Қазақстан Республикасы Конституциясының алғашқы бабында еліміздің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары делінген. Сондықтан адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау – біздің мемлекетіміздің басты қағидаттарының бірі.
Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты қылмыстық-атқару жүйесіндегі қайта әлеуметтендірудімемлекеттегі қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесінде бірінші кезектегі маңызы бар деп белгілейді. Бұл институт сонымен қатар белгілі бір жағдайларда заңда белгіленген көмек түрлерінің: медициналық, білім беру, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер алудың көрсетілмеуіне байланысты проблемалардың болуымен сипатталады.
Жазаларды атқару мен өтеу тәртібін, шарттарын және қылмыстық-құқықтық реттеудің өзге де шараларын реттеуді жетілдіру, сондай-ақ сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту мақсатында қылмыстық-атқару заңнамасын одан әрі жетілдіру, оның ішінде оны жалпыға бірдей танылған халықаралық стандарттарға жақындату қажет.
Жалпыға бірдей танылған халықаралық стандарттардың ішіндеНельсон Мандела ережелері ерекше маңызды. Бұл ереже сот әділдігін орнату және тұтқындарға адамгершілікпен қарау жолындағықосқан үлесі үшін көрнекті құқық қорғаушы және Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Нельсон Манделаның құрметіне аталған.
Түрмедегі жағдайды жақсартуға арналған ережелер Мандела күрескен адамдық қадір-қасиетті құрметтеу, әділдік және адамгершілік қарым-қатынас принциптерге негізделген.27 жылын түрмеде өткізген Мандела түрменің не екенін, оның адамға әсері туралы жақсы білген. Ол апартеидке қарсы күрестің және бостандық пен әділдік үшін мызғымас еріктің символы болды.
2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы тұтқындармен қарым-қатынастың ең төменгі стандартты ережелерін, оның принциптері мен құндылықтарын көрсету,адам құқықтары үшін күресінің маңыздылығын көрсету үшін Нельсон Мандела ережелері деп өзгертіп, оның есімін мәңгілікке қалдыру туралы шешім қабылдады.
Бұл Ережелер тұтқындарға азаптаудан және басқа да қатыгез қарым-қатынастан қорғайтын адами қарым-қатынасты қамтамасыз етуге арналған.
Нельсон Мандела ережелері сотталғандардың, әсіресе әйелдер, кәмелетке толмағандар сияқты осал санаттардың құқықтарын құрметтеудің маңыздылығын атап көрсетеді және денсаулық сақтау қызметтеріне қол жеткізуді және отбасылық байланыстарды сақтау мүмкіндігін қоса алғанда, ізгілікті қарым-қатынастың негізін қамтамасыз етеді.
Нельсон Мандела ережелерінің басты ұстанымдары:
2-ереже: Мемлекеттерді әйелдерді ұстаудың тиісті жағдайларын қамтамасыз ету үшін түрме бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру кезінде тұтқындардың гендерлік ерекшеліктерін ескеруге міндеттейді.
11-ереже: Түрмедегілердің әртүрлі санаттары олардың жынысы, жасы, бұрынғы соттылығы, оларды ұстаудың заңды себептері және белгіленген режим түрі ескеріле отырып, бөлек мекемелерде немесе бір мекеменің әртүрлі бөліктерінде ұсталады. Мәселен, ерлер мен әйелдер мүмкіндігінше бөлек мекемелерде ұсталуы керек. Егер ерлер мен әйелдер бір мекемеде ұсталса, әйелдер мүлдем бөлек аумақтарға орналастырылуы керек.
Сотқа дейінгі қамауға алынғандар сотталғандардан бөлек орналастырылуы, қарызды өтемегені үшін сотталған адамдар және басқа да азаматтық істер бойынша тұтқындарды қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардан бөлек орналастырылуы керек. Сондай-ақ, Ережелер кәмелетке толмаған қылмыскерлерді ересектерден бөлек ұстауды көздейді.
58-ереже: Сотталғандардың сыртқы әлеммен, оның ішінде отбасы мүшелерімен қарым-қатынас жасау құқығын қамтамасыз етеді. Бұл балалары бар әйелдер үшін ерекше маңызды.
64-ереже: Әйелдерге арналған жеке бағдарламаларға баса назар аудара отырып, сотталған әйелдерді оңалту және оларды қоғамда өмір сүруге бейімдеу бойынша арнайы шаралардың қажеттілігін қарастырады.
Түрмедегі әйелдердің репродуктивті денсаулық, жүктілік және бала күтімі мәселелерін қоса алғанда, бірегей физиологиялық және әлеуметтік қажеттіліктері бар. Халықаралық ережелер түрме жүйесінің осы қажеттіліктерді ескеруін және әйелдерге, әсіресе балаларымен бірге түрмеде отыруы мүмкін аналарға тиісті жағдайларды қамтамасыз ету үшін әзірленген.
Мұндай ережелер бас бостандығынан айыру орындарында әйелдерге, әсіресе олардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, тең емес қарым-қатынастың алдын алуға көмектеседі.
Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өңірлердегі өкілдерінің басты міндеттерінің бірі -сотталғандарды түзеу мекемелерінде ұстау жағдайларына қатысты стандарттардың сақталуына және олардың құқықтарының қорғалуына мониторинг жүргізу.
Тұтқындардың қандай болса да қорғалуы тиіс, ажырамас құқықтары бар адам болып қала беретінін есте ұстаған жөн. Сондықтан Омбудсмен институты Нельсон Мандела ережелерін ұстанады және олардың тиісті органдар тарапынан сақталуын талап етеді.
Біз мәртебесіне қарамастан әр адамға лайықты және ізгілікті қарым-қатынас жасалатын әділетті жүйе құру үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің
Қызылорда облысы бойынша өкілі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!