Фото: pixabay.com

Өңірде халық саны артқан сайын, баспанаға деген сұраныс та өсіп келеді. Дегенмен үйі жоқтың, күйі жоқ. Жаңадан отау көтерген әрбір жас отбасының арманы – баспаналы болу.

Баспана іздеудің негізгі көзі «Krisha.kz» қосымшасында Қызылорда қаласы бойынша сатылымда тұрған 2000-ға жуық көп қабатты пәтер мен 1500-ден аса жеке тұрғын үй бар. Бұл көрсеткіш «OLX.kz» қосымшасында 1100-ге жеткен.
Бүгінде облыс бойынша баспанаға мұқтаж 25000-нан аса адам бар екен. Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын үй кезегі жөніндегі ақпаратына сүйенсек, тізім бойынша халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтар саны 4095 адам. Жетім балалар мен атаанасының қамқорлығынсыз қалғандар саны 1406. Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскерилер және сайланбалы қызмет атқаратындар 4095. Жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтардың саны 464-ті құрайды. Бұл тізім бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелгендер, тіркелмегендері қаншама…
Қалада қолданыстағы пәтер бағасы да бұрынғыдан 15,5%-ға қымбаттаған. Нарықтағы жаңа үйлердің бағасында 4,4% өсім байқалады. Бір жылда пәтерді жалға беру құны 17%-ға артқан. Қала бойынша ұзақ мерзімге жалға берілетін пәтерлер саны 30 мыңнан асады. Жалдамалы пәтерлер бағасы ең арзаны 70 мың теңге мен 350 мың теңге аралығында. Былай қарасаңыз, Қазақстандағы ірі мегаполистермен шамаласады. Жалдамалы пәтер бағасындағы өсім баспана жетіспеушілігінің дәлелі. Баспанасы жоқ жандар жалдамалы пәтердің есігін қағуға мәжбүр.
Ай сайын қыруар қаржыны бөтеннің қалтасына салып бергеннен, ипотекалық жолмен үй алған дұрыс дейтіндер аз емес. Осы ұстанымдағылар ай сайынғы жалақыдан депозитке ақшасын жинақтайды. Халық пайыздық мөлшерлемесі төмен, төлем жағынан қалтасына тиімді тұсын ойлайтыны рас. Сондықтан «7-20-25» секілді тиімді бағдарламалар қажет. Бірақ бұл бағдарламаның келмеске кеткені барлығына белгілі.
Осы орайда 2024 жылы «9-20-25» жаңа ипотекасының 1 наурызда іске қосылатыны хабарланған болатын. Нақты ақпараттарға сүйенсек, бағдарлама жыл сайын 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ете алады. Қазір жаңа бағдарламаны «Отбасы банк» пен «Бәйтерек» холдингі бірлесе әзірлеп жатыр. Аты айтып тұрғандай, бағдарламада 20 пайыз бастапқы жарна салып, 9 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға дейін баспана несиесін рәсімдеуге болады. Бағларламаға соңғы 5 жылда үйсіз жүрген жас отбасылар қатыса алады. Оған қоса жұмыс істейтін жас отбасыларға басымдық берілетіндігі айтылған. Жас отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жағдай жасағаны көңіл қуантарлық.
Осы орайда үй алуға арналған бағдарламаларға тоқталсақ. «Жастарға арналған тұрғын үй» бағдарламасы Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау Абай, Ұлытау және Павлодар облыстарын қамтиды. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Отбасындағы ерлі-зайыптының біреуі ғана қатысады. Өтінім берген кезде қатысушының ресми жұмыс өтілі 6 айдан 12 айға дейін болуы қажет. Сонымен қатар соңғы 5 жыл ішінде қатысушының меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Банк тұрғын үй құнына емес, тек несие сомасына шектеу қояды. Аймаққа байланысты ол 10 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейінгі аралықта өзгереді. Егер таңдалған мүлік қымбатырақ болса, онда бағдарламаға қатысушылар қарыз сомасы мен тұрғын үй бағасы арасындағы айырмашылықты өзі төлейді. Жастар бағдарламасы бойынша бастапқы жарна – 10%, ал пайыздық жылдық мөлшерлеме 5%. Ипотеканың максималды мерзімі – 19 жылға дейін.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие беруді көздейді. Қарыздың ең жоғары сомасы – 1500 АЕК-ке дейін. Несие бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде ауылдарда көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған. Бұл бағдарламаға кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. Ең бастысы, дипломы бар және бірқатар мамандық бойынша жұмыс істеуі қажет. Яғни білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері. Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қала әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтардан талап етілетін қызметкерлердің тізімін жасайды және сол тізім шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Займ (қарыз) – маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Несиенің максималды мерзімі – 15 жылға созылады. Шарт бойынша жобаға қатысушы ауылдық жерлерде мамандық бойынша 3 жыл жұмыс істеуі тиіс.
Мұндай жобалардың көбейіп, қолданысқа енуі көңіл қуантарлық. Ел игілігіне жұмыс істейтін жоба мен бағдарлама саны сапасына сай болса, талай түйткілді мәселе шешімін табары анық.


Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!