Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына 10 жылдық жалақы мөлшерінде материалдық көмек төленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
фото: ru.sputnik.kz
“Аталған шаралардың барлығы ұжымдық шартта көзделген”, – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Комитетінің төрағасы, Қазақстанның Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.
“Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында 2022-2024 жылдарға құрылған. Сол ұжымдық еңбек шарты аясында қаза тапқан азаматтардың отбасына бірқатар жағдай көрсетіледі. Атап айтсақ, 10 жылдық жалақысын төлеп беру сияқты әлеуметтік көмек бар», – деді ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.
Сондай-ақ зардап шеккендердің отбасыларына баспана алып беру мен балаларын оқуға түсуіне жағдай жасау да ұжымдық шарт негізінде жүзеге асады.
«Апаттан зардап шегіп, ауруханада жатқан адамдарға да көмек бар. Бүгінде елімізде азаматтарға денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз болғаны үшін 25 АЕК қана төленеді. Бұл кеншілерге міндетті түрде 100 пайыз төленеді. Олардың толық емделіп шығуына қажетті шығынды компания өз мойнына алады. Жағдайына қарап, егер олар жазылмай мүгедек болса, ұжымдық шарт шеңберінде тиісті әлеуметтік көмек көрсетіледі», – деді ол.
Еске салайық, «Қазақстан» шахтасында өрт кеше сағат 10:05-те тұтанды. Апат кезінде жер астында 227 кенші болған. 222 адам эвакуацияланды, 13-і зардап шекті. Шахтадан үш адамның мәйіті табылды, екі кенші әлі іздестіріліп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!