Әлемде үндістер мен испандар үздіксіз 300 жыл бойы соғысқан. Ал рим-парсы соғысы 700 жылға жалғасқан деген де деректер бар. Адамзат баласы жаратылғалы бері қанша ғасыр, қанша жыл?! Бірақ әлі де бір-бірімен түсінісе алмай келеді. Алматыда бір танысымның неміс көршісі бар. Әлгі кісінің жасы 70-тен асқан. Қазақстанда туған, осында еңбек еткен, солай қалып қойған. Әйтсе де, тарихи отанына бір барып келді. Тұра алмады. Бата беріп, ас қайтарып, құран оқығанын көрсеңіз, тәнті боласыз. «Дініңіз қандай?» деген сұраққа сол кісінің жауабын айтайын. «Ар жағында бәрімізде бір Құдай. Бер жағында өзіміз ғой бөліп алып жүрген. Бас-басымызға Құдай қайдан?» деген еді. «Барлық адам баласы бір ананың» деп, түсінісе алмай жүрген мына әлемде жоғарыда айтып өткендей ұзақ-ұзақ соғыстар мен қақтығыстар өткен. Тарихтың тамырын тартып, біз білетін бірсыпырасына тоқталып өтсек…
Тарих толқынында екінші дүниежүзілік соғыстың алар орны орасан зор. Деректерге жүгінсек, бұл майданға 61 мемлекет және әлем халқының 80 проценті қатысыпты. Әлемнің 40 мемлекетінде соғыс қимылдары жүрді. 110 миллион адам әскерге алынды. Сондай-ақ 50-55 миллион адам қазаға ұшырап, 4 триллион доллар көлемінде шығын шықты. Біз білетін осы деректің өзі соғыстың қаншалықты ауыр екенін көрсетеді. «Балалар жыламасын! Аналар баласыз, жарсыз, балалар анасыз, әкесіз қалмасын!» деп тілеген әлемнің әрбір мемлекетіндегі жандардың тілегі қабыл болғай!
Рим-Карфаген соғысы
Ғасырдан асып, 118 жылға созылған бұл соғыстың тарихы мүлдем бөлек. Біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда келіп римдіктер бүкіл Италияны бағындырды. Енді бай арал – Сицилияны басып алуды жоспарлай бастады. Бірақ ол аралға көз тігіп отырған жалғыз мемлекет римдіктер емес еді. Сицилияны бағындыруды сол кездегі құдіретті патшалық саналған карфагендіктер де жоспарлап отырған болатын. Осылай екі алып королдік ортасында кескілескен соғыс 118 жыл ішінде 3 (ең ірі соғыстары) рет болып өтті. Соңғы 3 жылда арадағы соғыс өрті шарықтау шегіне жетті. Шешуші шайқасқа римдіктер «Карфаген толықтай жойылуы шарт» деген ұранмен майданға кірді. Нәтижесінде римдіктердің мерейі үстем келіп, шынында да Карфаген елі жер бетінен жойылып кетті.
100 жылдық соғыс
Тарихта 100 жылдық соғыс атымен болған бұл майдан 116 жылға созылған. 1328 жылы француз королі Карл IV қайтыс болды да, таққа мұрагер табылмады. Осыны пайдаланған ағылшын королі Эдуард III (1327 – 1377) өзін қайтыс болған корольдің жиені ретінде тақтың мұрагерімін деп жариялады. Бірақ француз ақсүйектері әйелдер жағынан тараған ұрпақтың Франция тағын иеленуіне тыйым салатын ежелгі дәстүрге сүйеніп, қайтыс болған корольдің алыс туысы, Валуа әулетінен шыққан Филипп IV король тағына отырғызды. Эдуард III алғашында бұл шешіммен келісті. Көп ұзамай жаңа корольдің белсенді әрекеттерінен өзінің Франциядағы иеліктеріне қауіп төнетінін түсінді. 1339 жылы ағылшындар Францияға сәтсіз жорық жасады. Келесі жылы жорықтарын тағы қайталады. Бұл жолғы шабуыл сәтті аяқталып, француз флоты толық жойылды. Филипп IV бітім сұрауға мәжбүр болды. Алайда бұл бітім ұзаққа созылмады. Бұл соғыс екі ел тарихында да үлкен рөл атқарды. Еуропадағы иеліктерінен айырылған ағылшындар басқа құрлықтарды басып алуға кірісті де, көп ұзамай аса күшті теңіз державасына айналды. Ал Франция бір орталыққа бағынған мемлекет болып қалыптасты. Жүзжылдық соғыс рыцарьлардың дәурені өткендігін, болашақ соғыстарда шешуші рөлді оқ-дәрімен атылатын қарулармен қаруланған халық жасақтары атқаратынын көрсетіп берді.
Грек-парсы соғыстары
Қазақ «елу жылда ел жаңа» дейді. Бұл соғыс елу жылға созылды. Біздің заманымызға дейінгі 500-449 жылдар аралығын қамтыған. Ахемен әулеті мен ежелгі грек қала-мемлекеттерінің (полистерінің) арасында болды. Қақтығыстар мен соғыстар бірде тоқтап, бірде тұтанып, 449 жылға жетті. Нәтижесінде Кипрдегі Саламин қаласының жанында бітім жасалды. Ол бойынша Персия өздерінің Эгей теңізіндегі, Геллеспонт пен Боспордағы иеліктерінен айрылып, Кіші Азиядағы грек қала-мемлекеттерінің саяси тәуелсіздігін мойындады. Грек-парсы соғыстарындағы гректердің жеңісі Ахемен әулетінің әлсірей бастағанын көрсетті. Осы соғыстан кейін грек құл иеленушілік қоғамы гүлдену кезеңін бастан кешті. Соғыстар барысында Делосс одағын құрған Афинаның күшеюі басталды.
Гватемала соғысы
1960 жылдан 1996 жылға дейін созылған азаматтық соғыс 36 жыл болды. «Коммунизмге қарсы күрес» деген атпен танымал. Алғашқы жылдары соғыс нәтижесінде жылына 6-7 мың адам қайтыс болса, 80-жылдардың ортасында соғыс өрті күшейіп, бір жылдың ішінде 669 рет қақтығыс орын алды. Соның нәтижесінде 1 жылда 200 мыңнан артық адам өлді.
Вьетнам cоғысы
Тұп-тура он сегіз жылға созылған бұл соғыс АҚШ және Кеңес Одағының тарихы мен мәдениетінде елеулі із қалдырды. ХХ ғасырдағы ең ірі, есте қаларлық соғыстардың бірі. Алдымен азаматтық қақтығыстан басталып, кейін талай жылды қанжығасына байлады. Талайды ажалға айдады. Бұл соғысқа Вьетнам, Қытай, КСРО, АҚШ және СЕАТО ұйымы араласты. Бұл соғысты 1957-1964 жылдар аралығындағы Оңтүстік Вьетнамдағы азаматтық соғыс, 1965-1973 жылдар арасындағы АҚШ толық араласқан майдан және 1973-1975 жылдардағы соғыстың ақырғы кезеңі деп бөліп қарастыруға болады. Америка 60 мыңға жақын сарбазынан айырылды. Оған қоса, 150 мыңнан астам әскері елге келген соң өздеріне қол жұмсады. АҚШ тарихындағы қанды сиямен жазылған дерек еді бұл. Ал Вьетнам осы уақыт аралығында миллионға жақын сарбазынан айырылды. 2 миллионнан астам қарапайым халқы қырылды. Мүгедек болып қалғандары қаншама…
Таяуда әлеуметтік желіде ресейлік сарбаздардың отбасымен қауышып жатқаны, қызының мектеп бітіру кешіне барған көңіл қозғарлық видеолары жарық көріп жатыр. Иә, бейбітшілікке ештеңе жетпейді, соғыстан пайда тапқан адам жоқ. Мұны әркез қаперде ұстаған дұрыс. Әйтсе де, ел қорғау ісінде сақадай сай болған жөн екені тағы анық.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!