фото: ашық дереккөзден алынды
«Кімге күлкі, кімге түрпі?» демекші, біреудің жүйкесін жұқартқан пранк өзгеге жай әзіл болса, ал басқасына миллион қаралым әкелетін табыс көзіне айналды.
YouTube, Tiktokпен Instagram-ды ашсаңыз көшеде бөтен адамға кенеттен жабыса кеткен, кафе ішіне жылан тастаған немесе әлдекімді «жерлеуге» апара жатқандардың видеосы қаптап жүр. Мұның барлығы, әрине, әзіл ретінде ұсынылады. Бірақ тап осы әзілдің шегін шегелей алмай қалатынымызды мүлде ойламағанымыз рас.
Мейлі. «Күлгенде тұрған не әбестік бар?» делік. Мәселе де осында болып тұр. Әзілдеймін деп опық жегендердің бірі − ресейлік блогер Виталий Здоровецкий. Пранкер қоғамдық тәртіпті бұзып, жергілікті халықты қорлаған бейнероликтер түсіргені үшін Филиппинде қамауға алынды. Бұған дейін де шудың ортасында жүрген пранкер бірнеше рет футбол алаңына жүгіріп шыққан, Гизадағы пирамидаға заңсыз көтерілген, адамдарды әдейі шошытқан. АҚШ-та да бірнеше рет тұтқындалған. Мұнан бөлек Нью-Йорк полициясы пранкер Кайл Вазкесті тәртіп бұзудың 8 пункті бойынша қамауға алды. Ол қоғамдық орындарға, өзіне, тіпті өзгелерге тамақ шашқан. Ал енді Малайзиядағы «әзілге» тоқталсақ, 23-26 жастағы 3 ер азамат жалған тапанша арқылы желі жұлдызына айналды. Десе де қуанышы ұзаққа созылмай, заң алдында жауап берді. Олардың айтуынша, тек әзіл үшін қолданған-мыс. Жалған тапанша тұрмақ, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған пранкерлер де Малайзиядан шықты. Мұндайда жалған мәлімдеме жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылады.
Міне, оқығаныңыздай әлемде пранктың түрі де оны жасайтындар да көп. Бір қуантарлығы,өзгенің заңы осал емес. Айтпақшы, Виталий Здоровецкий Филиппинде ұсталғанда көші-қон қызметінің изоляторына жеткізілген. Ал ондағы комиссар Джоэль Виадо «Филиппин – әлемнің түпкір-түпкірінен келетін туристерге ашық ел. Бірақ біздің заңымызды менсінбей, қонақжайлығымызды теріс пайдаланғандарға шара қолданылады» деп мәлімдеген еді. Өзге елді өз еліндей көріп жүре беруге болмас. Сөзімізге ресейлік пранкерден бөлек қазақстандық қыздың да оқиғасы дәлел емес пе? «Метродағы пранкер» лақап атымен танымал Аружан Айбекова контент үшін тәртіп бұзды. Елде емес, Қытайда. Ал ол жағдайға қытайлықтар бейжай қарай алмады. Бұл елде мұндай әрекетке қатаң жаза қарастырылған. «Азаматтық кодекстің» 1018-1020 баптарына сәйкес бейтаныс адамдарды рұқсатсыз видеоға түсіріп, тарату – жеке құқық пен абыройды бұзу деп танылады. Ал «Киберқауіпсіздік туралы заң» мен «Интернеттегі контентті бақылау ережелерінде» жалған, арсыз, жала жапқан ма- териалдар жариялауға тыйым салынған. Мұндай контент үшін аккаунт бұғатталуы немесе әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін. «Қоғамдық қауіпсіздік туралы» заңында қоғамдық тәртіпті бұзғандар айыппұл немесе әкімшілік қамауға алынады. Қажет жағдайда, бұл қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін. Сондай-ақ «Шекарадан өту және кіру туралы» заң қоғамдық тәртіп бұзған шетелдіктерді елден шығарып жіберуге немесе кіруге тыйым салады. Ал біздің елдегі жағдай қандай?
Бүгінде Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желідегі контентке байланысты жұмысын күшейтті. Ақпараттандыру мен халыққа үндеу де қарқынды жүріп жатыр.
– Кейінгі уақытта интернетте пранк пен экстремалды көріністер бейнеленген видеолар жиі таралуда. Өкінішке қарай мұндай әрекеттер әзілдің шеңберінен шықты. Авторлар ешкімге зиян тигізбейтін контенттің орнына агрессия, арандату, зорлық-зомбылық көрсетіп, өмірге қауіп төндіретін іс әрекеттерге барып жатыр. Мұндай жағдай жалпыға қауіпті және қоғамдық тәртіпті бұзады, – дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Заң тұрғысында қарастырсақ, ҚР заңнамасында пранк немесе пранкерлерге арналған белгілі жауапкершілік нақты баппен қарастырылмаған. Ал парықсыз пранкке кім һәм не тосқауыл болады? Сауалымызға жауап алу үшін ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы Шұғыла Тұрлыбекпен байланыстық.
– Иә, пранкерлерге нақты бап қарастырылмаған. Дегенмен жауапкершілік контенттің түріне қарай бөлінеді. Мысалы, жаяу жүргіншілер жолағында билеу, көлікте денесін шығарып, үлкен жылдамдықпен айдау, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету секілді әрекет жасап, контент түсіретіндер бар. Олар жол қауіпсіздігін бұзады. Яғни соған сәйкес жазаланады.Кейінгі уақытта орын алған кейстің біріне тоқталсам, Астана қаласындағы тұрғын үй кешенінің бірінде лифтке мәйітпен, суық қарумен кіріп, пранк жасаған жағдай анықталды. Полиция қызметкерлері дереу ден қойып, пранк жасағандардың жеке ақпараты анықталды. Сәйкесінше ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша жауапқа тартылды. Яғни олар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін сот шешімімен 15 тәулікке қамалды.
Қытайдағы жағдайға келсек, қуанышымызға орай отандасымыз жауапкершілікке тартылмай, ескерту алды. Ол қыз елге оралып, біздің полиция қызметкерлеріміз профилактикалық әңгіме жүргізді.
Қазақта «айтылған сөз, атылған оқ» деген мақал бар ғой. Осы мақалды әлеуметтік желідегі жарияланымдарға теңестіруге болады. Не жарияласаңыз да, ол лезде таралып, көшірушілер де, пікір жазатындар да табылады. Сол үшін әр жазбаға жауапкершілікпен қараса дейміз, – деп жауап берді ақпараттық саясат департаментінің басқарма басшысы.
Адамның қадірін ойыншыққа айналдырған қоғам – өз қадірін де жоғалтады. Бұл қадірдің
шінде адам өмірі де бар. Мысалы, Алматы облысында экстремалды видео түсіру кезінде жас жігіт келе жатқан көліктің үстінен секіру керек болған. Өкінішке қарай бұл әрекеті қайғымен аяқталды. Ол ауыр жарақат алып, көз жұмды.
Облыстағы ахуалға ойыссақ, Қызылорда облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Рауан Әлдешовтің айтуынша аймақта мұндай бағытта тәртіпбұзушылық орын алмаған. Ал ІІМ өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, республика бойынша жыл басынан бері 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жарты жылда тіркелген мұнша істің аз, әлде көп екенін айта да алмаймыз. Себебі бұл сан нақты қанша адамның пранк немесе экстремалды видео түсіргенін айт- пайды. Яғни көп жағдайда шағым аз, қоғам да үнсіз. Рас.
– Дамыған елдерде әр адам өз құқығын да, міндетін де біледі. Егер сен біреудің құқығына қол сұқсаң, ол бірден реакция білдіреді, заңға жүгінеді. Ал бізде көп жағдайда қоғам кері реакция бермейді. Тіпті мәселені де айтып көтермейміз. Сондықтан пранкерлер контентін еркін түсіріп жүре береді. Иә, біз де жас болдық. Қазіргі жас буынды да түсінемін. Дегенмен бүгінгі әзіл өз шегінен шығып жатыр. «Қой!» дейтін адам жоқ, – деп пікір білдірді заң ғылымдарының докторы, профессор Айсана Сман.
Парықсыз пранктың пайдасы тек лезде «жұлдызға» айналдырады. Ал салдары кейде ауыр аяқталуы мүмкін. Заңгердің кеңесі қандай?
– Біріншіден, шетелде жүргенде кез келген азамат сол елдің заңын бұзбауы керек. Әр мемлекеттің заңы әртүрлі. Жеке заңнамасы, менталитеті мен дәстүрі бар. Мысалы, Қазақстанда пранкерлер еркін жүрсе, Қытайда қатаң қарайды, заңнамасы бөлек. Екіншіден, өзге елде жүргенде қандайда бір қиындық болса дипломатиялық өкіл немесе консулдарға жүгіну керек. Пранкерлер әр адамның жеке өмірі, есімі, еркіндігі, ұлттық болмысы, шекарасы бар екенін ескеруі керек. Пранк жасама деу мүмкін емес, өйткені бұл – қоғамда бар құбылыс. Бірақ жастар «Мен адамның қандай құқығын бұзып жатырмын? Еркіндігіне қол сұғып жатқан жоқпын ба? Ертең бұл видео желіге салынса, адамның жағдайы қандай болады?» деп ойлануы керек. Адам құқығының негізгі принциптерінің бірі – жеке өмірге қол сұқпау. Жеке өмірге заңды тұлға да, жеке тұлға да, тіпті мемлекет те араласа алмайды. Сол үшін пранкерлер осы мәселені ескерулері керек.
Жалпы «пранкер» деген термин жоқ. Мұны көп жағдайда әкімшілік кодексте көрсетілген ұсақ бұзақылық бойынша қарастырады. Қоғамның тәртібін бұзса, біреуге тиіссе, тұрақталған тәртіптің негізін бұзса жауапкершілікке тартылады. Мысалы, көбіне айыппұл, 5,10 немесе 15 күнге қамауға алынады. Сол секілді іс-әрекеттің ауырлығына қарай қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда бас бостандығын шектеуге дейін барады. Тағы ескеретін жайт, 14-17 жас аралығындағы жасөспірім арасында да пранк түсіру кең таралған. Олар мұның салдарын түсінбеуі мүмкін. Ал заң бұзған жағдайда жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Сондықтан ата-аналар да балаларына мұқият болса деймін, – дейді Айсана Сман.
Түсінгеніміздей, пранктың залал деңгейіне қарай шара қолданылады. Бірнешеуіне тоқталсақ, пранк барысында қоғамдық орында балағаттау, басқа адамдарды сыйламау әрекеті жасалса, бұл – ұсақ бұзақылық. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес 434-бапта қарастырылады. Мұндай жағдайда 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Егер пранк жүйелі түрде бір адамға бағытталып, моральдық қысым жасау сипатында болса 73-1 бабына сәйкес буллинг деп есептеледі. Ал шу, айғай немесе дүрлікпе тудырса, тәртіп бұзушыға 78 бап бойынша шара қолданылады. Пранк барысында адам денсаулығына, еркіндігіне немесе ар намысына ауыр зардап келтірілсе, жағдай қиындай түседі. Мұндайда қылмыстық кодекстің бірнеше бабы қолданылады. Мысалы, 293-бап − бұзақылық. Қоғамдық тәртіпті бұзу, қорқыту, күш көрсету. Жаза – айыппұлдан бастап, 2-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру. 125-бапқа тоқталсақ, егер пранк кезінде мәжбүрлеп ұстау, кетуге кедергі жасау адамды заңсыз бас бостандығынан айыру болып саналады. 147-бап – жеке өмірге қол сұғу. Адамның келісімін алмай видеоға түсіру және жариялау осы бапқа сәйкес келеді. Ал 158- бап – жала жабу. Қасақана жалған ақпарат тарату арқылы адамның ар-намысына тию.
Егер сіз мұндай «әзілдің» құрбаны болсаңыз, өз құқығыңызды қорғауға толық мүмкіндігіңіз бар. Заңгер Азамат Марат мына әрекеттерді ұсынады: полицияға шағымдану, видеоның интернеттен өшірілуін және азаматтық талап пен моральдық және материалдық шығынның орнын толтыруды талап ету, сотқа жүгіну. Ал арыз түсірерде дәлел ретінде бейнежазба, куәгерлердің сөзі немесе скриншоттар қоса берілгені жөн.
Иә, жауапкершілік басты құрал болуға тиіс. Контент-продюсер Заманбек Жақсылық та пранкты қаралым көп жинайтын тәсілдің бірі дейді.
– Қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген қарапайым қызметкерлерді камера алдында «жұбатуға» тырысып, соңында өтемақы ұсынып, бар абырой мен ықыласты өзіне алып кететіндер көбейді. Өкінішке қарай, мұндай әрекет бүгінде қалыпты құбылысқа айналып барады. Адам көңілімен ойнаудың да шегі бар. Өз әрекетін «әзіл» деп түсіндіре салу- ды жөн көретіндер көп. Мұндай көрініс көрермен ретінде мені қынжылтады, – деп жауап берді ол.
Расымен, бейәдеп қылығын, өзгенің шекарасына өтуді қалжыңға жатқызып, заңнан жал- тара аламыз ба? Бұл жөнінде құқық маманы Әйкерім Құсайынқызы жауап берді.
– Жоқ, пранк жасаушы өзінің әрекетін «әзіл» деп сипаттау арқылы заң алдындағы жауапкершіліктен автоматты түрде босатылмайды. Қазақстан заңнамасы бойынша, істің мән-жайына қарай сот нақты зардап пен қасақана болған-болмағанына қарап шешім шығарады. «Мен әзілдедім» деп ақталу қылмыстық құрамды жоққа шығармайды, – дейді маман.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумовамен осы мәселе төңірегінде әңгімелестік. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер – қазіргі заманғы коммуникацияның ажырамас бөлігіне айналды. Дегенмен ондағы кез келген контент этикалық нормалар мен өзгелерге деген құрмет шеңберінен шықпауы тиіс.
– Расында да, мұндай әрекеттер кейбір жағдайда рұқсат етілген шектен асып, қоғамдық тәртіпке зиян тигізіп, азаматтардың алаңдаушылығын тудыруда. Әсіресе ондай «әзілдер» адамдарды шошытып, қоғамдық жерде дезориентацияға немесе тіпті агрессияға себеп болған кезде, бұл – қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне айналады. Осыған байланысты қолданыстағы нормаларды талдап, мұндай жағдайларға қосымша құқықтық тетік қарастыру керек деп есептеймін, – деді депутат Динара Рустамқызы.
Ал келесі мәселе – жәбірленуші жасөспірімдердің психологиялық жағдайы.
– Адамның мінез құлқына қарай пранкке түрлі реакция жүреді. Жалпылама алғанда, пранк жасалған жасөспірімде алдымен қорқыныш, күйзеліс, тіпті стресс болады. Пранк арқылы өзге адамды қорқыту, ұялту немесе мазақ ету – ұзақ мерзімді психологиялық салдарға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда баланың дамуы, ортасы және темпераменті де басты рөл ойнайды. Егер де мінез құлқында, дамуында ерекшелігі бар, темпераментінде меланхонизм басым, отбасында тәрбие мүлде басқаша болса, жасөспірім депрессияға, стресске түсіп кетуі мүмкін. Ал отбасы жағдайында жасөспіріммен қатынас тепе тең болса, бала мен ата ана арасында келісім, түсінік, достық қатынас болса, баланың қабылдауы, өз өзіне деген сенімі мол болса, мұндай күйзеліске түспейді немесе жеңіл түрде қабылдап, бұл этаптан әрі қарай өтіп кетеді, – деп түсіндірді Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығының психологы Мақпал Серікқызы.
Әлеуметтік желідегі әр жазба, фото-видеоның салдары болатынын, ондағы жауапкершіліктің жоғары екенін түсіну қажет. Мәселе тек пранкерлер- ге қатысты деп ойлау қате пікір. Себебі 2023 жылдың 10 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн платформалар және онлайн жарнама» туралы ҚР заңына қол қойды. Бұл заңда блогер, инфлюенсер деген ұғым енгізіліп, олардың міндеттері көрсетілген. Осы заңның 16-бабында онлайн платформаны жалпы қолданушылардың, ал 17-бабында блогер, инфлюенсердің міндеті мен құқығы көрсетілген. Олардың міндетіне заңды сақтау, тарататын, жариялайтын ақпараттың анық-қанығын тексеруі жатады. Жалған ақпарат таратуға, қоғамды дүрбелеңге түсіретін немесе басқа да заң бұзуға шақыратын контент таратуға тыйым салынады. Сонымен қатар егер жалған ақпарат, құқыққа қайшы контент жарияланатын жағдайда оларды жоюға міндетті.
Жалған ақпарат орналастырғаны үшін қарастырылатын арнайы баптар бар. Мысалы, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2 бабы, 5 бөлігі блогерлердің жалған ақпарат таратқан жағдайын қарастырады. Жеке тұлғаларға 30 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субьектілерге, коммерциялық емес ұйымдарға 40 АЕК, орта кәсіпкерлік субьектілері болса 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандарға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осы құқықбұзушылықты бір жыл ішінде қайталаған жағдайда 6-бөлікке сәйкес айыппұл мөлшері артады. Былтыр 456- 2 баптың 5-бөлігімен 8 әкімшілік материал толтырылса, биыл жарты жылда 7 әкімшілік материал толтырылған. Еске сала кеткен жөн, іс-әрекеттің ауырлығына қарай қылмыстық кодексте де арнайы бап қарастырылған.
Әзілдеу де өнер. Дегенмен адамды жаралайтын қалжың өнер емес, ерсілік. Контент келеді де кетеді. Бірақ көңіл қалдырған адамның көлеңкесі де сүйкімсіз. Осыны ұмытпайық!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!