Мектеп – әр адамның жүрегінде ерекше орын алатын, өмірдің алғашқы баспалдағы саналатын қасиетті шаңырақ. Адам баласы ең алғаш өмірді тануды осы мекемеден бастайды. Қолына қалам ұстатып, әріп пен цифрды үйретіп, дүниетанымын қалыптастыратын – мектеп. Бұл білім ордасы тек білім берумен шектелмейді, сонымен қатар адамгершілікке, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді. Сондықтан да мектеп – білімнің ғана емес, бүкіл өмірдің кілті деуге толық негіз бар.

Мектеп қабырғасында өткен әрбір сәт – оқушы үшін баға жетпес естелікке айналады. Таңғы қоңырау үні, алғашқы партаға отырған сәт, ұстаздың жылы жүзі, достармен өткізген қызықты сәттер – мұның бәрі өмір бойы жадыңда қалары анық. Бұл кезең – тек оқып, білім алатын уақыт емес, сонымен қатар тұлға болып қалыптасатын шақ. Адамның мінезі, дүниетанымы, болашаққа деген көзқарасы осы кезеңде қалыптасады. Демек, мектеп өмірдің іргетасын қалайтын маңызды орын.

Ұстаз – мектептің жүрегі. Мұғалімдер – оқушының бағыт-бағдарын айқындап, өмір жолына жетелейтін жандар. Олар тек пән үйретіп қана қоймайды, сонымен қатар шәкіртінің жан дүниесін түсініп, рухани демеу бола біледі. Әр баланың бойындағы қабілетті байқап, оны білу – шынайы ұстаздың еңбегі. Жақсы мұғалім оқушыны тек білімді ғана емес, саналы азамат етіп тәрбиелейді. Сол себепті де ұстаздың рөлі – айрықша.

Білім – адамның өмір бойғы серігі. Білім арқылы адам өз арман-мақсатына жетеді, қоғамда өз орнын табады. Ал білімнің бастауы – мектепте қаланады. Қазіргі заманда ғылым мен технология қарқынды дамып жатыр. Осындай бәсекеге толы кезеңде әр адам үздік болуға, білімі мен біліктілігін арттыруға ұмтылуы қажет. Бұл ретте мектеп қабырғасында алған білімнің орны ерекше. Мықты негізі бар адам ғана болашақта биік шыңдарға жете алады.

Мектеп – тек оқушылар үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де маңызды орын. Себебі мұнда елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиеленеді. Қоғамның дамуы да, елдің көркеюі де сапалы білім мен тәрбиеден басталады. Сондықтан мемлекет тарапынан білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи технологиялар, жаңа бағдарламалар, цифрлық білім беру жүйелері енгізіліп жатыр. Алайда бұлардың бәрі ұстаздың жүрегі мен ықыласын алмастыра алмайды. Қандай жаңалық болмасын, шәкірт пен ұстаз арасындағы рухани байланыс басты орында қала бермек.

Сондай-ақ мектеп оқушының бойындағы жасырын таланттарды ашуға үлкен мүмкіндік береді. Спорттық жарыстар, ғылыми жобалар, шығармашылық байқаулар арқылы оқушылар өз қабілеттерін жетілдіріп, жан-жақты дамиды. Әрбір баланың дарыны әртүрлі, ал мектеп осы әртүрлілікті қолдай отырып, олардың жарқырап шығуына жағдай жасайды. Мектеп қабырғасында табылған хобби кейін болашақ мамандыққа айналуы да ғажап емес.

Қазіргі уақытта көптеген түлектер мектепке үлкен алғыс сезімімен оралып, өздерінің жетістіктерін алғаш білім алған ордасымен байланыстырады. Олар: «Мектеп болмаса, мен болмас едім» – деп жиі айтады. Бұл сөздің түп-төркінінде мектептің өмірлік жолдағы маңыздылығы жатыр. Шынында да, өмірде биік белестерге жеткен әрбір адамның артында білім берген ұстазы, тәрбиелеген мектебі тұрады.

Қорытындылай келе, мектеп – тек оқу орны ғана емес, үлкен өмірге дайындықтың алтын ұясы. Мұнда тек пән үйретілмейді, адамдық қасиет, достық, патриоттық сезім, жауапкершілік сынды құндылықтар қалыптасады. Білімнің кілті – мектепте екені сөзсіз. Сондықтан әр оқушы мектепте өткен күндерін қадірлеп, алған білімін өмірде орынды пайдалана білуі тиіс. Мектеп – өткеннің естелігі, бүгінгі тірегіміз, болашаққа апарар жолдың бастауы!

Маржан БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
Абай атындағы №138 орта
мектептің 11-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!