Батыс Қазақстан облысында тұрғындар қант таба алмай сабылып жүр. Дүкендерде шекерді шектеп сатқанымен, оның өзі түске дейін таусылып қалады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

“Енді сатып алушылар әрине шағымданады. Көп не жасап жатыр? Неге шекер жоқ? Қайда кетті? Неге болмай жатыр? Сұрақ көп. Біз айтамыз, бізге ешкім айтпайды, біз білмейміз”, – дейді сатушы Гүлайым Жасыбекова.

Орал қаласындағы дүкен сөрелерінен қазір қант табу қиын. Сатушылар да тәтті сұраған тұрғындардың сауалынан мезі болған. Кейбір ірі супермаркеттер қордағы қантты бір қолға бір-екі келіден ғана шектеп сатып жатыр. Оның өзі тұтынушылардың бәріне бірдей жете бермейді. Қанттың қат тауарға айналғанын естіген кейбір пысақайлар бағасын шарықтатып жіберген.

Қазір бұл аймақта шекердің құны келісіне 600-700 теңге аралығында. Әкімдікке қарайтын тұрақтандыру қорында да қант бітуге жақын. Кәсіпкерлер қант шығаратын зауыттың өзі бағаны өсіргендіктен оны тасымалдаудан қашып отыр. Енді шенеуніктер ол үшін миллиардтан астам ақша бөліп, өзіміз тасымалына араласамыз деп шешіпті.

“Батыс Қазақстан облысы бойынша аптасына 140 тонна қант бөлінетін болады. Оның 30 пайызын кәсіпорын, өндіріс орындарына, наубайхана секілді мекемелерге бөлеміз. Қалғаны дүкендерге таратылады. Жақын арада бұл мәселе шешіледі”, – дейді БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!