірінің бетіне қарап отыру деп ойлаймыз. Бізді жақсы көрсе екен дейміз. Алайда шынайы махаббат ол – қайтарымына ештеңе күтпестен біреуге жақсылық жасау, бақытыңмен бөлісу. Былай қарасақ, махаббат көзбен көріп, қолмен ұстайтын материалдық дүние емес. Иллюзия ғой. Оны сезіну керек.
– Дін мен психология бір бірімен байланысып жатқан нәзік дүниелер. Адамдар жиі айтатын, керек кезінде ақталып алатын «тағдыр» деген түсінікке қатысты мынадай сұрақ туындайды. Маңдайға жазғаны, тағдыры деп жатамыз. Сонда тағдырда таңдау жоқ па?
– Тағдырда таңдау бар. Бір ғана мысалмен жеткізсем. Сіз отырған бөлменің есігі қатты жабылып қалды делік. Мүлдем ашылмайды. Не істейсіз? «Есікті аш» деп ұрып, айқайлай бересіз бе? Алайда есіктен бөлек мұнда терезе де бар ғой. Біз керісінше, сол есікке қайта-қайта бара береміз.
Өзім де осындай жайтты бастан өткердім. Ажырастым. Менің де қайғырып, ажырастым, мені тастап кетті деп бүкіл әлемге шағымданып не жылап жата беруіме болар еді. Тағдыр деп ақталсам болар еді. Әрине, оңай емес. Саналы түрде таңдап, сүйіп үйленген адаммен екі жаққа кету қиынның қиыны. Мен не істедім? Алдымен осы сынақты қабылдадым. Иә, ажырасқанымды мойындадым. Біздің қоғамда «ажырасу» аты жаман ауру сияқты естіледі. Ажырасу деген күнә, олай етуге болмайды,ұят! Бірақ дін жағынан қарасақ, құдайдың қалауынсыз жапырақ та жерге түспейді. Демек әрбір сынақ – бізге өмірлік тәжірибе, сабақ, өсуімізге, дамуымызға арналған баспалдақ. Бұл жағдай неге орын алып жатыр? Не үшін менің басыма түсті? Осы сұрақтардың жауабын ойланып көрсеңіз, шешім табылады. Өзім неліктен мұндай жағдайдың орын алғанын түсіндім. Егер ажырасуды, одан кейінгі стрессті, адамдармен қарым-қатынас, бала тәрбиесі, осының бәрін өз көзіммен көріп, жүрегіммен сезінбесем, қанша дипломы бар психолог болсам да, кәсіби білікті маман ретінде ажырасқан әйелдерге, жалпы қыз-келіншектерге көмектесе алмас едім. Жай ғана сөзбен мотивация беретін екінің бірі болар ма едім, кім білсін?!
– Бұрын қыздардың «бір сиыры бар екен» деп күйеуге шығып кеткенін талай әзіл-шыны аралас әңгімелерден естіп жүрміз. Шынымен де бұрын қазақ әйелі баласын тәрбиелеп, үйде отыратын болса, қазір қаржылық жағынан еріне тәуелсіз, тұлға ретінде даму арқылы тең түсіп, патриархатты көзқарасты бұзып келеді. Тіпті, қыздарымыз ерлерден де мықты боп бара жатқандай…
– «Қыз қылығымен тәтті» дейді бабаларымыз. Шын мәнінде әйелдің болмысы нәзіктік. Яғни, отбасыға, балаларға жауапкершілікті өзімізге артып аламыз да, осылайша ер адамдарды басып тастаймыз. Психолог ретінде айтар болсам, қыздарға энергия, ал ер кісілерге күш керек. Әйел адамда энергия болмаса, ер адамдарда шешім шығарып, тәуекел ететін, материалдық не басқа да мақсаттарға қол жеткізетін күш болмайды. Күш дегеніміз – ақша, карьера, даму.
Әйелдік болмысымызды жоғалтып барамыз. Еркелік, нәзіктік жетіспейді. Ерке болу деген дамымай, тұлға ретінде өзіңді танымай, әдемі болып, тек қана үйде отыру деген сөз емес. Өзіңнің кім екеніңді, не қалайтыныңды, арман-мақсаттарыңды тани біл. Алайда материалдық дүниенің артынан қуып, отбасыны да, дамуды да, өзіңе деген махаббатты да ұмытып, бір жағына қарай батып кетуге болмайды. Екі жақтан да тепе-теңдік керек. Әрине, оны сақтап өмір сүру оңай емес. Тепе-теңдікті сақтай білу үшін үнемі өзімізге сұрақ қойып отыруымыз қажет. «Мен кіммін? Не істеп жүрмін?» деп бір сәтке әйел екенімізді еске түсірмесек, жауапкершілікті өзімізге алып қоя береміз. Ал жалғызбасты аналардың жауапкершілік алып, мықты болмауына қақы жоқ. Біз бір нәрсені ұмытып кетеміз. Күйеуімізді не балаларымызды меншіктеп алғымыз келеді. Алайда ешкім ешкімге тиесілі емес. Бәріміз уақытша, жаратушының туындысымыз. Осыдан бастап тепе-теңдік бұзылады. Ал кім екенімізді, уақытша екенімізді еске алсақ, бар махаббатымызды беріп қалуға асығар едік.
– Сұқбат үшін рақмет!
Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!