Қызылорда қаласында белгілі тұрғылықты жері жоқ азаматтар үшін әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Қоғамнан шеттетілген, үй-күйсіз қалған, түрмеден босап шыққан немесе тағдырдың тауқыметін тартып жүрген азаматтарға жаңа өмірге бейімделуге мүмкіндік беретін мекеме 2001 жылдан бері жұмыс істейді.

Мұнда адамдарға уақытша баспана, ыстық ас, медициналық көмек, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, орталық әрбір адамды қайтадан қоғамға қосу үшін жүйелі жұмыс атқарып келеді. Жақында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы осы орталықта ашық кездесу өткізіп, қызмет алушылардың жағдайы мен мекеменің қазіргі ахуалына көз тастады. Кездесудің мақсаты – қызметкерлер мен қызмет алушылардың ұсыныстарын тыңдау, туындаған мәселелерді шешудің жолдарын бірлесе қарастыру. Осы тұста бейімдеу орталығының басшысы Жазыбек Төребаев бұл кездесудің маңызын атап өтті.

– Үйсіз, жалғыз қалған, тағдыр тәлкегіне ұшыраған әр азаматқа орталықта уақытша баспана, ыстық ас, медициналық және құқықтық көмек көрсетіледі. Біз ең алдымен олардың құжаттарын қалпына келтіріп, өмірге деген көзқарасын қайта бейімдеуге септесеміз, – деді Ж.Төребаев.

ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков:

– Мұндай орталықтар – мемлекеттің маңызды тірегі. Өкінішке қарай, қоғамда үй-күйсіз қалған азаматтар аз емес. Олардың бір бөлігі отбасынан айырылған, енді бірі денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз, кейбірі теміртордан бостандыққа шығып, қайтадан өмірге бейімделуде қиналады. Біз бүгін осы орталықтың күнделікті тіршілігін, қызметкерлердің ауыр еңбегін, алғысқа толы қызмет алушылардың пікірін өз көзімізбен көрдік. Айтылған ұсыныстардың бәрін назарға алып, тиісті органдарға жеткіземіз. Әр азаматтың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау – ортақ міндетіміз, – деп атап өтті.

Кездесу барысында әлеуметтік қызметкерлер еңбек жүктемесінің жоғары екенін, тәуліктік кезекшіліктер мен тәуекел тобына жататын азаматтармен жұмыс істеудің ауырлығын айтты. Қызмет алушылар болса, көрсетілген қамқорлыққа ризашылық білдіріп, жеке құжаттарын рәсімдеу, медициналық тексеруден өту, әлеуметтік жәрдемақы алу сияқты жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Орталықта тұрып жатқан Ерлан (есімі өзгертілген) есімді қызмет алушы өз ойымен бөлісті:

– Мұнда келгеніме үш ай болды. Осы уақыт ішінде жеке куәлігімді қайта жасатып жатырмын. Мұндағылар медициналық тексеруден өткізіп, ем алуыма көмектесті. Мекемедегі мамандар бізге жай ғана уақытша баспана беріп қоймай, өмірімізді қайта жолға қоюға жәрдемдесіп жатыр. Сол үшін алғыс айтамын, – деді ол.

Кездесу барысында әлеуметтік бейімдеу орталығы қызметкерлерінің еңбек жағдайы басты назарға алынды. Мекеме ұжымы жұмыс көлемі туралы айтып, орталық мамандары тәулік бойы кезекшілік етумен қатар, өмірлік қиын жағдайға түскен азаматтармен үнемі жұмыс жүргізетінін тілге тиек етті. Мұндай тәуекел тобына жататын адамдармен күнделікті қарым-қатынас жасау эмоционалдық тұрғыдан да, кәсіби тұрғыдан да ауыр жүк екенін қызметкерлер жасырмады. Осы ретте олар әлеуметтік сала қызметкерлеріне жеңілдік шаралары керек деп санайды. Қазір Қазақстан бойынша әлеуметтік мекеме қызметкерлерінің жалақысы атқаратын міндеттеріне сай емес төмен деңгейде екені Парламент мінберінде де айтылған.

Мәселен, елордалық қарттар мен мүгедектер үйінде 10 жылдан астам тәжірибесі бар әлеуметтік қызметкер айына небәрі 155 мың теңге жалақы алады, ал қарапайым тазалықшы 87 мың теңге табыс табады. Балаларға арналған арнайы қолдау орталықтарында да жағдай ұқсас, қызметкердің айлығы 120 мың теңге төңірегінде ғана. Бұл сандар әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі ауыр болса да, еңбекақысы мардымсыз екенін көрсетеді. Жалақының аздығы мен әлеуметтік қорғаудың әлсіздігі салдарынан бұл салаға білікті мамандарды тарту қиынға соғып отыр. Осы бейімдеу орталығының қызметкерлері де дәл осындай түйткілдерді көтеріп, өз ұсыныстарын білдірді.

Орталықтағы қызмет алушы тұрғындар өз тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің бірқатар жақтарын оң бағалады. Әсіресе, жеке басын куәландыратын құжаттарды қайта қалпына келтіру және рәсімдеу жұмыстарының жүйелі жолға қойылғанын ризашылықпен айтты. Мұндай орталықтарда тұрғылықты жері жоқ адамдарға құжаттандыру және құқықтық көмек көрсету – өмірге қайта бейімдеудің басты қадамы саналады. Мысалы, республикадағы осындай бейімдеу мекемелері қызмет алушылардың жеке куәліктерін жасап, жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге тікелей көмектеседі. Шымкент қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығы биылғы 11 айдың ішінде 42 адамның жеке тұлғасын анықтайтын құжаттарын рәсімдеп, 5 азаматқа зейнетақы тағайындалуына, 8 азаматқа мүгедектік жәрдемақы алуына ықпал еткен. Қызылордадағы орталықта да дәл осындай жұмыстар тұрақты атқарылып келеді, қызмет алушылардың көпшілігіне жеке куәлік пен ЖСН алу, қажет жағдайда бұрынғы құжаттарын қалпына келтіру, медициналық тексеруден өткізу, әлеуметтік жәрдемақылар мен қызметтерге қол жеткізу ісінде мекеме жан-жақты жәрдемдеседі.

2023 жылы орталықта барлығы 143 қызмет алушы болған. Оның 45-і алдыңғы жылдан ауысса, 98-і жаңадан қабылданған. Сол жылы 102 адам шығарылып, олардың 134-і ер, 9-ы әйел болған. Құжаты барлар – 125, құжаты жоқтар – 18 адам. 2024 жылы қызмет алушылар саны 127-ні құрап, оның 41-і 2023 жылдан ауысқан, 86-сы жаңадан келген. 84 адам шығарылған, ерлер – 119, әйелдер – 8, құжаты барлар – 115, құжаты жоқтар – 12 адам. 2025 жылдың алғашқы алты айында орталықта 82 адам тіркелген, оның 43-і өткен жылдан ауысқан, 39-ы жаңадан қабылданған. Осы кезеңде 43 адам шығарылып, ерлер – 75, әйелдер – 7, құжаты барлар – 73, құжаты жоқтар – 9 адам болды.

Кездесуде сөз алған қызмет алушылар орталық мамандарының жанашырлығын атап өтіп, құжат мәселелерін шешуге ұдайы көмектесіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге, орталықта тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, қоғамға бейімделуіне қажетті ақпарат беру ісі де жолға қойылған. Орталық мамандары әр азаматтың жағдайын жеке зерделеп, туу туралы куәлігінен бастап, зейнетақы шотына дейін реттеуге тырысады.

Қызылордадағы әлеуметтік бейімдеу орталығы – үй-күйсіз қалған, тағдырдың ауыр сынағынан өткен азаматтарға өмірге қайта қадам басуға мүмкіндік беретін маңызды мекеме. Мұнда көрсетілетін уақытша баспана, тамақ, медициналық және құқықтық қолдау – тек алғашқы көмек қана емес, адамның өз орнын қоғамнан қайта табуына жол ашатын жүйелі жұмыс. Ең бастысы – бұл кездесуде адам тағдырына бейжай қарамай, әрбір азаматтың қоғамға қайта қосылуына жағдай жасау ортақ міндет екені тағы да айқындалды. Партия өкілдері айтылған ұсыныстарды тиісті органдарға жеткізіп, олардың орындалуын бақылайды. Мұндай жүйелі қадамдар бейімдеу орталықтарының жұмысын күшейтіп, ондағы әрбір жанның өмірін жаңа арнаға бұруға сеп болмақ.

Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!