Бауыржан Момышұлының «Ешкім іштен батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөзі бар. Бейбіт күнде де ерлік көрсетіп батыр атануға болады. Ел арасында қиын жағдайға тап болғандарды құтқарып қалған ержүрек жандар аз емес. Солардың бірі – Қармақшы ауданы, Төретам кентіндегі №269 мектептің 10 сынып оқушылары Әлімжан Қуатбаев пен Азамат Құдайбергенов.

Балалардың айтуынша, 7 ақпан күні Әлімжан мен Азамат баскетбол үйірмесінен үйлеріне қайтып бара жатып, Ю.Гагарин көшесіндегі №3 үйдің төбесінен шыққан жалынды байқайды. Үйде адам бар жоғын білу үшін, шарбағынан секіріп кіріп, есік қағады. Ешкім шықпаған соң, олар қауіпсіздік ережелерін ескеріп, өрт сөндіру нөміріне қоңырау шалады. Оқиға орын алған күні үй иелері ерте ұйықтап қалған көрінеді. Оқушылар өз күштерімен есікті ашып, ішкі бөлмеге беттейді. Үй ішінде әкесі, анасы, кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы бар екенін біледі. Баспананың ішкі бөлігінде өрт белгілері байқалмаған. Дереу ұйқысынан барлығын оятады. Өрттің шығу орны үй төбесі екенін көріп, шатырға шығады. Шатырда жанып жатқан қураған қамысты өз күштерімен өшіруге тырысады. Бірі су тасып көмегін беріп, екіншісі үй ішіндегілерді шығара бастаған. Осы уақыт аралығында өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері де келіп жетеді. Өрт толығымен ауыздықталып, өрттің шығу себептерін анықтау жұмыстары жүргізіледі.
Олар осылай бір отбасының аман қалуына септігін тигізді. Оқиғадан кейін мектеп директоры А.Кәжденбекқызы оқушылар жиынында бейбіт күннің батырларына ризашылығын білдіріп, марапаттады. Аудандық төтенше жағдайлар қызметінің басшысы да оқушыларды және сынып жетекшісі А.Елубаеваны арнайы шақыртып, алғысын білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады.
– Оқушылар мектебімізде 1 сыныптан бастап білім алып келеді. Олар – оқу ордасындағы белсенді, спортты жаны сүйетін екі дос. Баскетбол ойынының қыр-сырын меңгерген спортшы шәкірттеріміз. Оқушылардың мектеп өміріндегі белсенділігі отбасындағы тәрбие мен мектеп ұстаздарының оқу, тәрбие тұтастығының бір арнаға тоғысу ерекшелігі деп білемін, – деді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Тәжібаев.
Елімізде осындай өр рухты, қайсар мінезді, жасампаз ұрпақтың өсіп келе жатқандығы көңіл қуантады.


Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!