Ойлану… Кейде журналистің негізгі қызметі жазудан бұрын ойлану тәрізді көрінеді. Газеттің жаңа нөмеріне не жазамын деп ойланып жүру олар үшін қалыпты жағдай. Тек жұмыста ғана емес, үйінде шай ішіп жүріп, асханада кешкі ас дайындап тұрып, тіпті достарымен әңгіме айтып отырса да миының бір қатпарында әлі қағазға түспеген небір ой жүреді.

Әлгі ойына алған дүниесі газетке басылып, оқырманға жеткеннен кейін жаңағы ойлану процесі аяқталады деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі тілшілер келер аптада «қызықты не жазсам болады?» деп тағы да ойға шомып кете береді. Осы тұста қойылатын «мұндай үздіксіз жалғасатын ойлану кім үшін қажет?» деген заңды сауалдың бір ғана жауабы бар. Бәрі де бізді оқитын Оқырман үшін!
Сыр өңірінің ақпарат алаңына 2013 жылы қосылған «Ақмешіт жастары» газетінің екінші атауын «Еркіндік басылымы» деп атаса жарасады. Жастар саясатынан тыс, жағымсыз ақпараттан алыс, жылдар бойы қалыпқа түскен қоғамдық қағидалардан әрірек тұратын газет тура Жастардың өзі секілді. Еркін тыныстайды, ойындағысын ашық жеткізеді, қашанда көңілді, жаңаны үйренуге бейім, заман ағымы ұсынған қан­дай да бір мүмкін­дікке қолын созады. Қайсыбір құрбысы алға озса, тағы бір замандасы бәйгеден бірінші келсе де сүйіншіні алғаш болып жастар басылымының сұрайтыны да жасырын емес. Жарқ-жұлт еткен жаңалығы көп қазіргі сәттегі әрбір дүниенің жақсы-жаманын сараптап беруді де өз міндетіне алған газеттің жастардың жақын досы болуының бір сыры да осы.
«Ақмешіт жастары» газетінің жастар сұранысына сай болуына ықпал ететін бірнеше фактор бар. Біріншіден, аталған газет редакциясында тек жастар ғана қызмет етеді. Отызға да толмаған олар айына төрт мәрте шығатын газеттің жауапкершілігін үлкен сеніммен артқан соң, еске еріксіз «Шығыс жұлдызы» Ғани Мұратбаев түседі. Тарихи тұлғаның кемеліне жетпесе де, бар игіні оқырманға жеткізуге асыққан олардың еңбегі кейде толық көріне бермейтіні де рас. Әрине, редакцияда жастар ғана жұмыс жасасын деген талап жоқ. Бірақ жастардың айтарын замандасы болған соң тап басуға болатынын жоққа шығаруға болмайды.
Екіншіден, жастар басылымы жаңа өзгерістерге қадам жасаудан қорықпайды. Қоғамда маңызды саналатын 32 салалық тақырыпты қамтитын 20-дан аса арнаулы беттен оқырман өзі іздегенін таба алуы үшін түрлі тақырыпқа түрен салады. Жарыққа шыққанына биыл тоғыз жыл толатын газетте арнаулы беттер мен айдарлар негізгі мазмұнын сақтай отырып, әр қилы бағытта ауысып отырды. Мұның өзі оқырманды жалықтырып алмаудың әрі ағынсыз судай тоқтап қалмаудың төте жолы болғаны рас. Сонымен тоғыз жыл ішінде біз арнаулы беттер мен айдарларды қалай түрлендірдік? Алдымен газет беттерінің қазақша атауы жастардың қызығушылығына сай ағылшын сөздерімен алмасты. Мәселен, «Жаршы» − «News», «Айна» −«Jastar news»,«Үт» − «Pоzitive», «Дода» − «Sport», «Бағдар» − «Bizness», «Нысана» − Analysis, «Дауа» − «Medicine», «Талқы» −«Discuassin», «Текемет» −«IT», «Қамшы» − Actual, «Шамшырақ» −«Innovation», «Бота» − «School», «Тұғыр» − «Interview» болып беріле бастады. Ал «Шаңырақ» −«Otbasy», «Көмбе» −«Tarih», «Қоржын» −«Hattar», «Экономика» −«Economy» беттері латынша қаріппен ұсынылды. Одан бөлек, биыл газет беттеріне жаңа атаумен тағы бірнеше айдар қосылды. Жастардың саяхатқа деген қызығушылығын ескеріп − «Travel», кітапқұмар оқырман үшін – «Books», кино әлеміне бей-жай қарамайтындарға – Cinema, жаңа заманның сұранысына айналған «жан» тақырыбын түсінуге ұмтылатындар үшін − Psyhology беті жастарға жол тартты. Тағы бір айта кететін жайт, газет алғаш баспадан шыққан уақыттан 12 бет болып таратыла бастаса, соңғы бір-екі жылдықтың көлемінде D2 форматымен 8 бет болып қайта жаңғырды.
Алғашқы сәттен бастап газеттегі жастар тақырыбын жазу 5 критерийге бөлінді:

  1. Жастар ұйымдастырған іс-шараларды және жастарға қатысты мәселе көтерген дөңгелек үстел мен жиналыстарды ақпараттандыру;
  2. Көшбасшы, іскер, өз ортасында жетекші жастар жайында эссе, очерктер;
  3. Зияткерлік қабілетке ие, өнертапқыш жастардың жаңалығын жариялау;
  4. Қоғамдағы жастардың өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, киім киісі, т.б әдеп пен мінез-құлық мәселелері аясында ой-пікірлер;
  5. Дерек пен дәйек негізінде сараптамалық-талдау-журналистік зерттеу:
    Осы негізді назарға ала отырып, жастар газеті оқырман үшін сапаны жақсартуға барын салуда. Соңғы уақытта тек шығарма­шылық жұмыспен шектеліп қалмай, әлеуметтік желіде де белсенділік таныта бастаған газет енді виртуалды әлемде де жастармен бірге. Жылдам хабар алғызатын кезеңде қолдан келген мүмкіндікті пайдалана отырып, елдің түпкір-түпкіріндегі ғана емес, алыс-жақын шетелдердегі қазақ жастарымен тілдесуге уақыт табуда. Кез келген сәтте ақпарат қолжетімді болу үшін газет сайты үздіксіз жұмыс жасаса, фейсбук, инстаграм, твиттер, телеграмдағы парақшалар да соңғы жаңалықтан хабар беруге асық.

Жастар басылымының өзге басылымдардан ерек тұратын тағы бір артықшылығы бар. Ол – оқырманмен тығыз байланыс орнату мақсатында оқырманға арналған мақала жазу. Мақаланы оқыған сәтте әрбір оқыған адам өзіне ғана айтылғандай әсер қалдыратын бұл әдіс баспасөз тарихында бар дүние.
«Қара күз де болды. Даладан бойыңыз тоңазып келгенде жып-жылы үйде ыстық шай ішіп, дастархан басындағы емен-жарқын әңгімеден соң, диванға жайғасып, жаңа келген газет-журналдарды, соның ішінде «Ақмешіт жастары» газетін қарап, аймақ жастарының тіршілігін оқудың өзі ғанибет қой. Біз міндетті түрде газетке сіз оқитын дүние ұсынамыз. Ал сіздің бір жылға жазылуыңыз жеткілікті біз үшін. Алдағы жаңа жылда да бірге болайық. Алдағы уақытта да біздің әрбір жазбамыз, күні-түні ойланған еңбегіміз тек өзіңізге арналады, Құрметті оқырман!

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!