Оралда жолда полиция қызметкерлері тоқтатқан ер адам тәртіп сақшыларын әріптестеріне айыппұл салуға мәжбүрледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Уральская неделя” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде жүргізуші видео түсіріп, жағдайды егжей-тегжейлі түсіндірді.
“Патрульдік полиция маған хаттама толтырды. Ал оған басқа патрульдік полиция келіп хаттама толтырып жатыр”, – дейді ер адам.
Тәртіп сақшылары ер адамды көліктің алдыңғы терезіндегі жарықшақ үшін тоқтатқан. Күйініп кеткен жүргізуші полиция мінген көліктің де терезесі сынып кеткенін байқап, тағы бір патрульдік полицияны шақырған. Осылайша жол бойынша үш бірдей патрульдік полицияның көлігі жиналды. Бірі көлік жүргізушісіне хаттама толтырса, басқа екеуі әріптесіне айыппұл рәсімдеді.
Кейін эвакуатор полицияның автокөлігін тиеп, алып кетті.
Жергілікті полиция департаменті болған жағдайды растады.
“Патрульдік автокөлікте техникалық ақаулар болғандықтан полиция қызметкеріне айыппұл салынды. Ақауды жою үшін көлік базаға жіберілді”, – деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!