Жылды қорытындылап, жастардың жыл бойы еңбегін елеп, марапат мінберіне көтергендер қатарында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалы да болды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында өткен шараға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, түрлі сала өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Шара ұйымның жыл бойы жасалған жұмыстарына қатысты арнайы роликпен бастау алды. Мұнан соң «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Нұртайұлы кешті ашып, жастарға ризашылығын білдірді.
– Сыр жастарына деген сенім қай кезде де жоғары. Сол секілді қойылатын талап та аз емес. Себебі бүгінгі жас ертеңгі елдің келешегі. Сондықтан біздің жастар осал болмауы қажет. Осыдан 13 жыл бұрын мен жастар саясатында жүрген уақытта облыстық филиал «Үздік» атанған болатын. Ал жуырда ғана Әсетхан Баймұрза бастаған біздің белсенді жастарымыз ұзақ жылдан кейін бізге сол жетістікті қайта сыйлап отыр. Бұл үлкен еңбектің нәтижесі. Ал біздің тараптан әрдайым жастарға қолдау болады. Келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Әр шаңырақта қуаныш пен береке болсын, – деді ол.
Жуырда Астана қаласында «Жұмысшы жастар аманаты» атты республикалық форум өткен болатын. Аталған форумда елімізден іріктелген 10 жұмысшы маман ғана марапат төрінен көрінді. Ол – Абылай хан атындағы жоғары колледжінің өнідірістік шебері Жансая Абдуллаева. Арнайы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың «Құрмет грамотасымен» марапатталған жұмысшы маманды Жандос Нұртайұлы арнайы марапаттап, ризашылығын білдірді. Сол секілді арнайы келген Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Мұхамедәліұлы лебізін білдіріп, Сырдария және Арал ауданын «Үздік белсенді аудан» номинациясымен марапаттады.
«Жастар Рухы» Жастар қанатының жыл бойы шараларға бірлесе атсалыстқан серіктері бар. Солардың барлығы осы кеште марапат төрінен көрінді. Нақтыласақ, облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев пен Ержан Искендер және қалалық мәслихат депутаты Рүстем Ізтілеуов «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ, Есірткіге қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Көліктегі полиция департаменті Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімі, «Grand Master» бағдарламалау мектебі, «Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ, қалалық «Qosyl» жастар ресурстық орталығы КММ және 125 Qyzylorda 1 мектебін «Үздік әріптес» номинациясымен марапаттады.
Сонымен қатар «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Қазиханұлын Байқоңыр, Қазалы және Жалағаш аудандарына «Белсенді қызметі үшін» номинациясын табыстап, арнайы статуэткалар үйлестірді.
Кештің басты марапаты – «Үздік оқу орнындағы бөлімше» мен облыстағы «Үздік аудандық бөлімше». Жыл бойы жұмыстың нәтижесінде Қызылорда медициналық жоғары колледжі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Жаңақорған мен Шиелі аудандық бөлімшелері лайық деп танылды.
Ал «Жастар Рухы» ЖҚ-ның жыл белсендісі номинациясын мыңдаған белсенді арасынан үздік болған Қарақат Спартакқызы мен Ерұлан Алматұлы иеленді. Кеш соңында жастар ән салып, күй орындап, естелік суретке түсті.
А.ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!