Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?!
Н.Хикмет
– Қазіргі жастар орын беруді білмейді, ә?..
– Бұлардың жұмысы «қиын» ғой, шіркін… Қашан көрсең шаршау, өз аяқтарына өздері сүренеді де жүреді…
Бұл қоғамдық көлікте бір-біріне сүйеніп ұйықтап отырған студенттердің жанында тік тұрған орта жастағы қос тәтейдің әңгімесі. Расында ұйқысы шала, қоғамда белсенділігі төмен, білім-ғылым, әдебиет-мәдениет, өнер, спорт атаулының ешбіріне қызығушылығы жоқ жастар арамызда қаптап жүр. Тіпті мақсатсыз жүріс пе дерсің… Біз сонау мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап белгілі бір мамандық иелеріне еліктеп, «мен журналист боламын, мен мұғалім боламын, мен дәрігер боламын» деп өскен ұрпақтың соңғы буыны секілдіміз. Себебі бүгінде әне-міне түлеп ұшқалы тұрған оқушы түгілі, мектепті әлдеқашан тәмамдап, ЖОО-да оқып жатқан студенттен «осы мамандық жаныңның қалауы ма?» деп сұрай қалсаңыз әрбір үшіншісі селқос қарап, «негізі … болғым келмейді, балл жеткеніне түстім» не болмаса «ата-анамның кеңесімен таңдадым» дер еді. Сабағына шала ұйқымен шауып баратын студенттер мен жоғары сынып оқушылары, яки Мағжан сенген жастар «жалындап» тұрар шағында неге бойкүйез болып барады? Осы тақырыпта ой қозғап көрелік.
Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов «Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады» деген еді. Бірақ бүгінде жастардың бойкүйездікке бой алдыруы мен енжарлыққа етене жақындығы жиі айтылатын мәселелердің бірі. Дегенмен бұған түрлі әлеуметтік, психологиялық, экономикалық және мәдени факторлардың да әсері барын ескергеніміз абзал. Сондықтан аталған мәселенің себептерін талдап, шешу жолдарын қарастыру сіз бен біз үшін басты міндет.
– Қызылорда қаласында статистикалық мәліметтерге сәйкес 2024 жылы 358 235 халық болса, оның ішінде 101 020 адам 14-34 жас аралығындағы жастарды құрайды. Бұл қала халқының 28,1 пайызы. 2024 жылдың тамыз айындағы мәліметтерге сәйкес Қызылорда қаласында NEET санатындағы жастар саны – 2 489 құраған. Қалалық жастар ресурстық орталығының қызметін аталған жылы 8 130 жас пайдаланды. Орталық мамандарынан кеңес алған жастар саны – 4 015. Олардың сұранысына сай орталықта Wi-Fi желісі, коворкинг, спорт секциялары, креатив фото-видео студиясы, би залы, түрлі ұйымдарға арналған кабинеттер тегін қызмет көрсетуде, – дейді қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев.
Бұл қаламыздағы өткен жылғы көрсеткіш. Ал облыс көлемінде NEET санатындағы жастар саны бүгінде 5078-ге жетіп жығылған.
Шынында да «Жастар орталығынан» бастап кітапханаларда, көптеген мекемеде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі клубтар, үйірмелер жұмыс істеп, сайыстар мен іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Дегенмен мұнда келуші жастар қатары саусақпен санарлық. Жоқ, ұйымдастырушы тарап хабарландыру, құлағдар ету, шақырудан ешқашан жалыққан емес. Әлеуметтік желіде барлық платформада парақша жүргізетін орталықтар жас буынның қызығушылығын ояту үшін енді қайтпек керегін білмей дал.
– Қиын кезеңдер мықты адамдарды тудырады. Жақсы кезеңдер әлсіз адамдарды дүниеге әкеледі. Қазіргі уақытта жастарға керектінің бәрі бар. Тіпті ештеңе істемей, ешқандай іс-қимылсыз-ақ үйде отырып телефонмен тамағына тапсырыс берсе, есігінің алдына дейін әкеп беріп жатыр. Үйдегі тазалық, барлығы гаджеттің мойнында. Соның кесірінен бүгінгі жастар ештеңеге құлықсыз, енжар болып бара жатқандай менің ойымша. Барлығы дерлік әлеуметтік желіден тәлім-тәрбие алып жатыр. Батысқа қарайды, Еуропаға қарайды, басқа елге, басқа ұлтқа еліктейді. Түптеп келгенде өз салт-дәстүріміз ұмытылып, жасы үлкенге құрмет көрсету де қалып барады. Бірақ әлі де үміттімін. Түбі бір жақсылық болатынына сенемін, – дейді белгілі жаттықтырушы Мұхит Амантаев.
Бұл пікір көптің көкейінде жүрген көлдей сауалдың шет-жағасы ғана. Ақиқатында әрбірін жіпке тізіп айта берсек, алдыңғы буынның жастарға деген өкпесін өлшеп біту мүмкін емес. Дегенмен қай дәуірде болмасын алдыңғы буынның жас буынға көңілі толмайтыны тағы бар… Себебі неміс психологы Эрвиннің зерттеуі бойынша бүгінде бір ғасырда бес түрлі ұрпақ өмір сүріп келеді екенбіз. Атап айтсақ, белгілі бір жылдар аралығында дүние есігін ашуына қарай оларды бэби-бумерлер, миллениумдар, Z ұрпақ пен альфа ұрпақтар деп жіктеп қарастырамыз. Айналамызда он адам болса, он түрлі пікір, он түрлі көзқарас болуы заңдылық. Ал дәуір ауысып, ұрпақ алмасып жатқанда адамзаттың ойлау деңгейін орнықтыру, көзқарасын бір арнаға тоғыстыру әсте мүмкін емес.
– Әрине, жастарды жүз пайыз белсенді деп айта алмаймыз. Сәйкесінше барлығына бірдей бойкүйез деп те баға бере алмаймыз. Себебі шетел асып, ғылым жолында жүрген, халықаралық түрлі олимпиадалардан жеңіспен оралып жатқан жастар бар. Мәселен, біздің оқу орнымызда да жаһандық жарыстардан орын алып келіп жатқан студенттер бар. Олимпиада дейсіз бе, референдум дейсіз бе, сайлау дейсіз бе, жалпы елімізде не өтсе де бірінші болып күш салатын ол – жастар. Сондықтан мен жастарды жүз пайыз болмаса да, 70-80 пайызы белсенді деп айта аламын, – дейді Таңнұр есімді ҚазҰУ студенті.
Иә, сыңаржақ пікірмен көпке топырақ шашып, негізсіз айыптаудан аулақпыз. Мәселенің туындау себебіне майшаммен үңілсек ақиқатында бұнда жас буын ғана емес, тұтас қоғамның кінәсі барын байқаймыз.
Біріншіден, өмірлік мақсаттың, нақты бағыттың жоқтығы жас адамның бойкүйездікке түсуіне ықпал етеді. Қазіргі ағылып жатқан ақпараттар ғасырында жастарға көп мүмкіндік ұсынылғанымен, оларды таңдау қиынға соғады. Көп жағдайда өз бойындағы күш-жігерін қай салаға бағыттау керектігін білмейтін жас буын әртүрлі бағытқа шашырап, шаршап, нәтижесінде ешбірінде табысқа жете алмайды. Айналасындағы өзгерістерге бейімделе алмаған жас өз орнын таба алмай, енжарлыққа бой алдырады. Сондықтан оларға дер кезінде дұрыс бағыт-бағдар беру маңызды. Өзін-өзі тануға көмектесу арқылы олардың бойындағы қабілеттерін ашуға жағдай жасау қажет.
Екіншіден, бүгінде жастардың басым бөлігі көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді. Бұл виртуалды әлем олардың шынайы өмірден алшақтауына, өзін өзгелермен салыстырып, мотивациясын жоғалтуына әкеледі. Әлеуметтік желілердегі жалған идеалдар мен сән- салтанатқа толы өмір көріністері оларды өз мүмкіндіктеріне сенбеуге итермелейді. Осының салдарынан жас ұрпақ шынайы өмірде белсенді әрекет жасаудың орнына, әлеуметтік желілердегі жалған идеалдарға еліктеп, жалған өмірді көруге әуестенгіш. Әлеуметтік желілерді дұрыс бағытта қолдану арқылы оларды пайдалы білім алуға, жаңа дағдыларды игеруге үндеген жөн.
Үшіншіден, отбасылық қолдаудың аздығы немесе оның мүлдем болмауы – жастар енжарлығының тағы бір себебі. Көптеген жасөспірім ата-анасымен ашық сөйлеспейді, ішкі сезімдерін бөлісе алмайды. Сонымен қатар, қоғам тарапынан да жастардың дамуына жеткілікті көңіл бөлінбеуі олардың белсенділігінің төмендеуіне әкеледі. Жасөспірімдер ата-анасынан қолдау көрмесе, өздеріне деген сенімділіктерін жоғалтып, айналасындағылардан жырақтайды. Бұл мәселені шешу үшін ата-аналар мен мұғалімдер балалармен ашық сөйлесіп, психологиялық жағдайына мән беріп, олардың дамуына жағдай жасауы тиіс. Сондай-ақ, мектептер мен университеттердегі психологиялық қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру қажет.
Соңғысына тоқталсақ, енжарлық пен бойкүйездіктің ең көп кездесетін себебі қаржылай қиындықтар екенін жоққа шығара алмаймыз. Кейбір жастар жұмыс табуда түрлі қиындықтарға кезігеді, ал тапқан күннің өзінде айлық табысы төмен жұмыс оларды жігерсіздікке жетелейді. Бүгінде жоғары оқу орнын тәмамдаған жастардың барлығы бірдей өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы түйіні шешілмеген мәселеге айналып отыр. Бұл жағдай да олардың өмірге деген ынтасын азайтып, болашаққа деген сенімін әлсіретеді. Сонымен қатар кәсіп ашуға немесе өзін дамытуға мүмкіндіктің болмауы да бойкүйездікке алып келеді. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейтілуі тиіс. Арнайы гранттар мен мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігі жас буынның қаржылық қиындықтарды жеңуіне сеп болатыны күмәнсіз.
Қорытындылай келе айтарымыз, жастардың бойкүйездігі – қоғамның үлкен мәселелерінің бірі екені даусыз. Бұл құбылыспен күресу үшін жан-жақты жұмыс жүргізу керек-ақ. Мемлекет пен қоғам жастарды қолдауға барынша атсалысуы қажет. Сәйкесінше әрбір жас өзгеден көмек күтуді доғарып, өз өмірін мәнді-мағыналы, белсенді ету үшін алдына мақсат қойып, үздіксіз дамуға ұмтылуы керек. Егер жастардың дамуына дұрыс жағдай жасалса, онда оларды бойкүйездікке түсіретін түрлі себептің де азаятынына сеніміміз мол.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!