Фото: Massaget.kz

Биылғы жыл ма? Биыл ма? Ағымдағы жыл ма? Massaget.kz «Қай нұсқа дұрыс?» айдары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, PhD ғылым докторы Жанат Асылханқызынан қайсы нұсқа дұрыс екенін сұрадық.

Биылғы жыл, былтырғы жыл, бүгінгі күн

Сарапшының сөзінше, биылғы жыл, былтырғы жыл, бүгінгі күн – қате жазылып, ағат айтылып жүрген тіркестер.

«Биыл» (бұл+жыл), «былтыр» (бір+жыл+дүр) және «бүгін» (бұл+күн) кіріккен сөздер саналады. Демек біз «бұл күнгі күн», «бұл жылғы жыл» деп қолданып жүрміз. Сондықтан олардың қасына «жыл», «күн» сөздерін тіркеп қолдану – үлкен қате.

Айта кетейік, кіріккен сөз дегеніміз – сыңарлары дыбыстық құрамын толық сақтамай немесе түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырау арқылы бір-бірімен мағына жағынан ғана емес, дыбыстық құрамы жағынан да кірігіп, ықшамдалып, біртұтас сөзге айналған сөздер», – деді маман.

Ағымдағы жыл, үстіміздегі жыл

Жанат Асылханқызы бұл тіркестер орыс тіліндегі «сегодняшний день», «этот год» деген тіркестердің тікелей аудармасы екенін, қазір көпшілік белсенді қолданып жүргенін айтты.

Аударма мәселесіне келгенде тағы бір мәселе бар. Бұл «ағымдағы жыл», «үстіміздегі жыл» тіркестеріне қатысты. Осы тұста филолог «ағымдағы жыл», «үстіміздегі жыл» деген тіркестерді қолданудан да аулақ болуға шақырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!