Жыл сайын Қызылорда қаласында дәстүрлі түрде шағын футболдан «Batyrzhan Cup» турнирі өтеді. Ауған соғысының жауынгері Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған бәйге биыл 30-мәрте жалауын желбіретті. Екі күнге созылған додада кіл сен тұр мен атайын 24 команда бақ сынады. Нәтижесінде үздіктердің үздігі болып, «Altimus» командасы жеңімпаз атанды.

6 топқа бөлінген ойындар Евразия, Шұғыла спорт кешендері және Шанхай мөлтек ауданындағы №2 кешенінде өтті. Әрбір топтан шыққан 2 команда Евразия спорт кешенінде бас қосып, плей-офф ойындарын өткізіп, жолдамаларды сарапқа салды.

Бір мезетте бұл жарыс әуесқой турнирден гөрі футзалдан Азия чемпионатына көбірек ұқсап кетті десек болатын шығар. Өйткені басым көпшілігі жергілікті командалар болғанымен, құрамында Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Иран, Қырғызстан елдерінен келген ойыншылар көп болды. Сондай-ақ бірнеше құрамда бразилиялық бірнеше футзалшы өнер көрсетті. Мұнан бөлек, турнирде Қазақстан Бірінші лигасының барлық аяқдопшылары төбе көрсетті. Мұнан бөлек төрешілер құрамы да еліміздің әр өңірлерінен жиналды.

Қызылорда жанкүйерлерін ерекше атап өткен де жөн. «Евразия» спорт кешенінің трибуналары таң атпастан лық толып, түнге дейін залда керемет атмосфера сақталды. Қала үшін аталмыш турнир үлкен футзал мерекесіне айналды.

Жартылай финалдық ойындардан кейін сүрінген қос команда «Adam Arafat» және «Turkistan» жігіттері қола жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде 6-2 есебі тіркеліп, «Adam Arafat» командасы турнирдің 3 орын иегерлері атанды.

Ал ақтық сында кездескен «Altimus» пен «Кентау» командалары арасындағы ойында жеңімпаз негізгі уақытта анықталмай, барлығы пенальти сериясында шешілді. Қарсыласы Мачадо Густавоның соққысын тосқан қақпашы Берік Сәрсенбаев, жігіттерді бір қадам жеңіске жақындатты. Ал шешуші соққыны «Altimus» командасының негізші аяқдопшысы, Өзбекстан құрамасының экс ойыншысы Жавлон Аноров сәтті орындап, қалқанқұлақ кубокты бастан асырды.

– Команданың құрылғанына 4 жыл уақыт болды. Осы уақыт ішінде талай турнирде топ жардық. Бірақ көптен жоспарлап жүргеніміз осы Батыржан Шалғынбаев атындағы турнирді жеңу еді. Өйткені бұл еліміздегі басты бәйгелердің бірі. Бұл доданы Қазақстан емес, өзге де мемлекеттегі ойыншылар асыға күтеді. Өткен жылы финалда жеңілгенбіз. Бірақ осы жылы сол есемізді қайтарып, чемпион болу бұйырыпты. Ұйымдастырушыларға, барлық қатысқан командаларға алғысымды білдіремін. Барлығы жоғары деңгейде өтті, – деді команда жетекшісі Рамазан Әлиев.

Айта кетейік, турнирдің үздік ойыншыларына арнайы сыйлықтар үйлестіріліп, көрермендер арасындағы үздік жанкүйерлерге де сый-сыяпаттар таратылды. ІV орын иегерлеріне 1 миллион, ІІІ орынға 2 миллион, ІІ орынға 4 миллион және жеңімпаз командаға 7 миллион теңге үйлестірілді. Сонымен қатар медалдар мен арнайы дайындалған 20 келі кубок табысталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!