Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік – Қазақстанның тұрақты дамуының берік тұғыры. Әртүрлі этнос өкілі мекендеген ел үшін өзара сыйластық пен татулықты нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы үш онжылдық бойы елдегі қоғамдық келісімнің институционалдық тірегіне айналып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарып келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асқан ауқымды бастамалардың бірі – Қызылорда қаласында «Достық үйінің» жаңа заманауи ғимаратының салынуы. Бұл нысан өңірдегі этносаралық ынтымақтастықты нығайтуға, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыруға және қоғамдық диалогты дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік-мәдени орталық ретінде бой көтерді. «Достық үйінің» ашылуы – Сыр өңіріндегі бірлік пен келісім саясатының жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын айқындайтын елеулі оқиға.

Бірлік пен сенімге бастайтын ортақ шаңырақ

Иә, апта бедеріндегі ауқымды әрі маңызды жаңалық – «Достық үйінің» салтанатты ашылуы. Рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Аян Зейнуллин, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева, құқық қорғау органдары мен жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде бірлік пен татулықтың ел дамуы үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бірлік – халықтың тұтастығы мен ырыс-ынтымағының, өзара үйлесімді қарым қатынасы мен қоғамдық келісімнің айқын көрінісі, мемлекет болып қалыптасудың басты алғышарты.

Облыс әкімі Қызылорда өңірінде бүгінде 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 11 этномәдени бірлестіктің ортақ мүдде мен бір мақсат жолында ел бірлігін нығайтуға жүйелі түрде атсалысып келе жатқанын жеткізді.

− Бірлік – халқымыздың тұтастығы мен ырыс-ынтымағының, үйлесімді қарым-қатынасының, татулығының көрінісі. Ел болудың бірден-бір алғышарты. Өңірімізде 30-дан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Ассамблея жанында 11 этномәдени бірлестік бір мүдде, бір мақсат жолында ұйысып, елдің бірлігін сақтау бағытында жұмыс жасауда.

Береке-бірлігіміздің ұйытқысына айналып, еліміздегі этносаралық достық пен бірліктің үлгісін әлемге танытқан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына өткен жылы 30 жыл толды. Бүгінде Ассамблея халқымызды бірлікке, достыққа үндейтін жалпыұлттық келісімнің негізіне айналды.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Өздеріңізбен бірге осы жерде жаңа ғимараттың іргетасын қалаған болатынбыз.

Міне бүгін, тарихи сәтте қайта қауышып, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен 3 миллиард 800 миллион теңгеге салынған «Достық үйінің» заманауи ғимаратын ел игілігіне табыстаудамыз, − деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар жаңа нысанның бой көтеруіне демеушілік жасағаны үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Қаршығаұлына, ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Бақытұлына алғыс айтып, сөзін әрі қарай жалғады.

Бірлік пен сенімге бастайтын ортақ шаңырақ

− Жалпыұлттық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің қайнар бұлағы – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында бой көтерген, достық пен келісімнің нышанына айналатын жаңа ғимарат баршаңызға құтты болсын! – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты рәсімде бірлік пен келісімнің нығаюына елеулі үлес қосқан Ассамблея мүшелері мен жаңа ғимаратты сапалы етіп салған мердігер мекеме өкілдері облыстың ең жоғарғы наградасы – Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марат Әзілханов, Мұрат Әбенов және Мейіржан Юсупов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.

Жаңа «Достық үйінің» пайдалануға берілуі өңірдегі этносаралық саясаттың инфрақұрылымдық тұрғыда нығая түскенін көрсетеді. Бұл нысан бірлік пен келісім идеяларын нақты іске айналдыратын қоғамдық алаң. Мұнда этномәдени бірлестіктер, ардагерлер ұйымдары мен азаматтық сектор өкілдерінің қызметі бір ортада тоғысып, өзара ықпалдастықты күшейтуге мүмкіндік алады.

Ғимараттың функционалдық құрылымы қоғамдық келісімді дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізуге бейімделген. Мәдени және рухани іс-шараларға арналған кең залдар, шығармашыл жастармен жұмыс істейтін үйірмелер, даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге арналған медиация алаңдары, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық бағыттағы құрылымдардың қызметіне жағдай жасалуы – осының айғағы. Жаңа ғимараттағы 200 орындық концерттік, 50 орындық акт залдарында мәдени-рухани шаралар ұйымдастыруға болады. Мұның барлығы қоғамдық диалог мәдениетін қалыптастыруға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және жаңа бастамаларды қолдауға бағытталған.

Осы тұрғыдан алғанда, «Достық үйі» тек архитектуралық нысан ғана емес, өңірдегі азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыратын, этносаралық өзара сенім мен ынтымақтастықты тереңдететін маңызды қоғамдық платформа ретінде мәнге ие.

Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!