Фото: Massaget.kz

Степногорскіде әлі бірнеше тұрғын үй екі тәуліктен бері жылусыз әрі жарықсыз отыр. Тұрғын үйлерге жылу қосылғанымен, құбырлары қатып қалған. Құбырлардың бірнешеуі жарылып, жылу жүйесін толықтай ауыстыруды қажет етеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жылу желісіндегі жөндеу жұмыстары аяқталғанымен, қаланың бірқатар тұрғын үйінен редакцияға шағым толастар емес. Тұрғындардың айтуынша, үй адамтөзгісіз суық. Батареялары мұздай. Жылу жіберілгенімен, тұрғын үйлерде қатып қалған батарея құбырларынан су кетіп, пәтерлердің іші, қабырғалары мен едені малмандай су болған. 

«2-40 үйде пәтеріміз әлі де мұздай суық. Қабырғалардың бәрі судан ісініп, тұсқағаздар босап, салбырап қалды. Жарық жоқ. Барлық техникамыздың үстіне су кеткен. Онымен не істерімізді де білмейміз. Кім енді оны бізге қалпына келтіреді? Үйдің барлық қабырғасы сыз. Ылғал иісі шығады. Жылу болмағандықтан ол жуық арада кеппейді. Үйде төтенше жағдай және «Теплотранзит» жұмысшылары болды. Пәтер иелері кооперативі төрағасы мүлде жоқ болып кетті. ПИК-тің мүлде ештеңеге қатысы жоқ сияқты жүр. Диспетчерге хабарлассақ, «Ал Сіздерде не болды?» дейді. Қатып қалған құбырларды өз есебімізден ауыстыруымыз керек. Қазір ас үйден бастап басқа бөлмелер де малмандай су», – дейді Степногорск тұрғыны Екатерина Сергеевна. 

Қала тұрғындарының айтуынша, қала мұздап барады. Батареяларға жылу берілгенімен, әлі де болса жылымшы ғана жылу мұздап қалған пәтерлерді жылыта алар емес. Пәтер иелері кооперативтерінен әрекетінен еш мән болмай, тұрғындар өз күшімен тұрбаларды қыздырып жатыр.  

«Қала әкімі үнсіз, тіпті мүлде көрінбей кетті», «Сұмдық кейбір пәтерлерде температура 7 градусқа дейін түсіп кетті», «Жылытқыштардан пайда жоқ. Халық өзі ақша жинап газ бен жанармай сатып алып жатыр. Слесарьлар жетіспей жатыр», – деп жазды тұрғындар. 

Облыс әкімдігі қаладағы жылу температурасы жуық арада қалпына келтірілетінін жеткізді. 

«Қалада жылумен қамту қалпына келтіріліп жатыр. Пәтер иелері кооперативтері қызметкерлері азаматтардың жекелеген өтініштері бойынша жұмыс істеп жатыр. Степногорск ЖЭО-і штатты режимде жұмыс істеп тұр. Барлық жылу қазандығы жұмыс істеп тұр. Жақын арада температуралық кесте қалпына келтіріледі», – деді Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Еске салайық, 7 желтоқсанда Степногорскіде ішкі жылу желісі трассасында апат болып, салдарынан қаланың ондаған көпқабатты тұрғын үйі жылусыз қалған. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!