“Дипломмен ауылға” мемлекеттік бағдарламасы аясында үй берілетінін жұрттың бәрі жақсы біледі. Бірақ Сыр өңірінде қанша жас бұл бағдарламаның игілігін көріп, баспаналы болды? Олардың баспанасының халі қалай? Осы сұрақтарға тікелей жауап беретін сала таппай, әуре сарсаңға түстік.

“Бұл бағдарлама жастарды қолдау емес, қорлау болды ғой” деген шағыммен келген Талсуат ауылының тұрғыны неге өкпелі? Са­пасыз үйге қалай ұрынып қалды? Сонда мем­лекет адам тұруға жарайтын үйді алуға жет­кі­лікті қаржы бөлмей ме?

Біз Талсуат ауылына бардық, баспананы өз көзімізбен көрдік. Ауыл әкімшілігіне қарама-қарсы екі қабатты үйде жарық жоқ, тұрғындар әлі күнге дейін пеш жағады. Баспалдағы да ағаштан жасалған, ішінің де сиқы мәз емес. Тұрғындардың айтуынша, осы уақытқа дейін үш рет өрт болған. Сондықтан да ипотекасын төлей алмаған. Ал банк кешіктіргені үшін есепшотын бұғаттаған. Егер ол үйде белгілі бір уақыт тұра алмаса, өрттің себебінен үйдің ақысын төлей алмаса, банк несиені уақытша тоқтатпай ма? Заң жүзінде қалай болады? “Үй апатты жағдайда болса да, несиесі төленбегені үшін апатты деп тануға болмайды” деген сөз қаншалықты заңды?! Мәселен, ол үйде тұруға мүмкін болмағандықтан, тұрғындар қаладан қатынап жұмыс істеуге мәжбүр. Сонда тұрмаған үйдің ақысын не себепті төлетіп отыр? Несие 15 жылда жабылады, сонда олар 15 жыл бойы тұрмаса да ипотекасын төлеуге міндетті ме? Бәлкім біз білмейтін басқа да жағдай бар ма? Тұрғындардың пікірін тындадық, көзбен көрдік. Енді “қашан үйдің астында қалып қоямыз?” деген қорқынышпен жүрген төрт бірдей  отба­сында не сарай жоқ, не әжетхана жоқ екен. “Бәрі боладыға” сеніп келген тұрғандар енді ашуға мінді. “Қалалық ауылшаруашылық бөлі­мі бұған қатысты не айтасыздар? Біздің түн ұй­қы­мыз бөлінді, енді кімге барып, кімге жағдай айтатынымды білмейміз” деген тұрғындарға көмектесетін кім бар? Бағдарламаның игілігін көремін деп, қиын жағдайға тап болған жандар енді не істейді?

Майгүл Төленова 2017 жылы Талсуат ауы­лына медбике болып келген. Содан бері тозы­ғы жеткен үйдің кем-кетігін бітеумен әуре.

Майгүл Төленова, Талсуат ауылының тұрғыны:

– Алмаймын дегенде “сіздің шотыңызға ақша  түсіп қойды, үйді аласыз” деп алдырт­ты. Мақұл, жарайды, су, газ кіреді деді. Әлі кірген жоқ. Сарай да, әжетхана да жоқ. Қайта-қайта өрт болды. Оны жөндеуге қыруар ақшам кетті. Сосын да несиесін төлей алма­дым. Мұнда қыста тұру мүмкін емес, ол кезде пәтер жағалаймын.

Гүлфайруз Қыдырбекованың да ипотека тө­леуге қаржысы жетпей, бүгінде барлық есеп-шоты бұғатталған.

Гүлфайруз Қыдырбекова, Талсуат ауы­лы­ның тұрғыны:

– Бағдарлама арқылы осы үйдің бірінші қа­ба­тынан таңдадым. Жұмыстағы таныс кісінің үйі болатын. Айтуынша, бәрі жақсы, бәрі қолайлы.  “Газ да, су да кіріп тұр, әкімші­лікке қарама-қарсы” деді. Шыны керек, қала­ның адамы болмаған соң білмедік. Сөйтіп үй алуға келісім бердік. Үйді алсақ та, тұра алмадық. Жөндеудің өзіне қанша ақшамыз кет­ті. Үй 15 жылға берілген, газға да, суға да жүгірдік.  Үй апатты жағдайда болған  соң су мен газ кіргізуге мүмкіндік жоқ деді. Амал жоқ, қалада пәтерде тұрамыз. Бала күтіміне бай­ла­нысты демалыста болғанда төлей алма­ған­мын. Сөйтсем шотымды бұғаттаған. 800 мың менде қазір қарызда тұр. 800 мың­ды салыңыз, сосын ашамыз дейді. Сосын гра­фик­ке қосамыз дейді. Неге мен 800 мыңды бірден салуым керек? Өзім пәтерде тұрамын. Су кіріп тұрмаған үйде қандай жағдай болады? Өзіңіз елестете беріңіз.

Ләйла Алтай, Қызылорда қалалық ауыл­шаруашылығы бөлімінің маманы:

– 459 күн кешіктіргені үшін құжаттары сотқа кеткен. 2019 жылы соттың шешімі шыққан. Қазіргі кезде сот орындаушылар па­ла­тасы өндіру жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар тиісті сала мамандарының жазбаша жауабы қолымызға тиді. Онда бы­лай деп көрсетілген. “Дипломмен ауылға бағдар­ламасы бойынша тұрғын үй сатып алған аза­матшалар бюджеттік несие Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақ­пан­­дағы №183 қаулысына, Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық Экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрығына және Стандартқа сәйкес толық заңдылықтарын сақтай отырып ұсынылды.

Сәйкесінше, аталған азаматшалармен са­тып алынған жылжымайтын мүліктер (тұрғын үй) өз таңдаулары бойынша ұсынған бағалау актілері негізінде сатып алынған және таңдау құқығы өздерінің құзіретіне берілген. Яғни, тұрғын үйдің жағдайын біле тұра, бағалау акті­лерін жасатып құжаттарды өткізген.

Бұдан бөлек, М.Туленова тарапынан бағ­дар­ламаға сәйкес ұсынылған бюджеттік несие­нің кешіктірілу уақыты 07.10.2019 жылға 459 күнді құрап, несиені төлемей, міндеттерін тиі­сінше орындамауынан және немқұрайлық та­ны­тудан Қазақстан Республикасының АК-нің 272-бабына сәйкес ұсынылған бюджет қара­жатын толық өндіру жөнінде сот шешімі шыққан (заңды күшіне енген).

Сонымен қатар бағдарламаға сәй­кес бюд­жет­тік несие алған маман Г.Баймаханова­ның 01.07.2021 жылға несиесінің кешіктірілу уақыты 1131 күнді құрағандықтан, ҚР «Нотариат тура­лы» заңының 92-1-бабының, 2-тармағының 6-тар­мақшасы негізінде қарызын өндіру үшін атқа­ру жазбасы жасалған.

Жалпы, А.Құнанбаев көшесіндегі №18 екі қабатты тұрғын үй 1967 жылдары салынып, «ҚызылордаГидрогеология» АҚ-ның теңге­рі­мін­де болған. Қабырғалары каркастан тұрғы­зыл­ған, өжіресі жоқ, күрделі немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазіргі уа­қыт­­та жекешелендірілген. 10.03.2021 жылы ауыл­­дық округтегі Жергілікті қоғамдастық жина­лы­сының күн тәртібіне аталған үйге су кіргізу мәселесі шығарылып, шешім қабылданды. Нәтижесінде ауыз су желісін жүргізу бойынша «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалына (директоры А. Есенов) қатынас хат жолданып, мәселе оң шешімін тапты (екі рет барып кездесу өткізілді). Аталғ­ан мекемемен бірлесе отырып жұмыстар жа­салып, 2021 жылғы 8-10 сәуір аралығында тұрғын үйге дейінгі ауыз су желісі тартылды, сондай-ақ пәтерішілік су жүргізу жұмыстары демеуші кәсіпкер есебінен жүргізіліп, толығы­мен аяқталды (3 пәтерге ауыз су жүргізілді). Ауыз су мәселесі шешілгенмен, тағы бір мәселе аталған үйдің подъездіндегі электр тоғының ескіруі. Өрт қаупі жоғары болғандықтан Тас­бөгет аудандық электр торабынан арна­йы мамандар шақыртылып, тұрғындарға түсіндір­ме жұмыстары жүргізілді”, – делінген.

Тұрғындардың мәселесін жан-жақты зерт­теп, қолымыздан қандай көмек келеді деп жол­дарын іздестірдік. Осы орайда заңгердің кеңе­сіне жүгіндік.

Дәулетбек Тұрабаев, заңгер:

– “Дипломмен ауылға” бағдарламасы ар­қы­лы ипотекалық үй алса, ол банкке не­сие­сін төлеп отыруға міндетті. Ол үй са­палы бол­сын, сапасыз болсын. Себебі келісім­шартпен танысып, қол қойды. Мәселен, мен ескі көлікті несиеге алдым. Ол бұзылып қалса да, жүрмей қалса да ақшасын төлеуге міндеттімін. Өйт­кені ол көлікті көріп, келісімшартқа келісіп, қол қойып тұрмын. Бұл да дәл солай. Өрт болған жағдайда, апаттық жағдай орын ал­ған­да суреттерін түсіріп алып, өрт сөндіру қыз­меткерлері берген құжатпен банкке бара­ды. 6 ай немесе 1 жылға дейін тоқтатуға мүмкіндігі бар.

Қандай үйге кірмес бұрын “шарт” болады. Сол кезде келісімшартқа қол қоймауы керек. Тұрғын үйдің жағдайын көргенде бас тартуға тиіс”.

“Бүгінде біздің ұйқымыз тыныш емес, біз тіпті кімге баруды да білмейміз” деген тұрғын­дардың өкпесін кім тарқатады?  Қорқынышпен әр таңын атырып жүрген оларға кім демеу болады? Сұрақ көп. Жауабы біреу: “о баста келісім шартқа қол қоймау керек еді”. Енді осыны жауап деп қабылдап, мәселені басы ашық күйде қалдырсақ, тапқан-таянғанын тіпті өзі тұрып жатпаған ескі үйге төлеп жатқан жастарға обал емес пе? Олардың қазір бір ғана арманы бар: «осы үйді апатты деп танып, бізге бұдан қымбат болса да жақсы үй алуға жәрдемдесетін жан болса, шіркін, несиесін қанша болса да төлеуден қашпас едік». Майгүл мен Гүлфайрузды арманына жеткізетін адам табыла қояр ма екен?!

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА