Қазақстан боксшыларының қатысуымен өтетін 2026 жылғы жарыстар кестесі белгілі болды, деп жазады Egemen.kz.

Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.

Биылғы жылғы басты доданың бірі − Азия ойындары. Жапонияда 19 қыркүйек және 4 қазан аралығында өтетін құрлықтық бәсекеде еліміздің былғары қолғап шеберлері де сынға түседі. 

Сондай-ақ Моңғолияда 28 наурыз бен 11 сәуір аралығында ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты жалауын көтереді. 

Ал желтоқсан айында Сауд Арабиясында жабық ғимараттағы Азия ойындары болады.

Әлем кубогінің кезеңдері сәуір, маусым айларында Бразилия мен Қытайда өтсе, финал қараша, желтоқсанда Өзбекстанда болады деп жоспарланған. 

Сенегал астанасы Дакар қаласында 31 қазан және 13 қараша аралығында жастар арасындағы Олимпиада ойындары, 3-16 шілдеде Индонезияда 19 және 23 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионаты өткізіледі.

Шілде мен тамыз айларында 19 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты болса, 1-16 тамыз аралығында 15 және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер Өзбекстанда бас қосады. 

Қазақстанның 19 жасқа дейінгі боксшылары 8-15 наурызда Таиландта әлем кубогінде жүлдені сарапқа салады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!