Фото: Синьхуа
Қытай астанасы Бейжіңде 26 шілдеден бастап нөсер жауын құйды, арты су тасқынына ұласты, деп хабарлайды Kazinform.
28 шілдеде қызыл дабыл жарияланып, тұрғындарға қажетсіз сыртқа шықпау, ал кәсіпорындарға қызметкерлерді жұмысқа шақырмау туралы ескерту жасалды. 29 шілдедегі соңғы мәліметтерге сүйенсек, Бейжіңдегі су тасқыны 30 адамның өмірін қиған.
Синьхуа мәліметінше, 28 шілде 24:00-ге дейін Бейжіңнің солтүстік-шығысындағы таулы аймақта орналасқан Миюнь ауданында жауын-шашын мөлшері 543,4 миллиметрге жетіп, 28 адам қаза тапты. Бейжің қаласы бойынша орташа жауын-шашын мөлшері 165,9 миллиметрді құрады. Солтүстік-батыстағы Яньцин ауданында екі адам қайтыс болды.
Зардап шеккен аймақтарда 31 жол бөлігі қирап, 136 ауылда электр қуаты үзілді, сондай-ақ қоғамдық байланыс инфрақұрылымы да айтарлықтай зақымданды. Қазіргі уақытта Бейжің қаласы бойынша 80 332 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Айта кетерлігі, зардап шеккен аймақтар әкімшілік жағынан Бейжің қаласына қарағанымен, негізінен ауылдық жерлерді қамтиды.
Дүйсенбі күні кешке, қаза болғандар саны жарияланар алдында ресми БАҚ Қытай басшысы Си Цзиньпиннің шенеуніктерге су тасқынына қарсы шаралар мен құтқару жұмыстарын күшейтуді тапсырғанын хабарлады.
Айта кетейік, ҚХР Су шаруашылығы министрлігі жанындағы Хайхэ өзенінің су шаруашылығы істері комитеті Луаньхэ өзенінде дүйсенбі күні болған тасқын елдің негізгі өзендерінің арасында 2025 жылы «нөмір бірінші су тасқыны» санатына жатқызылғанын хабарлаған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!