Бүгінгі қоғамды интернетсіз елестету көкжиексіз аспанды көзге елестетумен тең. Қарым-қатынас, білім, жұмыс, көңіл көтеру – бәрі бір ғана желіге тәуелді. Таң атпай жатып телефонды қолына алатын адам баласы интернетті өмірінің бір бөлігіне айналдырып алған. Бірақ бір сәт елестетейікші. Егер интернет өшіп қалса…
Бәлкім, алдымен үрей билейтін шығар. Әлеуметтік желідегі хаттар жауапсыз қалар, жаңалықтан мақұрым боламыз, онлайн жұмысы барлар бір сәтте табысынан айырылады. Қоғамда қысқа уақыттың ішінде ақпаратсыздық орнап, мазасыздық туындайды. Бірақ біздің виртуал әлемге тым тәуелді болып кеткеніміз айқын. Ең қызығы, интернет өшсе, адамдар бір-бірінің көзіне тіке қарап сөйлесер ме еді? Ұзақ уақыттан кейін бір дастархан басында жиналып, шын мәнінде әңгіме айтуды қайта жаңғыртар ма едік? Кітаптың иісін аңсап, парақтарын шын ықыласпен парақтар ма едік? Әлде ішкі тыныштықты интернетсіз ғана табуға болатынын ұғынар ма едік?
Интернет – қуатты құрал. Бірақ ол адамды емес, адам оны басқаруы тиіс. Алайда қазіргі қоғамда бұл шекара өшіп барады. Біз әр сағат сайын экранға телміріп, уақытты емес, өмірді жоғалтып жатырмыз. Ал интернет өшкен бір сәт шын мәнінде өзімізге оралу мүмкіндігі болар. Мүмкін, интернеттің болмауы бізге шын қарым-қатынас пен шынайы өмірдің дәмін еске салар. Сол кезде біз уақыттың қадірін, жақын адамның құнын ұғынармыз.
Динара ЖҰМАДІЛ
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!