Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері балаларды асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға беруге ниет білдірмейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларда тәрбиелеу ісіне баса назар аудару керек.
“Бас прокуратура мен Бала асырап алу жөніндегі агенттік жағынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде, тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталды. Өйткені әр балаға мемлекеттен ақша бөлініп отырады және ол аз ақша емес. Мысалы, балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 600 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін қаражат беріледі. Осы қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттасақ, бала үшін бұл әлдеқайда пайдалы болары анық», – деді Қарақат Әбден Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған сауалында.
Әбденнің сөзінше, қазіргі кезде жетімдер үйінің саны азайып келе жатыр, балалар үйінде 4916 жеткіншек бар.
«Өкілетті органдар кәсіби немесе фостерлік отбасыларды құру жобасын қолға алған. Бұл жоба да еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай?
Ал балалар үйіне тоқталсақ, олардың жұмыс бағытын өзгерту керек деп санаймын. Әрине, жетімдерге пана болған балалар үйін мүлдем жауып тастау дұрыс емес. Себебі, ауыр дертке шалдыққан балалар бар, олар көп жағдайда балалар үйінде қалып жатады. Демек, балалар үйінің жұмыс жүйесін осындай бүлдіршіндерге көмек көрсететін сауықтыру орталығы ретінде қайта қарастырған жөн. Сондай-ақ асырап алған балаларды жетімдер үйіне кері қайтаратын жағдайлар да бар, бұл көрсеткіш шамамен 18 пайызды құрайды. Бұл жағдайды да ерекше бақылауға алу керек», – деді депутат.
Оның пайымынша, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларда тәрбиелеу ісіне баса назар аударып, оларды асырап алу бойынша жаңа тетіктерді қарастыруды және фостерлік отбасы жобасы толыққанды іске қосылғанша, жетім балаларға тиісті жағдайдың жасалуына ықпал етуді сұрады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!