Фото: stan.kz

Халық педегогикасы – сан ғасырлар бойы ата-бабамыздың жинақтаған тәжірибесі негізінде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлттық тәрбиенің жиынтығы. Бүгінде ұлттық тәрбиеміздің қайнар бұлағы саналатын бесік жырының ұрпақ сабақтастығындағы маңызы менмұндалап тұр. Алайда заманның ағымына қарай «Бесік жырының» тәрбиелік мәнін жете түсінетін аналар азаюда. Бала тәрбиесінде мәңгілік жырланатын тақырып «Бесік жыры» күрмеуі шешілмеген мәселе.

Іңгәләп бесікте жатқан сәбиге бесік жырының тигізер пайдасы сан алуан. Дегенмен оның басты қызметі – сазды әуен мен ырғақты сөзді бесік тербелесіне ыңғайластыра отырып, баланың рухани жан дүниесін байытып,санасына ұлттық тәрбиенің нәрін сіңіріп өсіру. Десе де бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда бесіктегі баласының құлағына бесік жырын құйып өсіретін аналар мен әжелер көп емес. Бұл өз кезегінде болашақ ұрпақтың халық педагогикасынан қол үзіп, ата тарихын ұмытып, ұлттық құндылықтарымыздың аяқ асты болуына әкеп соқтырады. Бұл туралы батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деп бесік жырының бала тәрбиесіндегі маңызының зор екендігін айтады.

Академик B.Бехтерев «баладағы невроз ауруының алдын алу үшін бесік жырын тыңдату керек» деген. Ал психолог В.Леутин «Бесік жырын тыңдау мидағы нейронның дұрыс дамуына түрткі болады» дейді. Америкалық ғалым С.Гроф «Beyond the brain» деген кітапта бесік жыры баланың психотерапиялық аурудан жазылуына ықпал ететінін ескертеді. Сондықтан бесікте жатқан сәбиді бесік жырының нәрімен сусындатып өсірудің маңызы зор. Алайда бүгінде көптеген ана баласының жанына ұялы телефоннан түрлі заманауи әндерді қосып қойып, өз тірлігімен айналыса береді. Бұл баланың тыныштығын қамтамасыз еткенімен, денсаулығына орны толмас зиян келтіретіндігін біле бермейтіні анық.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, қай кезде де өз замандастарынан озып алға шыққан, елі үшін қалтқысыз қызмет еткен, білімімен талай шыңды бағындырған біртуар тұлғалар балалық шағы туралы айта бастаса «Бала күнімде әжем мені жанына алып бесік жыры мен ертегілерді айтып ұйықтатып, қызық қисса дастандар мен батырлар жырын баяндап отыратын» деп жатады. Әжесі Зереден тәлім-тәрбие алған хәкім Абайдан бастап XX ғасырда халқымыздың шоқ жұлдыздарына айналған ұлт зиялыларының түгелдей дерлік дәстүрлі тәрбие мектебінен тәлім алғандығы анық. Оған мысал: Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында жастайынан аңыз-ертегі естіп өскенін айта келіп, әжесін өмір жолында кездескен ұстаздарының бәрінен де жоғары қояды. Сондықтан келешегіміздің кемел, болашағымыздың жарқын болуы үшін бала тәрбиесінде жетекші рөл атқаратын аналар мен әжелер сәбилерді бесік жырымен әлдилеп өсірсе дейміз.

Айару БАҚЫТҚЫЗЫ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педегогикалық жоғары
колледжі «Филология» бөлімінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!