Фото: ratel.kz

Бата – мыңжылдық мәдениетімізден бізге жеткен бірегей құндылықтарымыздың бір түрі, қазірге дейін қолданыста бар дәстүріміз. Қазақ халқы салт-дәстүрді ерекше құрметтеп, рухани маңыздылығына айрықша мән берген. Яғни, әрбір салттың өзіндік ерекшелігі мен ережелері бар. Батаны көпті көрген қариялардан жиі алуға тырыс, үлкен кісілер сөйлеп жатқанда сөзін бөлме, үлкеннің жолын кеспе деп әже-аталарымыз айтып отырады. Демек қарт кісілер айтса, өсиеттің де астарында біздің өмірімізге қажетті мән-мағына бар деген сөз. Қазір үлкен жиындарда, ата әжелеріміз отырған жерлерде ғана бата-тілектер айтылып, өздерінің асыл сөздермен бүгінгі буынды тәрбиелеп отыр.

Батаның адам өміріне пайдасы бұрыннан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген. Кейбір ата-әжелеріміз бата айту үшін оны жаттап алуға тырысады. Ол негізі дұрыс емес деп ойлаймын. Бірақ өзінің балалары, немерелері және қонақтар алақан жайып тұрған кезде әр адам жүрегінен шыққан сөзін арнауы керек. Ал дайын тұрған бата тілектер ол біреудің жүрегінен шыққан асыл сөзі, қанатты тілегі. Меніңше әрбір жүрекжарды тілекті сол мезетте айтса, батаның құндылығы арта түседі деп ойлаймын. Жалпы батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Мысалы, Бауыржан Момышұлын алатын болсақ, оның аты аңызға айналған батыр, әрі жазушы болуына дүние есігін ашқан алғашқы күндері атасы Имаштың берген батасының шарапаты тимеді деу қателік болар.

Атасы Имаштың немересіне өмірлік өнеге болсын деп берген батасы бар:
«Алатаудың қыраны мол еді –
Қырағы болсын құлыным.
Қойнауы суға толы еді –
Бұлағы болсын құлыным» – деген үзіңдіден-ақ Бауыржанға берген батасында жүректен шыққан ізгі тілегін байқаймыз.

«Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырған» – дейді зерттеушілер. Жалпы ғалымдардың жазған пікірімен келісемін. Себебі алғыс пен қарғысты да, қуаныш пен қайғыны да, үйге келетін бақ пен берекені де қондыратын осы – бата. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» демекші, егер шаңырақта үлкен ата-әжелеріміз болса міне, ол нағыз бақытты да берекелі шаңырақ десек болады. Үлкен кісілер бата-тілектерін ас қайтаратын кезде, жол жүру сапарына шығарда береді.

Жалпы батаның түрлері де бар. Атап айтсақ, жол батасы, дастарқан батасы, тұсаукесер батасы, шілдехана батасы, көш батасы… Аты айтылып тұрғандай батаның түрлеріне байланысты түрлі жерде қолданылады.

Тұсаукесер батасы – баланың алғаш қадам басатын сәтінде тұсау кесер жасалған кезде үлкен қариялар бата беріп, жолдары ақ болсын, жолыңды Алла қолдасын деп тілектерін жаудырады. Әрбір айтқан сөзіміз періштенің құлағына шалынсын деп те бекер айтпайды. Себебі айтылып жатқан жақсы тілектер мен жүректен шыққан ыстық лебіздерді Алла қабыл етсін деп барлығы «Әумин» деседі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ақ ниетпен айтылған ақ батаның адамның дүние танымында алатын орны өте ерекше. Қарияларымыздың ғибратты әңгімелері, ақ бата-тілектерін еш жерде қалдырмай қол жайып тыңдай білуіміз қажет. Өнегелі де қанатты сөздерін дәріптеу, рухани қазынаны жоғалтпай келешек ұрпаққа жеткізу – жас ұрпақтың қолында.

Гүлдана ТІЛЕУОВА,
М.Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық жоғары колледжінің
3-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!