Білімге құмар бала кішкентайынан қабілетін көрсетеді. Иә, расымен солай. №167 орта мектептің оқушысы, дарынды бала Хамида Марленқызы – сөзіміздің айқын дәлелі. Ол өзінің терең білімімен және ерекше қабілетімен көзге түсіп, мектеп ұжымының мақтанышына айналды. Оның үздік оқушы атануының сыры – тек қана жоғары бағалар емес, сонымен бірге білімге деген шексіз құштарлығы және күнделікті тынымсыз еңбегі.

Хамида – оқу үлгерімінде әрқашан тек бестік бағаға оқып, ерекше ынтасы әсіресе математика, информатика, ағылшын тілі пәндерінде айқын көрінеді. Ол мектепішілік «Алтын сақа» олимпиадасындағы ІІІ дәрежелі жүлдесінің иегері, «Ақбота» олимпиадасынан ағылшын тілі пәні бойынша жеңімпаз, сондай-ақ топтық робототехникадан аудандық, облыстық сайыста бас жүлдені қанжығасына байлаған. Ізденімпаз жас аудандық 2-7 сыныптар арасында өткен «Зерде» ғылыми жоба байқауының «Технология және өнер» секциясы аясында, еңбекке баулу пәнінен «Киіз басу өнері» тақырыбында топ жарып, облыстық сайысқа жолдама алды.

– Хамида – біздің мектептегі ең жарқын оқушылардың бірі. Ол – ерекше дарынды және еңбекқор қыз. Әрбір тапсырмаға жауапкершілікпен қарайды. Біз оның келешегінен зор үміт күтеміз, – дейді сынып жетекшісі Айнұр Тұрарқызы.

Алдағы уақытта Хамидаға облыстық ғылыми жобаға сәттілік тілей отырып, осы жетістіктерімен шектеліп қалмай, болашақта да биік белестерді бағындыратынына сенеміз.

Нұрбала ІЛИЯСОВА,
№167 орта мектебінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!