Кешкілік жұмыстан қайтып, «Автоуправление» мөлтек ауданындағы тұрғын үйлердің арасымен жүріп келе жатқанмын. Бір сәтте оң жағымда үйілген қоқыстардың арасында жатқан бесік көзіме оттай басылды. «Қателесіп тұрған болармын» деп, жанына жеткенде қазақтың сол қара бесігі екеніне көзім жетті.

Басқа-басқа мұндай сұмдықты көремін дегенді мүлдем ойламаппын. Тіпті көз алдыма да елестете алмаймын. Бірақ мен көрдім. Абдырап, алқымыма өксік тығылып, көз алдыма бала күнгі әжем бесік жырын айтып, әлдилеген ауылдағы бесік елестеді. Қазақ қазақ болғалы сан ғасырды артқа тастап, бүгінге жеткен бесік – Отанның, елдің, туған жердің, отбасының рәмізі емес пе? «Алтын ұям – бесігім» деп жырлап, «Туған жер – алтын бесік» деп мақалдатып, «Бесігің тарылмасын!», «Бесігің тербетілсін!» деп бата қайырған біз үшін енді бесік не үшін керек болмай қалды?

Айналайын-ау, шыр етіп жылап, кең дүниенің есігін ашқан шақалақ алдымен мейірімге тербеліп, сосын бесікке бөленеді. Бұл – сан ғасырдан бері жалғасқан Ұлы дала халқының ең ұнамды үрдісі. Мейлі, қолданысқа қоларба мен манеж еніп, шала қазақ шаңырағында бесік азайып, бесік жыры айтылмаса да, бесік әлі күнге дейін ұмытылмады, жоғалмады. Не үшін? Себебі, ол қасиетті, киелі еді.

Қазақ ешқашан оны иесіз тастамаған, аяқпен баспаған, бүлдірмеген, қиратпаған, ескірген күннің өзінде тастамай, биік жерге іліп қойған. Өйткені бесікпен ұрпағың өседі, әулетің көркейеді. Өмірге келген жас нәрестені періштеге балаған, сондықтан да бесікті таза ұстаған. Жын-шайтан жоламасын деп аластап, қасқырдың тісін, тұяғын іліп, үкі қадаған. Бесіктің керек жабдықтарын кірлетпеген.

Бесіктің теріс жағына отырмайды. Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алады. Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын көтермеген, саудаласпаған. Баласының бесігін біреу сұраса, арнайы ырым-жоралғы жасап, жақсылыққа балап, тек сондан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған.

Бесікті қолдану, сәбиді бесікке салу, бөлеу, тербету қазақ халқы үшін баланың тыныштығын ойлау ғана емес, жаңа туған әр нәрестенің өз елінің бөлінбес бір бөлшегі екенін, өмір бойы еліне, жеріне телінген, онымен мәңгі бақи байланысты перзент екенін көрсету. Бесік – өзінің тазалығымен, бөлек микро климатымен, баланы жұбатуға ыңғайлылығымен бағалы. Жылап жатқан баланың бесік жырын айтқанда жұбана қоятыны, тіпті көңілдене түсетіні – ғасырлар бойы қалыптасып, атадан балаға ауысып келе жатқан ұлттық қасиетіміз.

Бауыржан Момышұлының «Баласын бесікке бөлемейтін, бесігі жоқ елден қорқам, немересіне ертегі айта білмейтін әжеден қорқам, дәм мен дәстүрді сыйламайтын ұрпақтан қорқам» деп ескерткені белгілі. Ұлы бабаларымыздан «Тәрбие – тал бесіктен», «Төрде бесік тұрса, төре де басын иеді» деген ұлағатты сөздер қалған. Ұлы Мұхтардың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп, дабыл қаққанына да бір ғасырдың жүзі болды.

Әжем мен анамның «бала жататын бесік арбаны далаға иесіз тастамаңдар. Иесіз жатқан затқа жын үйір болады» деп айтқаны әлі күнге есімде. Бәлкім, сол бесікті тастаған жан да бала күні осы сөзді естіді. Бірақ неге мұндай үлкен қателікке барды? Бабаларымыз киелі санап, көзінің қарашығындай сақтаған асыл мұрамыздан безініп, жерінетіндей не көрінді? Киесінен қорықпады ма? Дәстүрінен ажыраған дүбәра екенін білді ме? Сұрақ көп, жауабы өзіне ғана аян. Менің білетінім, бұдан кейін бесік жыры айтылмайды бұл үйде.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!