Фото: sputnik.kz
Өзгенің табалдырығын тоздырып, баспанасыз күйде жүргендер аз емес. Баспана тапшылығы әлеуметтік әлсіреудің алғышарты болып отырғаны да өзекті мәселе.
Оған қоса жалдамалы пәтердің өзі қолжетімсіз болып бара жатқан уақытта үй сатып алу немесе бір жалақымен ипотека алу жолын қарастыру машақат. Көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де үй алу сары уайымға айналды. Биылғы дерекке сүйенсек, 2,5 млн қазақстандықтың басында баспана жоқ.
Мемлекеттік бағдарлама шарты қиын. Мысалы, баспана кезегіне тұрғандарға пәтер тапқан табысына қарай беріледі. Ал қазақстандағы орташа айлық көрсеткіші 250 мыңға жетер-жетпес, ал бұл жалақымен баспаналы болу қиын. Себебі несиенің пайыздық мөлшері алқымнан алып тұр. Жастар жылжымайтын мүлік мәселесіне айрықша мән беріп келетіні де содан Отбасылы болу сияқты құндылықтарды кейінге шегеріп, жанұя құрғандардың ажырасуына пәтердің жоқтығы себеп болып отыр.
Мемлекет жастарға арналған бірнеше бағдарламаны іске қосып, бүгінде жүйелі түрде іске асыруда. Әрине, асығы алшысынан түскендер үшін ол жемісті болса, кейбір ел тұрғындарын бүйідей түйді. Бұл аздай, қаржылық сауат, бағдарлама туралы мағлұмат ақсауда. Тиімді бағдарламаларды кейбірі білмейді, енді бірі жарнаның аз-көптігін ажыратып жатпайды. Ауылдық мекенде тұратын қарапайым халықты осы бағытта ақпараттандыру өзекті. Себебі бағдарламаға ілікпей, сан соғып қалғандар кем емес.
Мәселен, «Отбасы банкі» жастардың баспаналы болуына мүмкіндік беретін ипотекалық бағдарламалар ұсынуда. Атап айтсақ, «Нұрлы жер» – пәтер құрылысын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама. Бастапқы жарна 20%-дан басталады. Ал «Әскери өнім» – әскери қызметкерлерге жеңілдігі бар несиелік бағдарлама болса, «Бақытты отбасыны» – көпбалалы, жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайланған жоба. «Отбасы банкінің» жеке бағдарламасы – «Өз үйім» нарықтағы жаңа салынған үйді арзан бағада қанжығалауға бағытталған. Осы уақытқа дейін аталған банкке үй алу үшін 500 мыңнан астам депозит тіркеліпті.
Айта кетейік, 5 жыл уақытты қамтитын жалға берілетін баспана бағдарламасы да жүзеге асқан болатын. Бұл бағдарламамен 5 жыл аралығында қаражат жинауға мүмкіндік бар. Алайда індеттің уақытына тап келген парықсыз жоспардың межелеген сәті таяп, 5 жыл 5 минуттай зулап келді. Ақша жинап үлгермеген жастар енді не істемек және оларға қандай көмек ұсынылады? Бұл – тек уақыт пәрменіндегі сауал…
Өңірге ойыссақ. Аймақта «Сыр жастары» ипотекалық несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға 18-35 жасқа дейін азаматтар өтінім білдіре алады. Несиелеу мерзімі – 19 жыл, жарна 5%-ды құрайды. Медицина, білім, мәдениет, қаржы, спорт, ЖОО және ҒЗИ, журналистика, әлеуметтік сала мамандары үміткер боа алады. Сондай-ақ Ұлттық холдингтер мен компаниялардың жергілікті филиалдары, екінші деңгейлі банктер, құрылыс, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласының мамандары да өтінім білдіруге құқылы.
«Қызылорданың 85 жылдық мерейтойы аясында облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асатын «Сыр жастары» бағдарламасы кезекке тұрмаған жастар үшін оңтайлы ипотекалық несие болмақ. Бағдарлама қатысушысының жасы 35-тен аспауы шарт және Қызылорда облысында тұрақты тіркеуде болып, жұмыс өтілі 1 жылдан кем болмауы тиіс. Бағдарлама аясында берілетін баспана қаланың сол жағалауында орналасқан 3 бөлмелі жаңа көпқабатты пәтерлерден беріледі деп күтілуде», – деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров.
Жалдамалы пәтер мәселесіне келсек, баға удай. Статистиканы қарасақ, пәтер жалдау құны 21% қымбаттаған. Тәулігіне жалдаған күннің өзінде 13-15 мың теңгені құрайды. Ал ұзақ мерзімге тұрақтаудың бағасы айтпаса да түсінікті. Ол үшін табыс көзі кемінде 200 мың теңгеден көп болуы тиіс, пәтерді паналау үшін айына 100 мыңға таяу қаражат кетеді.
«Пәтер жалдау ауданнан, ауылдан келген студенттер үшін қиын. Сергелдеңге түсіп, кейде азып-тозып та кетеміз. Ал отбасылы жандар туралы ойлаудың өзі қиын. Мен жалдайтын баспананың құны 100 мың теңге. Бұл – коммуналды төлемдерді қоспағандағы шығын.
Студентпін, тұрақты жұмысым жоқ. Ақылы негізде оқимын, ал оқу ақы 500 мың теңгені құрайды. Ата-анама ауыртпалық салғым келмеген соң, анда-санда азын-аулақ табысты киім дүкендерінде модель болып табамын, – дейді қала тұрғыны Ғанат Мақсұт.
Баспанаға кезекке тұрып, айлап-жылдап тосып жүргендер де аз емес. Тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар үшін бұл ауыр соққы. Біреудің босағасын сығалап, мезі еткен уайым межелеген мақсатқа жеткізбей тұр. Әлеуметтік жағдайы қиын жандарға бағдарламалар оңтайлы болса да, кезекке іліге алмай жүргендер саны біршама.
«Кезекке тұрғаныма он екі жылдам астам уақыт өтті. Мен балалар үйінде тәрбиеленген соң үй мәселесі алаңдатпайтын еді. Алайда ол жақтан шыққаныма биыл 4 жылға жуықтады. Сайттағы ақпараттарға сенетін болсақ, жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы жандарға үй 2020 жылы берілген, ал ол адамдар менен кейін үй кезегіне тіркелген. Оған да көндік. Дегенмен арадағы 3 жылда басқа үйлердің қолданысқа берілмеуі қынжылтады. Қаншама рет үй кезегін тексерту үшін, түрлі сауалға жауап алу үшін мамандарға жүгіндім. Кезегім тездетіп келсе екен», – дейді аты-жөнін жарияламауды сұраған қала тұрғыны.
Мемлекет тарапынан халықты баспанамен қамту үшін көп бастама жүзеге асты. Сонымен қатар апатты тұрғын үйлер кезекті модернизациядан өтіп, тұрғындар игілігіне берілуде. Президент бұл түйіткілді мәселені жою үшін тұрғын үй құрылыстарын тежеуге болмайтынын, сапалы және қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді жергілікті әкімдіктер мен Үкіметке тапсырды. Жалдамалы пәтерлерлер инвесторлар үшін жақсы пайда көзі. Дегенмен баспана қолжетімді бағада, қымбат болмауы күн тәртібінен түспесе игі.
P.S. Баспана – бас ауруы. Алайда қол қусырып, бар күшті мемлекетке артып қойып, бейқам өмір кешуге болмайды. Халықтың үкілеп үміт артқан бағдарламалары дұрыс бағытта жүзеге асып, көпшілік игілігіне уақытылы берілсе дейміз.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!