Қазіргі қоғамда білімді ұрпақ тәрбиелеу – ең маңызды міндеттердің бірі. Әрбір елдің дамуында, мәдениеті мен өркениетінде жастардың алар орны ерекше. Бүгінгі білімді ұрпақ – болашақтағы ғылымның, экономика мен саясаттың қозғаушы күші. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды сақтайтын және оны келешекке жеткізетін буын. Білімді, саналы, жан-жақты ұрпақ қана еліміздің ертеңіне зор үлес қоса алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар мұны жақсы түсінуі керек және реформалардан шет қалмағаны абзал. Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет. Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші. Халқымыз қашанда жаңашылдыққа құштар болған. Әрдайым білімге, шығармашылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткен. Бүгінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азаматтардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәдени әралуандылығы ұлттық бірегейлігіміз бен қазақтың «жұмсақ күші» дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бір ауыз сөзбен қазақтың «жұмсақ күші», яғни «soft power» деуге болады» деді ол. Міне, ел Президентінің айтқан дағдылары еліміздің біршама мектебінде қазірден үйретілуде. Себебі білімді ұрпақ – елдің тұрақты дамуының негізі. Дамыған елдердің тарихына көз жүгіртсек, олардың жетістіктерінің негізгі күші білім мен ғылымда болған. Білім арқылы жастар жаңа технологияларды меңгеріп, өнеркәсіп саласын дамытуға және экономикада жаңа мүмкіндіктер жасауға үлес қоса алады. Бұл мемлекеттің әлемдік деңгейдегі орнын бекітіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мәселен, еліміздегі «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары жаһандық аренада ел намысын қорғап жүр. Әріден тартпайық, өңіріміздегі Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей- интернатының жетістігі ұшан-теңіз. Жақында ғана аталған оқу орнының 11 «А» сынып оқушысы Иса Ахмет Мысыр еліндегі Александрия қаласында информатикадан «IOI-2024» халықаралық олимпиадасынан қола жүлдемен елге оралды. 90 елден келген 350 қатысушының арасында білімінің арқасында жетістікке жетіп, ел мерейін үстем етті.

Иса Ахметтің бұл жетістігі бір күндік еңбектің көрсеткіші емес екені анық. Жылдар бойы төгілген тер, балалық уақыттың көп бөлігін ізденіске арнау, ұстаздың уақытын аялап, біршама дүниені үйрену. Осының бәрін үздіксіз жасаудың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бүгінде ол тек лицейдің ғана емес, барша Қызылорда облысының мақтанышы.

Информатика саласындағы жоғары нәтижелері оның болашақта IT индустриясында немесе ғылымның өзге де бағыттарында көшбасшы болуға деген қабілетін көрсетеді. Оның соңғы үш жыл ішіндегі республикалық, еуразиялық және халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері мұны айқын дәлелдейді. Ұстаздың еңсесін көтеріп, мақтаныш кернейтін сәті – шәкірт жетістігі. Тіпті өз баламыздан артық алаңдайтынымыз да рас. Ендеше, Иса Ахмет шәкіртімнің соңғы үш жылдағы жетістіктеріне шолу жасайын.

Ол 2022 жылы республикалық деңгейде алғаш рет үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, ұлттық деңгейде танымал бола бастады. Еуразиялық информатика олимпиадасында күміс медаль алып, жаһандық аренада дебютын сәтті бастады. Сол жылы республикалық информатика пәнінен жасөспірімдер олимпиадасы мен республикалық информатика олимпиадасынан қола медаль еншіледі. 2023 жылы ол бұрынғы нәтижелерін тағы да жақсартып, республикалық информатика олимпиадасында алтын медаль иеленді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі Жәутіков олимпиадасында қола медальға ие болды. Бұл халықаралық олимпиадаға тек Қазақстаннан ғана емес, шетелдік оқушылар да қатысып, жоғары бәсекелестікке толы болды. Ол өзін ең мықты информатика мамандарының қатарында тағы да дәлелдеп, еуразиялық олимпиадада бұл жолы алтын медальды жеңіп алды. Осы жыл – оның ең табысты жылдарының бірі. Республикалық олимпиадада қатарынан екі жыл алтын медаль жеңіп, бұл пәннен еліміздегі ең мықты оқушы екенін тағы да дәлелдеді. Халықаралық деңгейде Жәутіков олимпиадасындағы күміс және Халықаралық информатика олимпиадасындағы қола медалі оның әлемдік аренадағы орнын айқындады.

Иса Ахмет шәкіртімнің олимпиадалардағы жетістіктері тек білімге деген талпынысын ғана емес, оның табандылығы мен ерік-жігерін де көрсетеді. Әрі жарысқа мұқият дайындалып, жаңа білімдерді игеруге және алдыңғы нәтижелерін одан әрі жақсартуға ұмтылған. Оның осындай нәтижелерге жетуінде ата-анасының, мұғалімдерінің, сондай-ақ лицей басшылығының қолдауы да үлкен рөл атқарады.

Көп елде ағылшын тілі қолданыста екенін мойындау керек. Қазақ балалары да үш тілден аса тілде бұлбұлдай сайрап тұрса, оның үстіне бүкіл әлем білетін тілді жетік меңгерсе, керемет емес пе? Тіл білген тілегіне жететіні ақиқат. Шыны керек, қазақ тілді ақпарат қоғамда аз. Университетке оқуға түскенде академик, зерттеуші ғалымдардың беретін тапсырмаларын тиянақты орындау үшін тек қазақ тілін білу жеткіліксіз. Ақпаратты орыс-ағылшын тіліне аудару қажет. Сондықтан бұл тілдерді білу де қоғамда өз орнын табу үшін керек. БИЛ лицейі де ағылшын тілін қолға алған. Біршама шәкіртімнің бұл тілді жетік меңгергені туралы таңды таңға соғып айтуға болады. Ал, Иса Ахметтің ағылшын тілі деңгейіне қатысты біркелкі жауап жазу ұстаз ретінде маған сын. Өйткені қазақтың тума дарыны Абай Құнанбаевтың өлеңін, қара сөзін әрбір қазақ білу қажет дейміз. Оның өмірбаянын да оқу керегі сөзсіз. Мұхтар Әуезовтың 4 томдық «Абай жолы» романын бұрыңғылардан оқымаған қазақ жоқ шығар, сірә? Ал Иса Ахмет осы тарихи романды ағылшын тілінде оқып, түсінік айтқан жас өрен. Қазір жастардың аузынан кітаптың аты аталмайды, үні шықпайды. Қазақ кітабының жолын кесіп, көрінейін десе көлегейлеп отырған тас-табан тосқауылдар, халықтың тыныстауына жасалынып отырған жасанды кедергілер. Техника дамыған тұста, руханиятымыз әлсіреп жатқаны сөзсіз. Сол себепті шәкірттерімізге терең біліммен қатар, рухани құндылық енгізуіміз қажет. Осындай кезде білімді ұрпағымыз еліміздің байлығына айналады.

Кезінде бір ұстаздың үкілеп отырған үміті Иса Ахмет шәкіртім, енді ел мақтанышы. Жас дарынның алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жететініне сенеміз! Мұндай шәкірттеріміз көп болғай!

Нұрғазы ЖАПБАРОВ,
№9 дарынды балаларға
арналған облыстық
«Білім-инновация» лицей-
интернатының жоғарғы санатты
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,
педагог-шебер, Ы.Алтынсарин
төсбелгісінің иегері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!