«Бақыт деген сонымен не болды?» деп мен біраз ойландым. Бұған себеп «Ертегісіз өткен балалық» шығармасы. Иә, бәлкім, сіз балалықтың дәмі дегенде тіл үйірер тәттіні, бауырларыңмен істеген бұзықтық пен анаң асқа шақырған шуақты сәтті елестетесіз. Біздің кейіпкерлерімізде де дәл солай. Бірақ олардың оқиғасы өзгеше.
Балалар үйі. Бұл сөздің өзінде қаншама зіл, қаншама мұң жатыр десеңізші. Ата- ананың ыстық құшағынан, мейірімінен еріксіз айрылған бүлдіршіндер мекені. Осы суық түсті қабырғалар арасындағы жалғыз жұбаныш – ананың нәзік дауысы жазылған ескі таспа еді. Оқиға дәл осы дүниелердің ұштасуымен басталады. Ойлаңызшы, кішкентайыңнан бағып-қағып өсірген аяулы анаңның соңғы демінен кейін бауырларыңмен бірге балалар үйіне баруға тура келді. Ешкім енді сені «құлыным» деп еркелетпейді. Сол дауысты естігенде кішкентай жүректер лүп-лүп етіп кеуделеріне сыймай кетеді. Бірақ мұнда да өмір қалпы бақытқа толы болмайды. Бұл жерде қатігез тәрбиешілер, ата-ана жылуын көре алмаған, махаббаттың не екенін білмейтін, аузынан бірінші болып азу тісі шығып тұратын бұзықтар бар. «Бар бақытым анамның дауысы еді» деп жүргенде бүлдіршіндер жалғыз ғана таспадан, балалықтың ең қымбат естелігінен айырылады. Сондағы ананың қоңыр дауысын сағына, бүлдіршіндердің жаны шырқырап қала берген еді.
Балаларда ерлік, мықтылық туралы ұғым қалыптаспағанда, өз «мықтылығын» әлсізге күш көрсету арқылы дәлелдейді.
Бұзық балалар үшін әлсізді басыну ерлік. Бірақ дәл осы қиындықтар кейіпкерімізді ерте есейтті. Ол енді жай ғана бала емес, ол – қарындастарының қорғанышы. Демек, жылауға да, жасуға да хақы жоқ. Олардан бөлек кетіп, бақытты болуға да мұршасы келмес. Мойнына артылған жауапкершілік қолын байлап қойғандай…
Осы қиындықтарға қарасмастан, кейіпкерлеріміз кішкентай ғана қуаныштан бақытты құрауды үйренді. Есіңізде ме? Мектепте мейрам сайын сыныппен шәй ішіп, үйімізден тәттілер әкелуші едік. Міне, осы бір балалықты қалау кейіпкерлерді әртүрлі бұзықтық жасауға апарады. Сондағысы жай ғана кәмпитке тойып, өзінше мейрам қылу. Қарап тұрсақ, өте қарапайым дүние. Қазір тәттіні кім жемей жатыр? Бірақ балалықтың дәмі осымен-ақ қызық.
Кітапта әрбіріміздің басымыздан өтетін оқиғалар бар. Үлкен ойды кішкентай ғана іспен сипаттаған автордың таңбасы көзге ерекше басылады. Бірде балалардың заты жоғалады. Кім екен деп жүргенде жала үнсіз жүрген бүлдіршінге тағылады. Ол болса өкпесін баса алмай, ормандағы ағашқа бар мұңын айтады. Алыс кетіп несі бар? «Жақын маңда шөп-шебең көп епес пе?» деп отырғанымда балақай ата-анасының ұрысынан кейін бар өкпесін дәл осы ағашқа ақтаратынын, досы атанған тал ерекше қолдау беретінін айтады. «Ұры сонымен кім болды?» десеңіз, ол жаңағы жаланы жауып отырған баланың өзі екен. Қалай, иә? Адам өзгеден кінә іздеймін деп өзінің қатесін байқамайды.
Кітаптан үйренерім көп болды. Өмірдің ағы мен қарасы қатар жүретіні, бумерангтің басқа келері де кітаптың соңында балалардың есейген шағымен байланысты. Өмірдегі ащыны көрмесек, тәттіні білер ме едік? Бәлкім, бұл балалар болашақта нағыз мейірімнің, шынайы қамқорлықтың қадірін өзгелерден артық түсінетін болар. Кітаптың қызық тұстарын оқырман қызығына қалдырдым.Оқимын десеңіз, мархабат!
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
