Ұлттық ойындарымыздың философиялық мәні жоғары. Олардың әрқайсысы адам баласының бойындағы ерекше қабілеттерді оятады. Әсіресе, асық ойының түрлері ерекше мәнге ие. Бірі логиканы дамытса, енді бірі дәлдікті, мергендікті үйретеді. Тағы бірі – физика ғылымдарының әліппесін ашады. Соның ішіндегі бесасық ойыны бүгінде орта білім беретін мектептер арасында ерекше дамып келеді.
Өзім ұстаздық ететін Иван Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінде бесасық ойынын дамыту жолға қойылған. Ұлттық мектеп лигасының қалалық кезеңінде біздің шәкірттеріміз қашан да алдыңғы орында. Тұғырға қонып, жетістік желкенін керіп жүр. Ал облыс бойынша ІІ орын еншілеп, үздік үштікті түйіндеп, ІІІ орынға да табан тіреуде. Ал арамыздан үздік шыққан оқушымыз республикалық «Алтын сақа» олимпиадасында І орынның биігін бағындырды.
Мектеп қабырғасында осы ойыннан бағы жанып, талай шыңды еңсерген шәкіртіміз, бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Жанель Абдуғали мектепте оқып жүргенде республикалық «Алтын сақа» олимпиадасында ІІ орын жүлдегері атанды. Анель Болатбекқызы, Жания Мейрамбекова, Көркем Кемел тәрізді оқушыларымыз Ұлттық мектеп лигасында үнемі І орын олжалап келеді. Жалпы айтқанда, 7-8 жылдан бері қалалық кезеңдегі сайыстарда бірінші болып жүр. Қазақстан чемпионатының облыстық кезеңінде де олжасыз оралған емес. Бүгінде мектеп қабырғасындағы үйірмеге 12 оқушы қатысады.

Әлбетте, мұның барлығы тынымсыз ізденіс пен маңдай тердің, ақ, адал еңбектің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз. Осы бағындырған белестерді өзгелермен бөлісу мақсатында бесасық ойыны бағытында облыстық деңгейде ашық сабақ өткіздім. Қалалық деңгейдегі шеберлік сағатымда да тәжірибе жинаймын, тәжірибе алмасамын дегеннің әрбіріне жақсы дүние болды. Оны әріптестерімнің берген бағасынан білуге болады.
Қазақта «Ойынды ойлап ойнап, санамен ұт» деген керемет сөз бар. Асық ойынының әрбір түрінде де осы ұстаным кездеседі. Әсіресе, бесасық ойынында балалардың ойлау қабілетін арттыруға, логикасын дамытуға және мергендігін сынауға, шапшаң шешім қабылдауға үйрететін қырлар жетерлік. Ойынның әдепкі түрінде бес тас арқылы ойнаған. Домалақ тастарды жоғары атып, жердегі қос тасты алу немесе бір уыс тасты белгілі межеге қойып, шеберлікті сынау арқылы балалардың саусақ бұлшықеттерін шынықтырумен қатар, олардың есептік және логикалық қабілеттерін дамытқан.
Жоғарыда айтып өткендей, балалар бұл ойын арқылы мергендік қасиеттерін ғана емес, жылдам шешім қабылдау қабілеттерін де шыңдайды. Бұл ойындардың тағы бір артықшылығы – әр баланың дара тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға үлкен үлес қосуында.
Үміт ЕСЕНДІКОВА,
И.Панфилов атындағы
№5 мектеп-лицейдің мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!