Бүгінгі оқушы жан-жақты. Бірі математикадан республикалық олимпиаданың жеңімпазы, екіншісі TikTok-та миллион көрілім жинаған автор. Бірі үш тілді еркін меңгерген, екіншісі кәсібін ашып үлгерген. Иә, шынымен де, біз – кереметпіз. Бірақ осы кереметтігімізді өзіміз мойындай алмай келеміз.
Жеке өзімнен бастайын. Кейде жақсы идея келсе де, жариялауға жүрексінем. «Кемшілік тауып қала ма?», «Достарым не дейді?» – осындай ойлар көп нәрседен бас таруға мәжбүрлейді. Шығармашылықпен айналысам десем, «мықтысырақ біреу бар шығар» деп өзімді тоқтатам. Осы сәттерде бір нәрсе анық сезіледі – сенімнің жетіспейтіні.
Қазір оқушыларға мүмкіндік көп сияқты көрінеді. Курс көп, бағдарлама көп, интернет қолда. Бірақ сол мүмкіндікті алуға, батыл қадам жасауға келгенде кідіріп қаламыз. Себебі бізді тым ерте ересек етіп қойды. Тестілеу, балл, рейтинг, «мамандық таңдап қойдың ба?» – деген секілді сауалдар… Бұның бәрі ішкі дауысымызды басып тастады.
Мұғалімдер мен ата-аналар «сен жасай аласың» дейді, бірақ біз сенбейміз. Бізді көп салыстырды. Бір тапсырмаға үлгермесек те, «пәленшенің баласы озып кетті» деген мысал дайын тұрады. Уақыт өте келе, өзімізді өзіміз ғана емес, өзгенің көзімен бағалауға үйрендік.
Бірақ бір нәрсе анық: біз жалқау емеспіз. Бізге тек демеу мен түсіністік қажет. Біреу біздің үнсіздігімізді түсінсе, біреу сенімсіздігімізгесебеп іздесе. Біз бір сәттік мақтауға емес, ішкі сенімге зәруміз. Өйткені шын мықтылық – өзіңе сенуден басталады.
Мен өзіме 100% сенемін деп айта алмаймын. Бірақ сенуге тырысып жүрмін. Біз кереметпіз. Иә, кейде сенімсізбіз. Бірақ біз өзгеріп келеміз. Және бұл ең маңыздысы.
Қорытындылай келе, менің көзқарасым – біздің бойымызда күш пен қабілет жетерлік. Бірақ сол күшті іске қосу үшін сырттан емес, өз ішімізден сенім іздеуіміз керек. Бізді тыңдайтын, түсінетін, салыстырмайтын орта болса – біз одан да биікке көтерілеміз. Өзімізге деген сенім – жүректегі ең үлкен күш. Ал егер сол сенімді бірге оята алсақ, біздің ұрпақтың болашағы мүлде жаңаша жазылады.
Анеля ЖҰМАБЕК,
№125 Ыбырай ұлттық мектебінің
11-сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!