«Кішкене бойлы, қарны тойып тамақ жемеген, денесі арық, қара торы бала небәрі 17 жаста еді. Ескілеу келген, түгі түскен масаты жастыққа жантайып, әкесінің көзіне қарап жатып ұйқыға кетті. Әке жүрегі әлденені сезді ме, түс көріпті. Таң сәріде ерте тұрып, баласын оятып, «Балам түс көрдім, соғысқа менің батаммен аттансаң, он екі мүшең түгел, сау болып отбасыңа ораласың» деп батасын берген екен.

Бұл оқиғаны марқұм атам әкеме айтып отыратын, ал қазір әкем бізге бұл әңгімемен қоса атамыздың Ұлы Отан соғысына қатысып, көрсеткен ерліктері жайында еске алады.

1941 жылы атам ойланбастан Германияға соғысқа аттанып кеткен. Қыстың қақаған аязы, жаураған әскер. Үш мезгіл мұздай ботқа ғана жеген солдаттарға бір үзім қара нанның өзі аш қарынға жалғау болатындай. Өткен жылдан сыр шертіп, көзі көрген оқиғаны баяндағанда «Бір үзім қара нанды жемей, қолтығымызға қысып жүретінбіз. Қарын ашқанда кішкене ғана үзіп, таңдайға салып жалғау қыламыз. Соғыста жүріп бір үзім нан көрсең, соның өзі біз үшін қуаныш еді» деп атам көзіне жас алып отыратын.

Атам – Өмірзақ Досов 1923 жылы дүниеге келіп, 2003 жылы өмірден өтті. 1942 жылы Ашхабад жаяу әскери училищесін тәмамдап, бірден майданға аттанған. Сол жылдың қарашасында бірінші украиналық майдан құрамында Сталинградты қорғау соғысына қатысқан.

Бір үзім нанның қадірі

Соғыс кезінде атам барлық ұрыс майданында болып, ірі шайқастардың ортасында жүрді. Ол Варшава мен Будапештті азат етуге қатысып, Балатон көлі (Венгрия) маңында да соғысады. Атам жеңісті 1945 жылы немістің Дрезден қаласында қарсы алған.

Өмірзақ атамның көптеген марапаты бар. Қанды шайқас кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, «Берлинді алғаны үшін», «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» және «Будапештті азат еткені үшін», сондай-ақ «Жеңістің 25, 40 жылдығы» медалі бар. Оған қоса Польша мен Венгрияның бірқатар орден-медальдарын алған. Соғыс кезінде Өмірзақ атам үш мәрте жараланып, мина жарықшақтары денесінде мәңгіге қалды. Ол соғысты Совет армиясының мотоатқыштар полкінің аға сержанты шенінде аяқтады.

Ұлы жеңістен кейін үйленіп, сегіз баланы тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Осылайша атамыздан 26 немере, 33 шөбере тарады. Біз атамыздың ерлігімен әрқашан мақтанамыз!

Ақжүніс БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!