Өңірімізде білім сапасын арттыру және білім беру ұйымдарының қызметін заң талаптарына сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бақылау шаралары аясында білім беру мекемелерінің жұмысына жан-жақты тексеру жасалып, нәтижесінде бірқатар нақты шешімдер қабылданды. Бұл туралы бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова мәлімдеді.

– Білім сапасын арттыру – біздің ең басты мақсатымыз әрі күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің бірі. Өңірімізде осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып келеді. 2025 жылдың 8 айында департамент тарапынан барлығы 157 мемлекеттік бақылау шарасы жүргізілді. Оның ішінде 97 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау, 49 балабақшаға қайта аттестаттау, 11 мекемеге рұқсаттық бақылау өткізілді. Бұл бақылау шаралары білім беру ұйымдарының жұмысына жүйелі талдау жасауға, олардың қызметін жетілдіруге және сапалы білім алуға барлық жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік аттестаттау барысында білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие үдерісі, материалдық-техникалық базасы, педагогтардың біліктілігі мен балалардың оқу жетістіктері жан-жақты қаралды. Сонымен бірге кешенді тестілеуге 48 мектептен 3696 оқушы қатысты. Бұл бізге білім сапасының деңгейін айқындауға, мектептердің әлеуетін бағалауға және алдағы уақыттағы даму бағыттарын нақтылауға мүмкіндік берді. Мұндай ауқымды шаралар білім сапасын жүйелі түрде арттыруға зор ықпал етеді.  Бүгінгі күні өңірде жаңа ашылып жатқан «Жайлы мектептерге» лицензиялар беріліп, оқушылар үшін заманауи әрі қолайлы орта қалыптастырылуда. Алдағы жоспар бойынша жыл соңына дейін 52 мектепке мемлекеттік аттестаттау, 20 балабақшаға қайта аттестаттау, сондай-ақ 4 мектепке талаптарға сәйкестікті тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бұл – білім беру жүйесінің сапасын арттырумен қатар, ата-аналардың сенімін күшейтуге де ықпал ететін маңызды қадам.  Сонымен қатар жеке мектептерді де назардан тыс қалдырмаймыз. Республика бойынша жекеменшік мектептердің шамамен 40 пайызы жалдамалы ғимараттарда орналасқан. Бұл өз кезегінде белгілі бір тәуекелдерді туындататыны анық. Сондықтан министрлік лицензиялық талаптарға өзгерістер енгізіп, білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі мен инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлмек. Мемлекет тарапынан сапалы білім беретін, балалардың құқығы мен мүддесін қатаң сақтайтын, заманауи талаптарға толық сәйкес келетін жеке мектептерді ғана қолдау жалғаса береді. Біздің басты ұстанымымыз – әрбір балаға лайықты білім беру жағдайын жасау, – деді Ғалия Ноғайқызы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!