Менің мамандығым – тәрбиеші. Яғни мектепке дейінгі тәрбие және оқыту. Тәрбиеші – ең алдымен, бала үшін білім нәрін құюшы ізгілік иесі, өмірлік тәжірибелерді үйретуші тәлімгер, адамгершілікке баулитын тәрбиеші психолог.

Адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәби кезінен бастап берілетін тәлім-тәрбиенің маңызы өте зор. Баланың тұлға болып қалыптасуына жауапты ең басты тәлімгері ата-анасы болса, одан кейінгі жанашыр да қамқор ұстазы болмақ. Мектепке дейінгі баланың негізін қалайтын орта ол – балабақша. Балабақша нағыз шыдамды, сабырлы, ұстамды қызметкерлердің еңбек ететін жері. Себебі әр үйдің бір-бір еркесінің көңілін тауып, оларға ыстық махаббатын төгіп отыру да – оңай жұмыс емес.

Тәрбиеші мамандығы ежелгі Грецияда пайда болған. Ол кезде бала тәрбиесімен арнайы – бала тәрбиешісі айналысқан. Ол тек сәбиге қараған. Оны барлық жерде ертіп жүретін. Мамандығының аты осыдан қалыптасса керек. Қалған уақытта тәрбиеші баланың дамуын қадағалап, қауіп-қатерден қорғап, өмірге деген көзқарасын қалыптастырды, баланың қабілеттерін, іс-әрекеттерін және жалпы оның мінез-құлқын дамытты. Көптеген ғасыр өтті, бірақ тәрбиешінің қызметі маңыздылығын сақтап қалды.

Ал қазіргі тәрбиеші қандай болуы керек, оның қазіргі әлемдегі қызметі қандай? Тәрбиешіге қойылатын талаптар өте жоғары. Заманауи тәрбиеші шыдамды, ізгі ниетке толы, толерантты, жақсы оқыған, білімді болуы және заман ағымымен бірге жүретін қасиеттерге ие болуы қажет.

Қазақстанда білім беру саясаты – адам өмірі мен денсаулығы, жеке тұлғаның еркін дамуы, еңбексүйгіштік, азаматтық ізгі қасиеттерге, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, патриотизмге, табиғатты қорғауға, отбасына деген сүйіспеншілікке баулу. Осыған орай 2021 жылы 15 наурызда бала құқықтары туралы конвенцияның нормалары ескеріліп, балаларды оқыту мен тәрбиелеу талаптарының өзгеруіне және өзекті ғылыми деректерге сәйкес мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды трансформациялау үшін қажетті өзгерістер бағытын айқындайтын «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін бекіту туралы» қаулының 2-тарауының 11-тармағында «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесінде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер бар» деп 11 кемшілікті атап көрсетіп, педагогтер белсенді зерттеуші және балалармен жұмыс істеудің жаңа нысандарын жасаушы, жаңашыл және жауапты болуы тиіс» делінген.

XXI ғасыр тәрбиешісі – рухани дүниесі мен ақылы, ой-өрісі терең дамыған, эстетикалық талғамы мен адамгершілік сапасын бойына сіңірген, көп тарапты әлеуметтік, психологиялық тұрғыда қалыптасқан, ақпараттық технологияларды меңгерген, коммуникативті, теориялық білімдері іс-тәжірибеге бағытталған, жаңашыл, стратег, педагогикалық әдеп дағдыларын бойына сіңірген, тапқыр, шығармашыл, бәсекеге қабілетті кәсіби әлеуеті дамыған педагогикалық үдерісті тиімді басқара алатын лидер болу өзекті мәселеге айналып отыр.

Тәрбиешіге қойылатын аталған міндеттер ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының «Педагогтік әдеп» және «Педагогтің міндеттері » деген 15-баптың 11-тармағында жан-жақты ашып көрсетілген. Мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісі негізгі үш бағытта: оқыту мен тәрбиелеу, оқу-әдістемелік және әлеуметтік-педагогикалық қызметтерді ұйымдастыруда кәсіби лидерлік әлеуетін дамыту ҚР Білім берудегі барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының 1-тарауының 9-ережесінде «құзыреттілік – оқу үдерісінде алған білімді, шеберлік пен дағдыны кәсіби қызметте практикалық тұрғыда пайдалана білу қабілеті» деп айтылған.

Тәрбиешілер елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеуші. Өйткені, жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін анасынан кейінгі сіңірушісі, үйретушісі. Тіл бала бойына ұлттық құндылықтар, дәстүр мен салт, ұлтымызға тән ізгіліктерді дарытады.

Мен бала кезімнен тәрбиеші болуды армандаған едім. Осы арманымды жүзеге асыру мақсатында қазіргі таңда Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығында білім алып жатырмын. Оқу орнында көптеген тәжірибесі мол мұғалімдерден дәріс алып, мамандығыма байланысты көптеген дүниелерді ұғынып жатырмыз.

Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Бауыржан атамыздың осы пікірі арқылы мен мамандығымның бүкіл адамзат үшін үлкен маңызға ие сала екенін түсінгендеймін.

Ұлы Абай «Баланы ең әуелі мейірім-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деп айтып өткендей, жас бүлдіршіндерге мейірім шапағатпен, Отанға деген, ана тілге деген құрметін нығайта отырып, оларға тура бағыт бағдар беру біздің тікелей міндетіміз екені айқын.

Болашақта өз мамандығым бойынша қызмет етіп, тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз деп санаймын.

Дильназ ДАВЛЕТ,
Текей батыр Қарпықұлы атындағы
жоғары колледжінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!