2011 жыл. Шілде айы. Мал өрістен қайтып, күн ұясына батып бара жатқан уақыт. Құрдастармен көрші Сенбі көкенің қорасының артында бас қосып, көл басына баратын болып шештік. Ол кездегі ауыл жастарының ермегі – түнде балық аулап, демалыс ұйымдастыру.

Не керек, азын-аулақ тиынның басын құрап, жақын маңдағы дүкеннен керек-жарағымызды түгендедік. Сосын ауылдағы Бақытбек ағаға өтініш айтып, көлігімен жеткізіп салуын сұрадық. Әуелде нақты қай жерге баратынымыз белгісіз болған, ауылдан шыға келе шопыр ағам Қазалы ауданының шығыс беткейінде демалуға таптырмас «Домалақ» деп аталатын шағын көлдің бар екенін айтып, көлге қарай беттеді. Келісімен:

– Бүгін – құрдастың туған күні. Жігіттермен бас қосқалы жатырмыз. Кез келген уақытта қоңырау шалыңдар, келе қоямын. Тек қызып қалмасам болды, – деп жымиды да, асығыс кері қайтты.

Үзеңгілестермен арқа-жарқа әңгіме айтып, көл жағасына жайғастық. Айтса айтқандай-ақ, уақыт өткізуге қолайлы жер екен. Ық. Көл айналасы қалың қамыс. Құдды бізге дайындап қойғандай, бір беті ашық. Суат жер болса керек, ызыңдаған масаның дауысы маза бермей барады. Қоңыр салқын ауада терең тыныстаған Нұрбол:

– Масаға мән бермеңдер! Ақыл мен Арман отқа тамызық іздесін, Берік пен Айбол тамақ дайындауға кіріссін. Ал Ербол екеуміздің басқа жоспарымыз бар, – деп көл жағасына жантая кетті де әлгінде дүкеннен алған бірнеше шишаның біреуін ашып жіберді.

Әңгіменің қызығына бойлаған біздер астың қалай дайын болғанын да байқамай қалдық. Дереудастархан басына жайғасып, далада піскен қуырдаққа, одан соң шоқ бетіндегі картопқа қол салдық. Бір уақытта бірнеше бөтелкені қылқытып, масайраған жігіттер гитарамен қосыла ән шырқай бастады.

Түн ортасы болды. Кенет масадан мазасызданған бірнеше жігіт жан-жақтағы қамыстарды өртеуге көшті. Қалғандары қойдыра алмай әлек. Бірінен соң бірі тұтанған құрғақ қамыс әп-сәтте айналаны қызғылт түске бояды. Қамыс түбіне қоныстанған құстар жанұшыра дауыс шығарып, жан жаққа ұшты. Жігіттер аң-таң. Тілсіз жаудың тоқтайтын түрі жоқ. Сол сәтте бойларын қорқыныш билеген жастар үйге оралуға асықты. Кейбірі қарсы болып, Бақытбек ағаны тосуға үгіттеді.

Кенет Берік көлдің арғы бетіне қарап, тапжылмай қалды. Жанарымды сол жаққа салғаным сол- ақ екен, лаулаған оттың арасынан қарсы беттегі адам есімі жазылған бейіттерді көзім шалды. Денем суып, біреу төбемнен салқын су құйғандай күй кештім. Қорыққанымнан қатарласа орналасқан мазардағы жазуларды айқайлап, бар дауысыммен оқи бастадым.

Жігіттер жым болды. Барлығы үнсіз қаңтарылып қарап тұр. Ал Нұрбол:

– Достарым, қорымнан қорықпау керек. Қорыққанға қос көрінеді. Онда да жатқан біз секілді адамдар. Таңды атырайық, – деді масайрап. Өңі қуарып, аяқ қолы дірілдеген Берік:

– Жоқ, кері қайтайық! Болмайды. Көз алдыма түрлі жағдай елестеп барады, – деп тас қараңғыда күре жолдың бойына қарай беттеді. Бірінен соң бірі артынан еріп, қазан-ошақ, төсегіштер жайынақалды. Қара жолға жеткенде барлығымыз қорқынышты дауыстан жалт бұрылдық. Құдды біреу «Бейіт басын жын-ойнаққа айналдырдыңдар, тыныштығын бұздыңдар» деп айқайлап жатқандай… Көкке көтерілген от бізге бет алғандай… Мұндайды көрмеген көзім шарасынан шығып кетердей болып, ішімнен «Бісмілләмді» айтып, көлік тоқтата кеттім.

Қатарласқан жүк көліктері аялдап, ауданға жетіп үлгердік. Бір-бірімізбен қоштаспастан үйге қарай бет алдық. Ертесіне барлығын Сенбі атаға баяндап бердім. Сонда ақсақал: – Ақұдай-ау, бұл не қылғандарың? Шариғат бойынша тыйым салынған амалдар бар. Оның ішінде бейіт басында ұйықтауға, әзілдеп- қылжақтауға, пайдасыз бос сөздер айтуға болмайды. Сол секілді ішімдік ішіп, темекі шегу сынды жөнсіз іс жасамау қажет. Бұларың үлкен қателік болған екен. Бүгіннен қалдырмай кешегі жерге қайта оралыңдар! Арғы жағы мен айтпасам да белгілі, – деді.

Жігіттердің басын қосып, қарияның айтқанын айна-қатесіз жеткіздім. Үнсіздік… Жүрегі дауалап тұрған жан жоқ. Барлығының басы салбырап, жанарлары жер сүзген. Сәлден соң келіскен кейіп танытып, бірінен соң бірі бастарын изеді.

Түс ауа жолдастармен «Домалақ» көлге ат басын бұрдық. Жолсызбен жаяулатып, көл жиегін жағалай қорымға жетіп, түндегі бассыздық үшін Жаратушыдан кешірім сұрап, жерленгендердің әруағына құран бағышталды.

Айтпақшы, осы оқиғадан соң «Домалақ» көлдің басына қалың тоғай құратын бітік қамыс өспейтін болыпты.

А.БАҚЫТҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!