Фото: Видеодан скрин

Жоғарғы сот БАҚ беттерінде Бишімбаев пен Байжановтың ісі бойынша алқабилердің суреттерінің жариялануына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот отырысы барысында іске төрағалық етуші алқабилерді фото мен видеоға түсіруге, сондай-ақ олардың суреттерін таратуға тыйым салатыны туралы бірнеше рет ескертті. Тыйым қазылар алқасына қысым көрсетілмес үшін белгіленген еді. 

Бұл тыйымды бұзу сотқа қысым көрсету әрекеті ретінде қарастырылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес БАҚ арқылы сотқа ықпал ету белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

“БАҚ туралы заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарының иесі, таратушысы, бас редакторы, сондай-ақ таратылған материалдардың авторлары жазаға тартылады. Осыған байланысты сот кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту рәсімін бастады”, – делінген хабарламада. 

Іске төрағалық етуші жарияланған материалдарды алып тастауды бұйырды. Сонымен қатар оларды таратуға тыйым салды.

Мұндай фактілерді болдырмау үшін БАҚ өкілдері сот залынан шығарылды.

Жоғарғы сот азаматтарды сот төрелігін жүзеге асыруға әсер ететін кез келген әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Сотқа қысым көрсету әрекеттерінің жолы кесілетінін хабарлады.

9 сәуірде БАҚ алқабилерді фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратқан. Қазір сот суреттің таралуына қатысты тергеу тағайындады. Негізі алқабилерді көрсетуге қатаң тыйым салынған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!