– Қара нарым-ай, – деді он екі бала тапқан Құрманбике ана. – Берірек отыр, батамды беріп кетейін. Төрт күннен бері қысылып жатқан Елшекеннің қосағы кіші келін Сайрашты қасына әлсіз дауыспен шақырған.
– Қарағым, сенің маңдайыңа маған келін болуды жазыпты. Мен де тым жас келін болдым осы әулетке. Тыңдасаң айтайын. Аппақ шүберектей қуара бастаған Құрманбике әженің соңғы сағатта қолдағы келінмен бақұлдасқысы келетін жөні бар. Өйткені қай отбасында да қатынның қас-қабағы түзу болса, ағайынмен қарым-қатынасы әу бастан дұрыс болары анық. Содан болар, ақыл қалтасын тастап кеткісі келді.
– Мама-ау, – деген осы кезде Сайраш көз жасын сүртіп. Мектеп бітіре сала басына орамал түскен бұның төрт баланы дүниеге әкеліп, Бектұрғанмен 20 жыл отасқалы енесімен ищай деспегенін бәрі біледі.
– Құлағым сізде, айта беріңіз, – деді Сайраш енесінің тамыры білеуленген арық қолын уқалап отырып.
– 16 жасымда осында келін болып түстім. Атаңды танымадым. Оқу бітіріп келген мұғалім жігіт екенін ғана білетінмін. Сендер қайта жақсы заманда, ғашықтық-машықтық дейтінмен үй болып, түтін түтеттіңдер. Мені енем таңдады. Сол оқиға еске түскені.
…Төрт қызды қатар тұрғызып қойып, бас-аяғымызға бір қарап шықты. Андай жерде кер биенің тулағының үстінен сабауды алып, бізге жақындап қарайды. Сол кезде осы енемнің би кісі екенін еститінмін. Әуелі бірінші қыздың балтырынан сабаумен салып қалды. Ана байғұс шар еткен. «Әрі тұр» деп оны ысырып, екіншісін де дәл солай сабаумен сыбағасын берді, – деп ауру ене әңгімесін осы жерден тоқтатып. Сайраш аузына су тамызған. Жеңіл ғана – уһ, Алла – деп демін алған Құрманбике әже әңгімесін қайта жалғай берді.
– Сабаумен неге ұрып жатқанын білмеймін. Қыздар жылап жатты. Үшінші қыз балтырынан ұрғанда жыламап еді, басынан таяқпен таңқ еткізді. Бақырып ол кетті. Кезек маған келді. Өзім соңғы жағында тұр едім. Сабаумен салып қалды. Аппақ етім әп-сәтте қызарып шыға келген. Тістеніп тұрмын. Жастай жетімдік көргенім бар, әрі өз жеңгемнен жеген таяққа үйренгендікі ме, селт етпедім. Басымнан таяқ тиді. Селт етпедім. Тілімді тістеген күйі төмен қараймын. Кемпір көзін сығырайтқан күйі ұзақ қарады маған сол кез. Үш қызды қайтарып, мені алып қалды. Қорыққанымнан қасында қала бердім.
Кешкілік ұлы келген. Бірден жанына шақыртты. «Сенің бүгіннен бастап мынау қатының болады. Ел арасынан бұдан артық қыз таппайсың. Бұның басынан ұрсаң басы, балтырынан ұрсаң басы «сасымайды».
Күйеуім шеше сөзіне қарсы келмейтін еді. Бірден көнді. Өмірі танымайтын жанға осылай телініп, он екі баланы бірінен соң бірін туа беріппін. Кейін түсінгенімдей, әлгі енемнің «сасымайдысының» мағынасы «тілі қысқа» дегені екен. Солай, шырағым.
Ауру ене түн жарымда Сайрашқа сыр қып айтып отырғаны өмір жолы өткелдерінен бір көрініс еді ғой.
– Қара нарым, – деді Құрманбике ана аз-кем кідірістен соң Сайрашқа қарап.
– Алла шөліңді қандырсын. Алла мейіріміңді қандырсын. Алдыма түскен кезің жоқ. Байыңа ер дегенде ердің. Ерме дегенімде ермедің. Төркін дегенді білмедің. Өз үйінен кетіп, өзге үйдің жыртысын жыртқан қатын байғұстың қызығы да, шыжығы да жат жұрттықта болады. Сайражан-ай, саған да ақ адал келін жолықсын. Жалғызыңның жартысы өзіңдей болса, не арманың бар?! Батам осы.
Келесі күні ел билеген Елшекеннің бәйбішесі бұл бақидан көшкен еді.
Содан бері тұп-тура 10 жыл өтті. Сайраш ене ұстаған қазан құлағына ие болып қалған. Жалғыздың маңдайына жазған жартысы осы әулеттің үрім-бұтағын жалғастырса деп тілейді.
Ержан ҚОЖАС
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!