Миллиардтан асып кеткен Қытай халқы өздерінің ұлы ғұламасы Конфуцийдің бір өсиетін де жоғалтпай, елінің ұлттық саяси ұстанымы етіп, әлі күнге дейін құнын биіктетіп келеді. Егемендіктің көк байрағы желбіреген өз елімізде де ғұлама ақын, философ әрі психолог Абай тағылымдарын ұлттық идеологияның тірегіне айналдыра білсе, артық болмас еді.

«Толық адам» туралы ой-толғау маған үлкен әсерін қалдырды. «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деген нақыл сөзін әрдайым жадымда ұстаймын. Абай өмірі халық өмірімен тығыз сабақтас. Біздің заманда да билікті халық үшін таңдайтын Абайға ұқсаған тұлғалар көптеу болса, онда қазір руханият, экономиканың даму жағдайы мүлдем бөлек болар ма еді…

Өмірін «Қалың елім, қазағым» деп халыққа арнап, мыңмен жалғыз алысты. Тәуелсіз заманның мықты драматург-жазушысы ретінде мойындалып үлгерген Рахымжан Отарбаев «Абай: сот» пьесасын жазған еді. Құнын түсінгенге қымбат дүние. Оқып отырсам, драматург жастардың жағдайын, рухани мүгедектігін көріп қатты қиналғанын Абайдың өкініші ретінде көрсеткен. Шығармадағы «Өнерді үйреттім өңшең жасқа. Көлеңкесін көріп, ерсініп жүрген немелер сөздің сұйығына әуес, әуеннің даңғазасына құмар. Ақылы кем, жігері жұқана, уайымы жоқ пендеге өнер үйірсектейтін бе еді, тәйірі. Қай ғасырдың белесінде жүрсеңдер де, «қайран елім, қаза­ғым» де­ген дау­сым­ды естіп жүрерсіңдер» деген ақын сөзі есте­лікке ай­на­лып кеткен.

Қазақ әдебиетінде шоқтығы биік тұлға – Абай Құнанбаев мұраларын қай қырынан толғасаң да таусылмайтын тақырып. Қазақтың мақтанышына айналып, бағына біткен осы тұлғаның 175 жылдық мерей­тойы республика көлемінде аталып өтуде. Қарапайым ғана дәлел – әлеуметтік желіде Абай шығармашы­лығына арналған эстафеталар кең көлемде бірінен кейін бірі жалғасын тауып, «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» сынды үйлесімін тапқан ән мен өлең құдіреті насихатталды.

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол – ақынның білімсіз бейшарасы» дегендей ой тазалығы ақын үшін басты орында тұрғанын аңғартса, «Қисынымен қызықты болмаса сөз» деп жүрек пен ой тазалығына үндейді. Жүрек таза болса, әдемі ойлар шығады. Өлеңнің қисынын келтіретін, ғұмырын ұзартатын маңызды ойлар «жылы жүректі» адамнан шығатынына сенемін. Қос ғасырдың тоғысар тұсында заман тынысын, ұлт тұрмысының осал тұстары, кемшіліктерін Абайдай көре білген, біртуар тұлғадай таныған жан кемде-кем.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл берсеңіз… Ғылымсыз, білімсіз ешнәрсеге де қол жетпейді, онсыз мәдениетті адам боламын деу де құр әурешілік. Диплом алу үшін ғана оқитын, грант үшін оқуға түсетін, мамандығымен жұмыс істемейтін қазіргі жастарға айтылғандай. Қоғамда әр адам өзінің жақсы көретін ісімен айналысып, кәсіби біліктілігін арттырса, қазақтан асқан бай ұлт, бақытты қоғам болмас еді…

Үміт БАЙТАСОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!