Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Президент өз сөзінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өтті.
Мұндай шаралар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар соттар мен сот рәсімдері қазіргі заман талабына сай болуға және азаматтарымыздың, бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауға тиіс. Президент мемлекеттің індетке қарамастан, сот жүйесін жаңғыртуды жалғастыра беретінін атап өтті. Енді осы жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жою қажет.
– Жоғарғы сот төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген қауесет тарайды. Осы орайда Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен сот тәжірибесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет. Сондай-ақ ІТ қызметтерінің талдау жасау мүмкіндігін пайдаланған жөн. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға барлық реформаның негізі адам игілігіне бағытталатынын ескертті. Сондықтан сот рәсімдері бәріне түсінікті болуға тиіс. Адам игілігіне бағытталған бұл әдіс биылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін әкімшілік әділет жүйесінің діңгегі болуы керек. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды. Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды.
Президент мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлердің өзара ықпалдастығына қатысты мәселені де қозғады.
– Кәсіпкерлерге орасан зор шығын келтірген мемлекеттік аппарат пен басқа да тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен теңестірілуі керек деп санаймын. Бұл мәселені шұғыл түрде заңнамалық тұрғыдан рәсімдеу қажет, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану мәселесіне де тоқталды.
Сонымен қатар кеңесте Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов сөз сөйледі. Жиын алдында Президентке Жоғарғы соттың өз жұмысында пайдалана бастаған ақпараттық жүйелері мен көрсететін жаңа қызметтері таныстырылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!