Адам баласы өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетеді. Кейбірі жалғыздықты ұнатса, енді бірі көпшілік қауымның ортасында өзінің жалғыз емес екенін сезінгісі келеді. Жалғыздық – қорқынышты. Өмірден дос іздеу – міндетіміз.

Әрбір адам баласы өмірде қиналғанда қасынан табылатын, қысылғанда демейтін, барын асырып, жоғын жасыратын адал досы болғанын қалайтыны анық. «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын» деп текке айтылмаса керек-ті. Ал, сіз, бүгінгі таңда достықтың бар екеніне сенесіз бе?

Қазіргі көзқарас бойынша адамдар бір-біріне сенуден қалған. Сенгісі келсе де, ішінде бір күмән тұрады. Сол себепті де достық ұғымының ауқымы тарылған деседі. Бірақ достыққа берік, досы көп жандар да бар. Ұзақ достық ол бала кезден басталады десек қателеспейміз. Ескі доспен кездескенде, есіңіз шығып қуанатыныңызды еске түсіріп көріңіз. Расында, ескі достар, бала кезде бірге ойнап, бір күлген бал күндердегі жолдасыңыз. Ескі дос һәм жаңа дос деп бөлуіміздің өзінде күдік жатқан жоқ па?

Кейбір жанның пікірі тіптен қызық. Олардың ойынша достық дегенді қиын күндерде қасыңнан табылып, тілектес болу. Арман-мұратыңызға тілектес болуды қалайтын адамды да дос деп қабылдау керек дейді. Бағалауға лайық пікір. Қанша адам болса, сонша көзқарас бар.

Қазақ халқы “Досы көппен сыйлас, досы азбен сырлас” немесе “Ақылды дұшпаннан қорықпа, ақымақ достан қорық” деу арқылы достықтың қаншалықты маңызды екенін айтқан. Досыңыз көп пе, жолдасыңыз ба? Жолдастық пен достықтың аражігін ажырата алмауымыздан оның бағасын төмендетіп аламыз. Достыққа адалдық керек. Оған адал болам десеңіз, өзіңіз дос бола біліңіз. Ең бастысы – сенім. Досыңызға өзіңізге сенгендей сеніңіз. Сыйлы бо­лыңыз. Жақсы көріңіз. Сенім бар жерде ұлы достық бар. Оның арты өмірлік сыйластыққа ұласады.

Қарақат ЖАҚСЫЛЫҚ,

Айтбай Хангелдин атындағы

№179 орта мектептің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!